Кеше облыстық мәслихаттың кезекті ХХІ сессиясы өтті. Сессияға облыс әкiмiнің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық және аумақтық басқарма басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатысты.
Күн тәртібінде 7 мәселе қаралды. Атап айтқанда, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшыларының есебі тыңдалды. «Азаматтық қызметшілер және ауылдық жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесін айқындау туралы», «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы», «Қызылорда облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы» облыстық мәслихаттың шешімдеріне өзгеріс енгізу, экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның есебін тыңдау, әкімшілік-аумақтық құрылыстың кейбір мәселелері талқыланды.
Айта кету керек, сессия алдында өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында күн тәртібіне ұсынылған мәселелер егжей-тегжейлі қаралған болатын. Соған сәйкес депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, тиісті шешімдер қабылданды.
Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов жиын барысында мәслихатта атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, билік пен халық арасында дәнекер болып, елдік мәселелерді қозғап, іргелі істердің орындалуына ықпал етіп жүрген депутаттардың алдағы уақытта да Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін аянбай жұмсай беретініне сенім білдірді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<