Жұмыс берушілерді жаппай «жылататын» жаңалық жарияланды

208

0

Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда жаңа жылдан бастап еңбекақы төлеу қорына (ЕТҚ) түсетін алым-салықтық ауыртпалық тағы ұлғайды.

Республикада еңбекақы төлеу қорының жүктемесі бүгінде шамамен 40%-ға жетіп отыр.

Салыстырсақ, Еңбек министрлігінің мәліметінше, ЕТҚ-ға түсетін жүктеме 2016 жылы 33,5% болыпты. Сарапшылар келесі жылдары 43,5%-ға дейін жетуі мүмкін деп алаңдайды.

Салдарынан жұмыс берушілер, кәсіпкерлер, компаниялар өз тапқанының жартысына жуығын ісін дамытуға, инновациялар мен озық технологияларды енгізуге, бизнесін кеңейтуге, тіпті жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге емес, сол жалақылардан ұсталатын түрлі мемлекеттік салықтарды төлеуге, қаптаған квазимемлекеттік қорларға жарна мен аударымдар түрінде аударуға мәжбүр.  

«ЕТҚ-ға жыл сайын өскен жүктеме бизнеске, барлық жұмыс берушілерге салмақты қаржылық қысым жасауда. Жалақыға алым-салықтардың кезекті рет ұлғаюы қазақстандық компаниялардың ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді және олардың өркендеуін шектейді. 2025 жылғы 1 қаңтарда еңбекақы төлеу қорына жүктемені арттыратын кезекті өзгерістер күшіне енді», – деп хабарлады Учёт.kz.

Оның сарапшыларының айтуынша, Үкіметтің бұл қадамы қазірден отандық компаниялардың қаржылық тұрақтылығын шайқалтып, олардың жоспарларына теріс ықпал ете бастады.

Бірақ шенеуніктер мұнымен тоқтайтын емес, кәсіпкерлерге, жалпы жұмыс беруші атаулыға жойқын соққыларын үстемелетуде.

«Бұл соңы емес: жылға жетпес уақыттан кейін жүктемені арттырудың жаңа кезеңі басталмақ. Жаңа тәсілдемелерді және ставкаларды енгізетін жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілетін болады. Кәсіпкерлер, бухгалтерлер, қаржы мамандары үшін бұл үлкен сынақ және зор проблемалар әкеледі, қауіп-қатер тудырады. Алым-салықтарды есептеуде қате кетсе, толық аудармаса, құзырлы органдар тексерістер жүргізеді, жете салық салады, қосымша айыппұлдармен жазалайды. Банктік шоттарды бұғаттаса, компания қаржылық орнықтылығынан айрылуы мүмкін. Мұның бәрі жаңа жағдайларға барынша бейімделуді талап етеді», – деді сарапшылар.

2025 жылы күшіне енген негізгі өзгерістер келесідей:

  • Әлеуметтік аударымдар артты: 3,5%-дан бірден 5%-ға дейін;
  • Әлеуметтік салық ставкасы айтарлықтай ұлғайды: 9,5%-дан 11%-ға дейін;
  • Жұмыс берушінің әрбір жұмысшысының БЖЗҚ-дағы шотына аударатын міндетті зейнетақы жарналары өсті: 1,5%-дан 2,5%-ға;
  • Жалақыдан төленетін бірыңғай төлем ставкасы 21,5%-дан 23,8%-ға дейін көбейіп шыға келді.

Еңбекақы төлеу қорына түскен зілбатпан ауыртпалықтан қашқан көптеген жұмыс беруші үнем қылу үшін жұмысшыларын жаппай босатуда. Тағы бір бөлігі керекті қызметтердің бір бөлігін аутсорсингке жүктеді. Оны орындайтын да бұрынғы жұмысшылары, бірақ олар енді компанияның қызметкері саналмайды.

Немесе аутстаффингтен жұмыскер жалдайды. Осы мақсатта ірі және орта компаниялар көз қылып, персоналды басқару агенттігін құрып алады және өз штатындағы мамандарды немесе тұтас ұжымды соған тапсырады. Артынша оларды агенттік атынан жалдайды.

Сондай-ақ қызметкерлерді азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (АҚС шарты) арқылы жалдайды. Ондай қызметкерлер штатта болмайды, салдарынан мемлекет талап ететін алым-салықтың бәрін жұмыс берушісі төлемейді, оның бәрі АҚС шартын бекіткен жұмыскердің табысынан ұсталады. Компания тек салық агенті қызметін атқарып, жұмыскердің тапқан табысын бермес бұрын одан алым-салықты ұстап қалумен ғана айналысады.

Мұндай схемалардың бәрі ақыр соңында Қазақстанда штаттағы қызметкерлер санының күрт қысқаруына соқтырды. Аутсорсингте немесе АҚС шарты бойынша жұмыс істейтін азаматтар қорғансыз қалды. Оларға жыл сайын ақысы төленетін еңбек демалысы берілмейді. Ауырса, жарамсыздық парағы төленбейді. Тек штаттағыларға берілетін сыйлықақы-премия, бонустар, компаниядағы әлеуметтік қолдау бағдарламалары, тұрғын үймен қамту және басқа да игіліктерден тегіс қалыс қалды.

Бұл аз болса, мемлекеттің жыл сайын арттырған алым-салықтары да олардың тапқан-таянғанына ұсталады. Мысалы, Учёт.kz мамандары АҚС шарты бойынша жұмыс істейтіндерге мемлекет тағы бір соққы жасағанын, олардың табысынан енді 5% әлеуметтік аударымды да ұстау енгізілгенін хабарлады.

Бұл проблемалар жаңа басталған «Жұмысшы мамандықтары жылында» жұмыскерлердің жігерін жасытып, еңсесін езген жайттарға айналды. Жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге жеке тұлғаларды тарту үшін олармен осындай шарт бекітетін бизнестің шығыстары да артуда.

Өйткені сарапшылардың айтуынша, алым-салық кесірінен табысы азайғандықтан АҚС шартымен істейтін білікті мамандар тариф пен төлейтін ақыны көбірек ұсынатын компанияларға ауысып немесе шетелге көшіп жатыр. Оларды ұстап қалу үшін бизнеске шығысын арттыруға тура келеді.

Қиындық жаңа салықтық заңнаманың күшіне енуімен бірге қалыңдай түсетін түрі бар. Себебі, республикалық бюджеттің және қаптаған қорлардың бюджетінің жыртығын жамау үшін мемлекет алым-салықты ары қарай арттыруға, жеңілдіктердің көбін алып тастауға ұмтылуда.

Осы орайда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов жаңа Салық кодексінің жобасы айналасында қызу пікірталас жүріп жатқанын жеткізді.

Палата құжатты пысықтау жұмыстарына бастапқы кезеңінен белсенді қатысуда. Талқылау барысында көптеген мәселені құрылымдауға, реттеуге, бизнес қоғамдастықтың бірқатар ұсынысын енгізуге, оларды мемлекеттік органдардың келісімінен өткізуге қол жеткізілген.

Қазіргі кезде Салық кодексінің жобасы Мәжілістің қарауында жатыр. Ол 2025 жылдың маусымында қабылданады деп күтілуде. Кодекс 2026 жылғы қаңтарда өмірге жолдама алмақ. Кәсіпкерлер соған дейін әлі күнге шешімін таппай тұрған көкейкесті мәселелерді қоғамдық ұйымдар мен депутаттар арқылы шешудің мүмкіндіктерін іздейді.

Басты жетістіктердің бірі – Үкіметтің жаңа Салық кодексінде қосылған құн салығы (ҚҚС) мен корпоративтік табыс салығын (КТС) күрт көтеруіне жол бермеу, олардың мөлшерлемесін қазіргі күйінде қалдыру болды. Өйткені бұл негізгі салықтарды көбейту отандық бизнестің омыртқасын опыратын еді.

Дегенмен, ақырғы шешімді бәрібір Парламент қабылдайды. Жаркенов өңдеу саласы үшін 10%-дық КТС-ті енгізу ұсынысы құпталатынынан үміт білдірді.

Сондай-ақ ол шағын және орта бизнес үшін ағымдағы салықтық жеңілдіктерді сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін ставканы 3%-дан асырмау ұсынылды: әйтпесе, Үкімет олардан 4% салық жинауға табандауда.

Осылайша, алым-салықты қазіргі күйінде қалдырудың өзі мұң болып тұр. Бірақ бұл жүктеме бәрібір артатын түрі бар. Мысалы, сарапшылардың пікірінше, B2B және B2C үшін қосарлама ставканы енгізу елде салықтық базаның кеміп кетуіне және онсыз да Орталық Азиядағы ең төмені саналатын Қазақстанның ЖІӨ-сі өсімінің одан сайын құлдырауына соқтырады.

Бизнес қауымдастықтардың байламынша, Қазақстанда еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеменің тоқтаусыз арта беруі жұмыс берушілерге қолданыстағы штаттарын ұстап тұруды қиындатты және жаңа жұмыс орындарын құру ниетінен айнытты.

Мұның бәрі елдің инвестициялық тартымдылығына кері әсер етуде және халықтың тұрмысының төмендеуіне соқтырды.

Мәселен, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2020 жылдың соңында Қазақстан халқының саны 18 879 552 адамды құрапты. Осы кезде штатта 6 млн 675,5 жалдамалы жұмысшы болған екен.

Ұлттық статбюроның мәліметінше, 2024 жылдың соңында Қазақстан халқының саны 20 243 981 адамға жетті. Алайда былтырғы жыл соңына қарай жалдамалы жұмысшылардың саны 6 млн 971 мың адамды ғана құрады.

Яғни, төрт жыл ішінде Қазақстан халқының саны 1 млн 364,4 мыңнан астам адамға көбейді. Бірақ жалдамалы жұмыстағылардың саны небәрі 295,5 мыңға өскен. Демек, осы кезеңде жасы 18-ден асқан жас ұрпақты қоса алғанда, миллионнан астам адам жұмыссыздардың армиясын арттырды, не өзін-өзі жұмыспен қамтуға мәжбүрленді. Немесе оларға штаттан тыс өз күнін өзі көруге, еңбек құқығының тапталуына көнуге тура келуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<