Жоғары мемлекеттік наградалар табысталды

295

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты.

Мемлекет басшысы – Қазақ­стан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында сар­дарлар мен сарбаздарды ал­дағы Отан қорғаушы күнімен құт­тықтады. Сонымен қатар патрио­тизм мен жауынгерлік рухтың символына айналған мереке күндері елге қорған болып жүрген азаматтарға құрмет көрсету, Отан үшін от кешкен аға буынның рухына тағзым ету, олардың жанқиярлығы мен өшпес ерлігін ұрпақтың жадында жаңғырту дәстүрге айналғанын атап өтті.

– Қазақ – болмысынан жау­жүрек халық. Батыр бабаларымыз кең-байтақ жерімізді ақ білек­тің күшімен, ақ найзаның ұшы­мен қорғады. «Ер – елдің айнасы» дейді. Шын мәнінде, хал­қы­мыздың ерлік дәстүрі атадан ба­лаға жалғасып келеді. Қазақ сарбазы қай кезде де елін қорғай білген. Жерінің шетіне жау тисе, жұдырықтай жұмылып бір тудың астынан табылған. Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Адам­зат тарихындағы осын­дай сұрапыл соғыс барша елдер үшін үлкен сынақ болғаны сөз­сіз. Майданға бір миллион екі жүз мыңнан астам азаматымыз ат­­танды. Олардың жартысы ұрыс даласынан оралған жоқ. Тыл ең­беккерлері күн-түн демей тер төкті. Осылайша, халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Жеңіс мерекесі ерен ерлікті паш етеді. Сондай-ақ бейбіт өмірдің, бірлік пен ынтымақтың маңызын ұғындырады. Жеңіс күні арқылы ұрпаққа берілетін ең басты тағылым – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның күш­тік құрылымдарын баһадүр баба­лардың лайықты ізбасары деп атады.

– Қарулы Күштер еліміздің тәуел­сіздігін, тыныштығы мен тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр. Құқық қорғау органдары заң мен тәртіпті, арнаулы қызметтер ұлттық қауіпсіздікті қамта­масыз етіп келеді. Құтқарушылар ел-жұрттың амандығы үшін аянбай еңбек етіп жүр. Былтыр біз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссия­сын алғаш рет дербес орындауға кірістік. Бұл қадам халықаралық қауымдастықтың Қазақстан армиясына сенімі жоғары екенін көрсетеді. Біз – бейбіт мемлекетпіз. Барлық елмен достық қатынас орнаттық. Даулы мәселенің бәрін саяси диалог арқылы шешу керек деп санаймыз. Мен бұл Қазақстанның мызғымас ұстанымы екенін үнемі айтып жүрмін. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Армиямыз кез келген сәтте өз міндетін орындауға сақадай сай тұруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, мем­лекет Қарулы Күштердің әлеуетін нығайтуға айрықша мән беріп отыр.

– Әскеріміз ең озық қарумен және техникамен жарақтан­ды­ры­лып жатыр. Қорғаныс өнеркәсібі кешені дамып келеді. Жаңа гарнизондар, әскери қалашықтар мен заставалар салынуда. Сарбаз­дардың әзірлігі мен жауынгерлік машығы әр­дайым шыңдалады. Әскеріміздің арнаулы халық­аралық жарыстардан жүлдемен ора­луы – олардың дайындығы жоғары еке­ніне дәлел. Әскерилер, арнаулы және құқық қорғау, азаматтық қорғаныс орган­дарының қызметкерлері әлеуметтік тұр­ғыдан жан-жақты қамтылған. Олар­ды мемлекет әрқашан қолдайды. Ел қауіп­сіздігі мен шекарасын қас қақпай күзету, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету – жауапты әрі қастерлі міндет. Мұны тек кәсіби деңгейі жоғары, ант пен борышқа адал, ел үшін аянып қалмайтын батыл жандар ғана атқара алады. Сондықтан әскерилер, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлері өскелең ұрпақ пен барша халқымыз үшін Отанға адал қызмет етудің үлгісі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызмет­шілерге, құтқару­шылар мен күштік құ­рылым қызметкерлеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер, сондай-ақ жоғары мем­лекеттік награда­лар табыс етті.