Жүйелі жұмыстың жемісті нәтижесі

230

0

Фото:

Сырдария – облыс орталығына ең жақын аудан. Ел ырысы – Сыр күрішімен танылған, тұрғындар ризық-несібесін ежелден жерден теріп жеуге дағдыланған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімінің қолдауымен мұнда басқа да салалар бойынша тындырымды тірлік атқарылып келеді. Соның бірқатарына облыстық қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры барысында куә болдық.

Ауылдарды газдандыру жалғасуда

Біз алдымен ғасырға жуық уақыт бұрын құрылған, 4,5 мыңдай халқы бар «Шаған» ауылына ат басын бұрдық. Ауылдың кіреберісінде құры­лыс­шылар жерді қазып, газ құбырын жүргізіп, жұмыс қызып жатыр екен. Сол жерде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейірхан Бақытжанұлы жұмыс барысын өзі қадағалап жүр. Оның айтуынша, мердігер «АЭS and Limited» ком­паниясы елді мекенді газдандыру жобасын былтыр күзде бастаған. Құны – 2,6 млрд теңге, бүгінде оның 1,6 млрд теңгесі игерілді.

– Өткен жылы бұл мақсатқа 1,3 млрд теңге бөлініп, Тереңөзек кенті мен «Шаған» ауылының арасындағы 19 шақырым жерге жоғары қысымды газ құбыры жүргізілді. Қазіргі кезде ауылдың ішіне қарай құбыр тартып жатырмыз. Осы уақытқа дейін 38 шақырым орташа және төменгі қысымды газ құбыры жүргізілді. Жобаны аяқтау үшін жетпей тұрған қаржы жақын арада берілуі тиіс. Алдағы жылу беру маусымында үйлерге газ апарып үлгереміз деп отырмыз, – дейді бөлім басшысы.

Сырдария ауданында өзге де ауылдарды «көгілдір отынмен» қам­туға бағытталған тірлік нышаны байқала­ды. Мысалы, «Ақжарма» елді мекенін газдандыруға 200 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұ­мысы жүргізілуде. Сонымен қатар «Шір­кейлі», «Қоғалыкөл» ауылдарын газ­дандыру бойынша да өтініш берілген.

Облыс әкімінің тікелей қолдауы­ның арқасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдық амбулатория толық жөнделіп жатыр. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын ашылған ғимаратқа 2011 жылы ағымдағы жөндеу  жүргізілген.

– Облыстық бюджеттен 328 млн теңге бөлініп, мердігер «Реал­Строй­Снаб» серіктестігі күрделі жөндеу жұмысымен айналысып жатыр. Мұнда 4 дәрігер, 20-дан астам орта буын маман, 7 кіші буын қызметкер еңбек етеді, 35 терапиялық және 5 гине­ко­логиялық төсек-орынмен қамтамасыз етілген. Лабораториялық-зертханалық тексеру жүргізіледі. Жөндеу жұмысы аяқталғаннан кейін медициналық оңалту бөлімшесі осында көшіріледі. Алдағы уақытта амбулаторияның мате­риалдық-техникалық базасын арттыру жоспарда бар, – дейді аудан­дық аурухананың бас дәрігері Жалғасбек Үсенов.

Дәрігерлік амбулаторияның жаңа кейіпке енуі тұрғындардың денсау­лығын жақсартуға тікелей әсер ететініне сенім зор.

Мектеп те, көше де жаңа кейіпке енеді

Одан кейін Сәкен Сейфуллин ауылына ат басын бұрып, мектепті жөндеу және жол салу жұмысымен таныстық. №137 орта мектеп 1974 жылы 460 орынға арналып типтік жобада салынған. Сәуір айының екінші онкүндігінде күрделі жөндеу  басталды.

– Биыл аймақ басшысының қол­дауымен күрделі жөндеу жұмысына 309 млн теңге бөлінді. Мектептің сырты ыстық пен суыққа төзімді минплита және түрлі-түсті сайдингпен қапталды. Суағар жүйесін жүргізудің 90 пайызы атқарылды. Мектептің екі қабаты мен спортзал қабырғасының сылағы түсірілді. Есіктер мен едендерді демон­таждап, екінші қабаттағы 912 шаршы метр жерге еденді тұтастыр­ғыш құйылды. Төменгі қабаттың сы­лағы аяқталуға жақын. Пән каби­нет­терінің терезелерін ауыс­тырып, сан­тех­­никалық жұмыстарға кірісті. Сонымен қатар мектептің өжі­ресіне бетон құйып, желдету жүйесі жөн­делді, – дейді аудандық білім бөлі­мінің басшысы Еркебұлан Жақыпов.

Өткен оқу жылында мектепте 380-ге жуық оқушы білім алды, 30 оқушы алтын ұясымен қоштасса, соның 3-і «Алтын белгі», 8-і «Үздік аттестат» алды. Президент Жолдауында жүк­телген сапалы білім беру, мұғалім­дердің біліктілігі мен интернет жылдамдығын арттыру және білім берудің цифрлы ресурстарын қолжетімді ету, бала қауіпсіздігі мәселесі басты орында. 2022 жылы мектептің материалдық базасын нығайту мақсатында 6,726 млн теңгеге модификациялық биология кабинеті, 2023 жылы «Қазақстан халқына» қоры есебінен болашақ инженерлер дайындау бағытында 3,6 млн теңгеге STEM кабинеті жасақталды. 2022-2023 оқу жылынан бастап ІТ үйірмелері жұмыс жасап келеді. Үйірме жұмысын жүйелендіру, материалдық базасын нығайту үшін 3,5 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынды.

Сәкен Сейфуллин ауылының тарихы өткен ғасырдың 30-жыл­дарынан бастау алады. Мұнда 1600-ден астам адам тұрады. Мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, ауылдық клуб, кітапхана, мал дәрігерлік пункті, учаскелік пункт, мешіт және «Қазпошта» бөлімшелері халыққа қызмет көрсетеді. Ауызсу мәселесі толық шешімін тапқан.

– Ауылда 10 көше болса, былтыр соның 6-ы күрделі жөндеуден өтті. Биыл ұзындығы 3,5 шақырым болатын 3 көшені толық жөндеу үшін 187 млн теңге шамасында қаржы бөлінді. Сонымен көшелердің 90-95 пайызы жаңа кейіпке енді. Жөндеу көрмеген 1 шақырымға жуық жол қалды. Өткен жылы табиғи отынға қолымыз жетті, 7 көшеге жарық шамдары орнатылған. Өткен жылы демеушілер есебінен ауылдық елді мекендерде электр желі­лерін қайта жаңғырту жобасын дайын­дадық. Құны 617 млн теңге шамасында. Жоба аясында электр бағаналары, желілері, трансфор­матор­лар ауысады, – дейді С.Сейфуллин ауылдық округінің әкімі Бекзат Қыдырбаев.

Мал ұрлығы мен басқа да құқық­бұзушылықтың алдын алу, анықтау мақсатында негізгі көшелерге 5 млн теңгеге 6 бейнебақылау камерасы орнатылды. Елді мекенде 85 кәсіп­керлік субъектісі тіркелген. Мемле­кеттік бағдарламалар шеңберінде былтыр «Қызылорда» өңірлік инвес­тициялық орталығы арқылы 7 млн теңге есебінен 2 жоба мақұлданып, қаржыландырылды. Қаржы негізінен мал басын көбейту, құрылыс дүкеніне бағытталған. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» «Агробизнес» бағдар­ламасы бойынша 16 030, 8 мың теңгеге 2 жобаны мақұлдап, қаржыландырды. «Бастау бизнес» оқу курсына 8 адам қатысып, 8 адам қайтарымсыз грант алып, кәсіп бастады. Елді мекендегі «С.Сейфуллин-Жер», «Құндызды-Жер», «Желкен-Вент» серіктестіктері мен «Жандос» шаруа қожалығы, жеке кәсіпкер Қуаныш Сайран аз қамтамасыз етілген, асыраушысынан айырылған, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға тұрақты түрде азық-түлік және заттай қайырымдылық көрсетіп келеді.

Табиғи өнім ауылдан шығады

Ауданға сапарымыз Қалжан ахун ауылындағы жылыжай басында жалғасты. Жоба үйлестірушісі Серік Әбжалиев жылыжай жұмысын негізі 2023 жылы өз үйінің ауласынан бастаған. Өткен жылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 35 млн теңге қаржы есебінен құрал-жабдық сатып алып, 2025 жылдың көктемінде ауыл аумағынан тағы 2 жылыжай салды. Мұнда қысы-жазы қияр мен қызанақ жайқалып тұр. Таза әрі сапалы өнімді аудан тұрғындары қуана-қуана сатып алып, тұтынып келеді.

Біз бас сұққан келесі нысан – ауылдағы құмблок өндірісі. Оның негізін қалаған кәсіпкер Өмірхан Бержановтың айтуынша, 2023 жылы кәсібін кеңейтпек болып «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүм­кіндігін пайдаланған. Жылдық мөл­шерлемесі 2,5 пайызбен 7,3 млн теңге көлемінде жеңілдетілген шартпен несие алған. Бұл қаржыға Алматыдан құрал-жабдық әкеледі.

– Кәсіпорында 3 адам еңбек етеді. Күніне 1000-ға жуық өнім – құмблок пен тротуар тақтайшасын шығарады. Шикізатты Жаңақорған мен Шиелі аудандарынан аламыз. Ал дайын өнімді тапсырыс бойынша облыс орталығына, өзге аудандарға жөнел­теміз, – деді кәсіпорын басшысы.

Ауылдық округте 69 кәсіпкерлік нысан тіркелсе, оның 52-сі – жеке кәсіпкер, 17-сі – шаруа қожалық­тары. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіп­керлікті қолдаудың ұлттық жобасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант бойынша биыл 1,5 млн теңгеге 1 жоба қаржыландырылды.

Кенттің дамуына тірек болар жобалар

Аудан орталығы Тереңөзек кентінде де халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тірек болар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Медициналық қызмет сапасын және қолжетімділігін арттыру мақсатында былтыр желтоқсанда аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қол­дауымен және облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасы­мен аудандық аурухана жанынан облыс­тық деңгейде қызмет көрсететін жаңа емдеу ғимараты іске қосылды. Ауру­хана бас дәрігерінің орынба­сары Қанат Медетбаевтың сөзіне сүйенсек, паллиативті бөлімшеде соңғы 6 айда 340 науқас ем қабылдаған. Бөлімше заманауи үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Ұзақ уақыт бойы оңал­туды қажет ететін науқастар мұнда тәулік бойы ем-шара қабылдай алады. Бөлімше 60 төсек-орынға арналған.

Ал Тереңөзектегі тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны ауданның эколо­гиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосып отыр. Кент әкімі Ержан Бақтияровтың айтуынша, был­тыр желтоқсан айында пайдалануға берілген жоба құны – 475 млн теңге. Сұрыптау қондырғыларының кө­мегімен пластик, шыны, темір және қайта өңдеуге жататын басқа да қоқыстар сұрыпталып, тиісінше өңдейтін орындарға жөнелтіледі.

Сапар қорытындысында аудан әкімі Берік Сәрменбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап сұхбат берді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес және облыс әкімінің қол­дауымен мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Соның арқасында әлеуметтік-эконо­микалық даму бағытында тұрақты өсім қалыптасты. Елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтуға басымдық беріліп отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы ая­сында Қалжан ахун, Сәкен Сей­фуллин және Асқар Тоқмағанбетов ауылдары газға қосылды. Биыл Нағи Ілиясов, «Шаған» ауылына газ барады. Аудан халқы 100 пайыз орта­лықтандырылған ауыз­сумен қамта­масыз етілген. Тозығы жеткен су жүйелері қайта жаңғыр­тылуда. Өткен жылдың қоры­тын­дысына сәйкес ау­дандық маңызы бар автомобиль жол­дарының жақсы және қанағат­танарлық жағдайы 99 пайыз болды. Бұл көр­сеткішті жыл соңына қарай 100 па­йызға жеткізу межеленген, – деді аудан басшысы.

Ауданда 2639 кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр, яғни жалпы көрсет­кіштің 97,8 пайызы. Бұл да – ауданның даму динамикасының жоғары екенінің дәлелі.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»