Қала күні аясында орталық алаңдағы «Өнер арбатына» жүз құрақ көрпеше жайылды. Бұл Сыр аналарының елдің бірлігі мен ынтымағын арттыруға деген ақ пейілінің көрінісі іспеттес.
Мерейтой аясында ұйымдастырылған «Сыр шеберлерінің жұлдыз құрағы» атты мәдени-көпшілік шарада халқымыздың бай мұрасы, ұлт өнері, қолөнер шеберлерінің таланты дәріптелді.
Қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев мерекеге тарту жасаған Сыр шеберлеріне ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар, 100-ден астам шебердің ортақ іске бас біріктіруіне мұрындық болған белгілі қолөнер шебері Үржамал Жайбергеноваға арнайы Алғыс хат табыстап, құрмет жасады.
Шарада облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық кәсібін заңдастырып, қолөнерді жаңғыртуға үлес қосқан шеберлердің игі бастамасына сәттілік тіледі.
Үржамал Әбдібайқызы «Жұлдыз құрағы» ел ішіндегі береке мен бірліктің, шеберлік пен шабыттың символы екенін айтып, қолдау жасаған қала басшылығына алғысын жеткізді.
Шараға белсене қатысып, құрақ көрпешесін сыйға тартқан Сұлу Әбдіразаққызы өнердің сарқылмас қайнар көзіне айналған бұл қолөнер бұйымы әр шаңырақтың төрінен көрінуге тиіс деп есептейді. Бала кезден тігіншілікке қызыққан оның бүгінге дейін қолынан ине-жібі түспеген. Ақ жаулықты кейуана құрақ тігу оңай іс емесін айтады.
– Жалпы, тігін дегеніңіз – тұнып тұрған математика. Оның ішінде құрақ көрпеше тігуде дәлдік, түстердің үйлесімі, шыдам мен төзім керек. Құрақ құрау, біріншіден – өнер, екіншіден – тұрмыстық бұйым, үшіншіден – маталардың қиындылары рәсуа болмасын деп оны да пайдаға жарату ойынан туған, яғни ысырапшылдыққа жол бермеудің керемет әдісі, – дейді ол.
Мәдени шара соңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев қолөнер шеберлеріне арнайы Алғыс хат табыстады.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





