Жиен деген кім немесе әркімді өз атымен дұрыс атаңыз

1285

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Мына тақырыптың ұзын болғанына өкпелемеңіз, мен өкпелімін. Сол өкпемді созып-созып тақырып қойсам да еш­кім түсінер емес.

Менің айтатыным, қыздан туғанды немере демейді дей­мін, солай ғой. Оның айтатыны, онда тұрған не бар дейді.

Иә, қазір кейбіреулер қыз­дан туғанды немере деп атайды. Біреулер емес, теледидар арқылы танылып жүрген бел­гілі өнер адамдары, масқара бол­ғанда олардың арасында қа­зақтың, ұлттың ұстынын тү­сі­неді деген қаламгерлер де бар.

Жиен жеті ата шежіресіне кірмейді.

Алдымен жеті атаны біліп ал.

1. Әке.

2. Ата.

3. Үлкен ата (арғы ата).

4. Ұлы ата.

5. Тек ата.

6. Түп ата.

7. Баба.

Осыдан кейін сегізінші атаң келеді:

8. Ұрқы.

9. Ру (Тоғыз Байдалы ту көтеріп ру болған).

Өзінен өрбіген, шежіре жалғастыратын ұрпақ – ұл.

Ұлдан туған – немере; немереден – шөбере; шөбереден – шөпшек; шөпшектен – немене; неменеден – жүрежат; жүрежаттан – туажат; туажат­тан – жегжат; жегжаттан – жамағайын; жамағайыннан – жұражат (руға айналады).

Қазақта құда түсіп, қыз алысу туажаттан басталады.

Қыздан туған бала – жиен.

Жиеннен – жиеншар; жиеншардан – дегеншар; дегеншардан – көгеншар; көгеншардан – көбеңшар; көбеңшардан – те­беншар; тебеншардан – өлеңшар.

Қазақ жиенге осылайша жеті атаға дейін атау береді, се­гізінші ұрпағын «қаймана» дейді («қаймана қазақ» деген сол).

Енді болдым, айтып-айтып жақ талды. Өзімнің туысым тоңтеріс болды, жалғыз қызың болса, содан туғанды сен де немере деп атар едің ғой деп қиып салды. Оның жалғыз қы­зы бар, көңіліне тигім келмеді. Ондай болса, амал не, бірақ жиен ғой дұрысы дедім. Ол үн­демеді, «олай болса…» деге­німе іштей жібігені шығар.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»