Жеті бағыт және алдағы міндет

84

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Оған құқық қорғау органдары, басқармалар мен аумақтық департаменттер басшылары, мәслихат депутаттары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, зиялы қауым өкілдері, жастар, онлайн байланыс арқылы Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдері қатысты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарла­ғандай, аймақ басшысы Жолдауда көрсетілген жеті бағыт бойынша тапсырма жүктеді.

– Мемлекет басшысы экономиканың сала­ларын жаңғырту үшін цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын жеделдетіп енгізу мәселелеріне ерекше тоқталды. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін қолданып, елі­мізді одан әрі өркендетудің, әлеуметтік-экономикалық, инновациялық дамытудың жаңа бағдары айқындалды. Жаппай цифрландыру арқылы отандық экономиканы әртараптандыру, кешенді түрде жаңғырту көзделген. Алдағы үш жылда Қазақстанды цифрлық елге айналдыру мақсатында нақты стратегиялық межелерді белгіледі.

Өңірге инвестиция тарту жұмыстары тек кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен ғана шектеліп қалмауы қажет. Қала, аудан әкімдіктері мен әрбір басқарма өз салалары бойынша қарқынды жұмыс жасауы тиіс. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, 2026 жылға негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін бекіту үшін ұсыныс беріңіздер.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасауда арнайы экономикалық аймақтың маңызы зор. Жаңадан қолға алынған жобаларды күнделікті бақылауда ұстап, сүйемелдеу қажет.

2025-2027 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту жол картасына енгізілген жобалардың уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етіңіздер.

Ауыл шаруашылығы мақса­тын­дағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруда облысқа бекітілген межені 100 пайыз орындау қажет. Су ресурс­тарының бірыңғай платформасын жасау жұмыстарын пысықтаңыздар. Су үнемдеу технологияларын қол­дануды ұлғайтуға бөлінген қаржыны мақсатты, мерзімінде игеруді тап­сырамын.

Облыс аумағынан өтетін жол құрылысы жұмыстарының уақытылы басталуын бақылауға алыңыздар. Салынып жатқан, алдағы уақытта са­лынатын нысандардың құрылысын «Е-Құрылыс» ақпараттық платфор­масы арқылы жүргізу керек.

Түрлі қаржы институттары ар­қылы жобаларды сүйемелдеу, ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта кәсіпорындарды дамытуды жалғастыру – өте маңызды жұмыс.

Жолдауда айтылған мәселелердің бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту. Бұл орайда нақты ұсыныстар енгізіңіздер.

Мемлекет басшысы Жолдауда әлеуметтік көмекті тек нағыз мұқтаж­дарға бағыттауды тапсырды. Бұл жұ­мыстарды заң аясында жалғастыруды тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Жиында патриотизм ұғымының жаңа сипаты, жастар үшін жасам­паз­дық пен жаңашылдықты отаншыл­дықтың басты көрсеткішіне айнал­дыру туралы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Қызылорда облысының құр­метті азаматы Мұрат Бақтиярұлы, өңірге инвестиция тарту жайында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, су мәселесін шешуде атқа­рылған жұмыстар туралы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанбек Тәуіпбаев сөз сөйледі.

Сондай-ақ «Абзал и К» ЖШС коммерциялық директоры Сағидулла Сыздықов агроөнеркәсіп саласын, агрохабтарды дамыту, саланы цифр­ландыру, өнімдерді терең өңдеу туралы, Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университеті ректорының мін­детін атқарушы Майнұр Бөрібаева цифрландыру, жасанды интеллект бағытындағы жұмыстар мен мін­деттер туралы баяндама жасады. Ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, жас­тарды рухани қолдап, бағыт-бағдар беру жайында «Қоғам ТВ» теле­арнасының құрылтайшысы, Қазақ­стан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шакизада Әбді­кәрімов өз ойын ортаға салды.

«СБ» ақпарат