Жұмабекке жұрт риза

401

0

Қаладан 50 шақырымдай жердегі Шіркейліде көп ауылда жоқ көлік жөндеу орны мен желімдеу орталығы бар. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауылдың тұрғыны Жұмабек Көпбергенов осыдан бірнеше жыл бұрын қайтарымсыз қаражат көмегімен ашқан орталық бұл күнде талай жанға көмегін тигізіп тұр.
– Өзім такси болып, жолаушы тасымалдадым. Содан ғой, жолдың жай-күйін жақ­сы білемін. Титықтап тиын тапқан соң, доңғалақты жаңарту қайдан?! Біреудің ескі-құсқысын әлдеқандай ғып салып аламыз. Сосын әр күні таңертең «Мынаумен қалаға жете алам ба?» деп ойланып отырғаның. Осындай күндер өтті. Енді елдегілер менің орталығыма келіп, көлігін толық жөндетіп ала алады, – деді Жұмабек Ақбергенұлы.
Орталықты аша сала қау­малаған жұрт жағдайын айтып келеді. Бірінің қозғалтқышы, бірінің доңғалағы, тағы бірінің стартері істен шығып жатады. Ондайда қолынан келмейтіні жоқ Жұмекең білек сыбана кіріседі. Орталыққа көлігінің аяқасты бұзылғанына кіржиіп келген адамның жадырап шығып бара жатқанын талай көрдік.
Бүгінде көпшілікке қалт­қысыз қызмет көрсетіп жүрген азамат аталған орталықты осыдан үш жыл бұрын ашты. Сол уақытта 400 мың теңге көлемінде грант жеңіп алған. Одан бері де 300 мың, сонан соң 500 мың теңге шамасында қайтарымсыз қара­жатқа ие болды.
Біз барғанда кәсіпкердің жұмысы қызып жатыр екен. Ай­туынша, көктемдегі тірші­лікпен қатар, орталықта да жұ­мыс көбейеді. Ауылдық жер болғандықтан егін егу, жер жырту тәрізді маусымдық жұ­мыс­тарға жүк көліктері мен ауыр техникалардың доңға­лақ­тарынан бастап, түрлі қа­жетті бөлшектерін жөндеуден өткізеді. Шаруашылық та ат арытып облыс орталығына бармайтын болды.
– Қоғалыкөл, Шаған, Н.Ілия­сов, Шіркейлі ауылдарына ортақ нысан бұл. Қай ауылдың болмасын, көліктері келсе, есік ашық. Еңбегіміз ел игілігі үшін деген ниет. Халықтың батасын алғанымның өзі үлкен бақыт. Жұрттың жұмысын жеңілдеттім деп ойлаймын. Әйтпегенде, қалаға барып, жолға бір, жөндеуге бір шығындалады, – деді кәсіпкер бізбен әңгімесінде.
Ол – ІІ топ мү­гедегі. Соған қарамастан, халыққа қызмет көрсетіп, табыс тауып, талайдың алғысын алып отыр. «Алма піс, аузыма түс» деп мемлекет беретін жәрдемақыға қол жайған жоқ. Керісінше, өзін қайрап, қажет нәрсеге өз еңбегіммен жетемін деп мақсат қойды. Бұл күнде Жұмабекті ауыл тұрғындары үлгі тұтады. Себебі, рухы мықты жан ешқашан жеңілген емес.

Сырдария ауданы.
Дәулет ҚЫРДАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<