21 мыңнан аса халқы бар, өзіндік тарихымен, өзге өңірден өзгеше табиғатымен ерекшеленетін Жосалы кентіне арнайы іссапармен барып қайттық. Кентке табан тіреген сәтімізден-ақ кент әкімдігінің бөлім басшысы Нұргүл Тоғанасқызы қарсы алып, Жосалының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Қасиетті Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кенті кейінгі жылдары жаңаша кейіпке енген. Көз сүйсінтерлік өзгеріске куә болдық. Тазалық пен тәртіп, абаттандыру жұмыстары жүйелі ізге түскен. Жол жөнделіп, көшелердің көркеюі көңіл қуантады. Бұл – тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлескен еңбегінің, тынымсыз тіршілігінің жарқын нәтижесі екені сөзсіз.
Абаттандыру жұмысы қарқынды
Өткен жылы аудан орталығында Қ.Жолдыбаев көшесінің Абай мен Е.Көшербаев көшелері аралығы абаттандырылып, ұзындығы 330 метр болатын канал арығына темірбетон лоток орнатылды. Жаяу жүргіншілерге арналған жол төселіп, саябақ орындықтары орнатылды. Дәл осындай жұмыс Т.Рысқұлов көшесінің Е.Көшербаев көшесінен дарияға дейінгі бөлігінде, Абай көшесінің кіреберіс 1-аумағында және І.Мүсірбаев көшесі бойында да жасалды. Биыл Т.Рысқұлов тұйығы абаттандырылып, Әуезов және Сейтжан ахун, М.Шоқай көшелеріне жаяу жүргінші жолы салынатын болады.
Кентті аралау барысында байқағанымыз арықтар мен каналдарда аяқсудың молдығы. Бұл көгалдандыру жұмыстарын жүйелі әрі тиімді жүргізуге үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз. Нұргүл Тоғанасқызының айтуынша, бүгінде кент тұрғындары аяқсумен толық қамтылған.
– Жосалы кентінде 74 шақырымды құрайтын аяқсу арықтары бар. Оның ішінде 32 шақырым негізгі, 42 шақырым көшеаралық арықтар. Аяқсу Сырдария өзені арқылы 5 бағытта электрлі насоспен берілуде, – деді ол.
Көгалдандыру жұмыстарын айтқанда «Жасыл белдеуге» ерекше тоқталған жөн. Өткен жылдан бастап кенттің кіре берісінен «Жасыл белдеу» бой көтерді. Оған қара ағаш, катальпа, клень, туя ағаштарын егіп, тамшылатып суару әдісімен жетілдіріп отыр. Бұл бастама толығымен жүзеге асса айналаны абаттандырумен қатар экологиялық ахуалды жақсартуға зор үлес қоспақ.

– Өткен жылдан бастап тұзды жерге төзімді көшеттер егу тәжірибе ретінде енгізілді. Қорқыт, Аманкелді, Абай, Тәуекелов, Рысқұлов көшелері, сондай-ақ Қобыз, Мәңгілік алау, Қазақ хандығы, Мәңгілік ел, Дөңгелек бақ және Жастар саябақтары мен «Жасыл белдеулерге» шамамен 7000 түп ағаш отырғызылып, күтімге алынды. Шыны керек, елу жылдан кейінгі егіліп жатқандықтан басында күмән болды. Жоқ жаман емес, егер күтімін жасап, тыңайтқышын уақытылы беріп, суарып отырсаң шығады екен. Биылдан бастап тамшылатып суару әдісі енгізілді. Қазіргі таңда көшеттердің 90 пайызы көктеп, тамыр жайды. Биыл тағы да 2000 тал егілді. Алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады. Мәселен, биыл Д.Мырзағалиева көшесін көгалдандыру жоспарда бар. Қазір аяқсу мәселесі шешілді. Егер бұл жоба толық іске асса теміржол бойындағы көшелердің сәулеттік келбеті түбегейлі өзгермек, – дейді Нұргүл Сарыбаева.
Кент тұрғындары үшін мал жайылымдық жер күрделі мәселенің бірі. Десе де кент әкімдігі мұның да шешімін тапқан. Сарыөзек көлін қолдан суару арқылы тұрғындарға жағдай жасап отыр. Жыл сайын көлді суландыру және жайылымдық жерлерді қалпына келтіру бойынша Сырдария өзеніне СНП500/10 дизельді моторын орнатып, көктемде және күзде көлге су айдау жұмыстарын жүргізеді. Биыл ғана дария деңгейінің көтерілуіне байланысты қаңтар айында Сарыөзек көліне шамамен 2 млн 080 мың текше метр су жіберіліп, көл 82 пайыз суға толды.
Кенттегі енді бір шешімін тауып жолға қойылған шаруа – балалар ойын алаңының салынуы. Бүгінде 13 ойын алаңы кішкентай қармақшылықтарға қызмет көрсетуде. Былтыр Д.Мырзағалиева және Ә.Жаназаров көшелеріне және Қорқыт бекетіне балалар және футбол алаңдары салынса, биылғы жоспарда М.Құдабаев және Ынтымақ көшелері тұр. Ал халықтың демалысы үшін 11 саябақ бар. Алдағы уақытта тұрғындар үшін мәдени-демалыс паркін салу көзделуде.
Жөнделген көшелер 90 пайызға жетпек
Жосалы кентінде тұрғындар қоныстанған 128 көше бар. Оның ішінде: 95 көше асфальтталған, 22 көшеге қиыршық тас төселген. Өткен жылы С.Ысқақов және Ү.Томанов көшелеріне күрделі жөндеу, Меңей батыр, С.Кшенов, Тоғанас батыр және Ж.Әділова көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Демеушілік есебінен жалпы ұзындығы 2,7 шақырым болатын қуыс әрі тұйық 11 көшеге қиыршық тас пен Томанов көшесінен шыққан ескі асфальт төселген.
– Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Келмембет батыр, М.Шыңғысов, Н.Нақыпов көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Сондай-ақ 20 көшеге қиыршық тас жолын салуға, К.Қаракөзов, Ә.Әлиасқаров, Береке көшелерін күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап ұсынып қойдық. Егер осы жобалар жыл көлемінде қаржысы бөлініп жүзеге асса, кентте топырақты көшелер қалмайды. Демек жөнделген көшелер 90 пайызға жететін болады, – дейді кент әкімі Алмасхан Досмұратов.
Көше жарығы – қауіпсіздік кепілі
Тұрғындар үшін жарықтандыру мәселесі әрдайым маңызды. Себебі түнгі жарық – көшенің көркі ғана емес, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде рөлі зор. Осы ретте Жосалы кентінің 95 көшесінде түнгі жарықшамдары орнатылып, самаладай жарқырап, менмұндалап тұр. Бұл тұрғындар қоныстанған 128 көшенің 74,2 пайызын құрайды.
– Өткен жылы Батыс, Сырдария, Бестам, Марал баба көшелері жарықтандырылды. Бұдан бөлек 9 көшенің 544 жарық бағаналары декоративті жарықпен безендіріліп, кенттің түнгі келбетіне ерекше жарасым беріп тұр. Демеушілер есебінен Әлібай ахун көшесі жарықтандырылды. Сонымен қатар, қысқа, қуыс әрі тұйық 19 көшеге 167 дана бағана мен қажетті тауарлар сатып алынды. Бұл да демеушілер есебінен орнатылып жатыр, – дейді кент әкімі.
Биылғы жоспар да ауқымды. 10 көшені жарықтандыруға жоба-сметалық құжат әзірленген. Олардың қатарында Ізтілеуов, Келмембет батыр, Тоғанас батыр, Меңей батыр, Мәдірайым ишан, Қазантаев, Қабылан батыр тұйығы, Н.Нақыпов, Тұрмағамбетов, Қалқай ишан көшелері бар. Егер бұл жоба қолдау тапса жарықтандырылған көшелердің үлесі 82 пайызға жетеді.
Бұл – Жосалы кенті үшін үлкен жетістік. Себебі, мұндай бастамалар кенттің келбетін өзгертіп қана қоймай, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Түнгі уақыттағы қауіпсіздік деңгейінің артуы – тұрғындардың игілігі.
Жалпы Жосалы кентінде нақтырақ айтқанда жарықтандыру, абаттандыру, көшелерді көркейту бағытындағы бастамалар – тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жасалған нақты қадамдардың айқын көрінісі. Алдағы уақытта да осы қарқынды сақтап, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолындағы жобалар жалғасын табарына сенім мол.
Мейрамгүл
ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
«Қызылорда-
Жосалы-Қызылорда»





