Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар адамзат тіршілігінің барлық саласына дендеп енді. Экономикадан бастап, денсаулық сақтау, көлік, қаржы, ауыл шаруашылығы және білім беру секілді салаларда адам өмірін жеңілдетіп ғана қоймай, болашақ өркениеттің тірегіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Әлем мемлекеттері осы үдеріске ілесіп, заманауи технологиялар арқылы өз әлеуетін арттыруға ұмтылып жатыр. Мәселен, OpenAI денсаулық сақтау мәселелеріне арналған платформаның арнайы бөлімі – ChatGPT Health іске қосылғанын жариялады.
Компанияның мәлімдеуінше, жаңа мүмкіндік медициналық көмекті алмастыруға емес, пайдаланушыларға деректерді талдауға және денсаулық сақтау мамандарымен сөйлесуге дайындалуға көмектеседі.
Нақтырақ айтқанда, пайдаланушылар «Денсаулық» бөлімінде Apple Health, MyFitnessPal және т.б. денсаулық және фитнес қолданбаларының медициналық жазбалары мен деректерін қоса алады. Бұл оларға жеке жауаптар алуға, сынама нәтижелерін түсінуге, дәрігердің қабылдауына дайындалуға, тамақтану мен жаттығуларға қатысты ұсыныстар алуға мүмкіндік береді.
«Денсаулық» бөлімі басқа чаттардан бөлек жұмыс істейді. Барлық сөйлесулер, файлдар және қосылған қолданбалар бөлек сақталады және денсаулық деректері осы бөлімнен тыс пайдаланылмайды. Осы орайда компания ChatGPT Health ауруларды диагностикалауға немесе емдеуге арналмағанын атап өтті.
Айта кетейік, бұл қызмет 60 елден жиналған 260-тан астам дәрігердің қатысуымен әзірленді. Олар соңғы екі жылда 600 000-нан астам шолу жасаған. Қазіргі уақытта ChatGPT Health қолданбасына қол жеткізу бәріне бірдей мүмкін емес. Оны қызмет күту тізімі арқылы Free, Go, Plus және Pro жазбасы бар пайдаланушылар іске қоса алады.
Алғашқыда бұл бөлім Еуропалық экономикалық аймақта (Швейцария мен Ұлыбритания) қосылмайды. Медициналық жазбалармен және белгілі бір қолданбалармен интеграция тек АҚШ-та жұмыс істейді. Дегенмен, OpenAI алдағы апталарда ChatGPT Health қолданбасын веб және iOS нұсқаларына шығарып, ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, OpenAI — жасанды интеллектті дамытуға арналған американдық ғылыми-зерттеу ұйымы. Oның жұмысы жасанды интеллектті жалпы адамзатқа пайда әкелетін және зиян келтірмей дамытуға бағытталған. OpenAI «қауіпсіз және пайдалы» күшті жасанды интеллектті дамытуды мақсат етеді, оны ұйым «экономикалық тұрғыдан ең құнды жұмысты орындауда адамнан жоғары автономды жүйелер» деп анықтайды. Осы мақсатқа жету жолында ұйым бірнеше үлкен тілдік модельдер жасады, соның ішінде GPT-4 және ChatGPT.
Жалпы, әлем бойынша миллиондаған қолданушы ChatGPT-ді денсаулық жағдайы мен медициналық сұрақтар үшін пайдаланады екен. Бұл туралы digitalbusiness.kz салалық есепке сүйеніп хабарлады.
Олардың мәліметінше, күн сайын чат-ботты 40 млн-дан астам адам қолданады. Барлық сұраулардың шамамен 5%-ы медицина тақырыбына қатысты. Қызметтің 800 млн тұрақты қолданушысының төрттен бірі денсаулық мәселелеріне қызығушылық танытады.
Американдық медициналық ассоциацияның дерегінше, 2024 жылы дәрігерлердің 66%-ы жасанды интеллект шешімдерін кәсіби қызметінде пайдаланған (2023 жылы – 38%). ЖИ медициналық құжат жүргізу, емдеу жоспарын дайындау және ғылыми зерттеулерді талдау үшін қолданылады.
Wolters Kluwer зерттеуіне сәйкес, АҚШ-тағы әрбір екінші медицина қызметкері ЖИ-ді мәтіндік және бейнематериалдар жасау үшін қолданады. Медбикелер арасында – 46%, фармацевтер арасында – 41%. Көп мамандар чат-боттарға аптасына кемінде бір рет жүгінеді екен.
ChatGPT әсіресе медициналық мекемелер мен мамандар жетіспейтін ауылдық жерлерде кеңінен қолданылады. OpenAI дерегінше, аптасына шамамен 580 мың денсаулыққа қатысты сұрау осындай өңірлерден түседі.
Сауалнама нәтижесінде 55% – симптомдарды тексеру үшін, 48% – медициналық терминдер мен кеңестерді түсіндіру үшін, 44% – емдеу нұсқалары туралы ақпарат іздеу үшін қолданылатыны белгілі болды. Осы орайда OpenAI денсаулық саласында ЖИ қолдануды нақты реттеу қажеттігін атап өтіп, компания технологиялардың қауіпсіздігін арттыру және оларды медициналық тәжірибеге енгізуді жеңілдету мақсатында арнайы ұсынымдар жариялауды жоспарлады. Біз айтып отырған жаңалық соның бір көрінісі.
Жоғарыда әлем елдері жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға ұмтылып жатқанын айттық. Оның ішінде біздің ел де бар. Мәселен, Мемлекет басшысы осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп ресми түрде жариялады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Қазақстанды цифрлық елге айналдыру және жасанды интеллектіні дамыту – мемлекеттің стратегиялық басымдығы екенін айтты.
«Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін», – деді Президент.
Зерттеуден байқағанымыздай, бүгінде ChatGPT-дің көмегіне жүгінушілер саны артып отыр. Кез келген салаға қатысты көкейдегі сауалды қойып, жауабын әп-сәтте ала қоятын қосымша көпшілікке ұнап қалғаны рас. Әсіресе, денсаулыққа қатысты жиі қолданылатынын айтып өттік. Осы орайда жасанды интеллектінің медицинада енгізілуіне қатысты, ChatGPT-дің адам денсаулығына қатысты ақыл-кеңесі туралы дәрігерлер пікірін білген едік.
– ChatGPT-дің көмегімен әркім өз бетінше ем-дом жасауына болмайды, әрине. Бірақ белгілі бір дәрежеде кеңес алып, оны дәрігер маманның рұқсатымен қолданған жөн. Анықтама ретінде пайдалануға болады. Жалпы жасанды интеллект қай салада болмасын адамның жұмысын жеңілдетуге, жеделдетуге арналған. Біздің елімізде медицина саласына да енгізу қолға алынып жатыр. Мәселен, КТ, МРТ, УДЗ, рентген аппараттарына арнайы ЖИ бағдарламалар қойылады. Сол бағдарламалар қарапайым құрылғылар көре бермейтін дүниелерді анықтап, нақты диагноз қоюға бағдар береді. Осылайша көмекші рөлін атқарады. Бірақ соңғы сөз, нақты шешім бәрібір дәрігерде болады. Сондықтан ЖИ-ды жатырқаудың қажеті жоқ, қайта қолдау керек. Бірақ ChatGPT-ден сұрап алып, өз бетінше емделуге қарсымын. Қандай жағдайда да тек дәрігерге қаралып, анализдер тапсырып барып ем алған дұрыс, – дейді көпбейінді қалалық аурухана бас дәрігері Нұридин Әмитов.
№1 қалалық емхана бас дәрігері Венера Садманова: – «Жасанды интеллект қазір біздің қызметкерлердің жазған жазбаларының дұрыс-бұрысын шығарып көмекші құрал ретінде, кеңесші секілді қызмет атқаруда. ЖИ немесе робот дейміз кейде жолданған талдамалар мен диагнозға қарай хаттамадан ауытқып тұрсың деген ақпарат береді. Сосын сарапшы дәрігер қарайды да келіспеген жағдайда қарсылық жазады. Қарсылық жазғаннан кейін ақпаратты алып тастайды немесе роботтікі дұрыс болса қате түзетіледі. Бұл өте ұтымды, пайдалы және қажет деп ойлаймын. Мысалы, науқас бел ауруына шағымданып келеді. Сосын маман ең бірінші бүйрек ауруына күдіктеніп, анализдер береді. Бірақ ол омыртқадан болуы да мүмкін. Ондай кезде рентгенге түсіреміз. Осындай кезде хаттамадан ауытқуға тура келеді. Мұны робот ауытқыдың деп көрсетіп тұрады. Былайша айтқанда, дәрігерлерге шпаргалка ғой. Одан да өзге ұтымды тұсы көп. ЖИ әзірге толық еніп кеткен жоқ, жұмыс жүргізілу үстінде. Сондықтан жасанды интеллектінің салаға енгізілгенін дұрыс қабылдаймын, – дейді.
Ал сіздің ойыңыз қалай, оқырман?
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»






