2020 жылдың көктем айлары тарихта ХХІ ғасырдың ең бір алаңдаушылыққа толы кезең болғандығымен есте қалатын шығар.
COVID-19 вирусы әлем бойынша миллиондаған адамдарды жұмыссыз қалдырды. Мұндай ахуал біздің елімізде де көрініс тапты.
Қазақстан экономикасында бірінші тоқсан қорытындысымен жұмыспен қамтылғандар саны 8,8 млн адамды құраса, наурыз-сәуір айларындағы карантиндік шаралар нәтижесінде жұмыссыз қалғандар 4,2 млн адамды шамалады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында осындай мәліметтер келтірді. Оның айтуынша, бірінші тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,8 процент болса, жыл соңына қарай 6,1 процентке жетуі ықтимал.
Жұмыссыздық деңгейін төмендету, кадрлық әлеуетті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында Үкімет 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасын қабылдады. Қазіргі күні осы бағдарлама негізінде ел аумағында жоспарланған 6,5 мың жобаның 5 мыңнан астамы бойынша жұмыс басталып, 130 мың жұмыс орны ашылған. Оның 35%-і жастар үлесіне тиеді. Министр осындай шаралар арқасында жұмыссыздық деңгейін жыл соңына қарай 5,9 процентке дейін түсіру көзделіп отырғанын айтады. Жаңа бағдарлама ықпалымен 225 мың жұмыс орны ашылып экономикалық тиімділік әкеледі деп күтілуде.
Қызылорда облысында «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бойынша 276 жобаны жүзеге асыру үшін 36957 млн теңге көлемінде лимит белгіленген. Жоспар – 9299 жұмыс орнын ашу. Азаматтарды жұмыспен қамту бағытында басымдық жастарға беріледі. Соның ішінде 125 жоба (3268 жұмыс орны) әлеуметтік-мәдени нысандарының, 42 жоба (1658 жұмыс орны) тұрғын үй-коммуналдық нысандарының (7476,2 млн теңге), 62 жоба (3474 жұмыс орны) инженерлік-көліктік инфрақұрылым нысандарының құрылысы, 47 жоба (899 жұмыс орны) елді мекендерді абаттандыру (2673,7 млн теңге) бағыттары бойынша жүзеге асырылмақ.
Қызылорда қаласында 5 аумақтың (Шанхай, Титов, Гагарин, КБИ, әл-Фараби) жол инфрақұрылымы салынады және көпірлер мен елді мекендердегі кіреберіс жолдар жөнделеді. Әлеуметтік-мәдени және тұрғын үй-коммуналдық салаларда 24 нысан қайта жаңғыртылып, 41-і күрделі жөндеуден өткізіледі.
Жол картасы аяқталғаннан кейін жаңа нысандардың құрылысы арқылы 452 тұрақты жұмыс орны ашылады. Облыс әкімінің төрағалығымен Жол картасын іске асыруды үйлестіру және мониторингтеу жөніндегі құрылған комиссия жұмыс жасауда.
Бүгінгі күнге 274 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланып, 229- ның мердігерлері анықталды. Жол картасы тек жұмыспен қамту ғана емес, басқа да мультипликативтік нәтижелерді береді. Жол картасы аясында іске асырылатын жобалар шеңберінде тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге көзделген қаражаттың жалпы көлемінің кемінде 90% отандық өндірушілерден сатып алынуы жергілікті кәсіпкерлерге қолдау болады. Қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілерді қажетті мамандармен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, жобаға қабылданған жұмыскерлерге карантин режимінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу, медициналық тексеру, жұмыскерлерді тасымалдау мәселелерін қарастыратын, рекруттік мобильдік пункттер Қызылорда қаласы мен Сырдария, Жалағаш, Жаңақорған аудандарында ұйымдастырылды.
Карантиндік шектеулер алынып тасталып, көптеген қызмет көрсету салалары жұмысын бастады. Дегенмен, дағдарыс салдарынан тірлігін өрістете алмай жатқан салалар да бар. Ал жұмыссыз қарап отыра алмайсың. Отбасыңды асырауың керек. Сондықтан, екі қолға бір күрек іздеген жандар жергілікті жұмыспен қамту бөлімдеріне хабарласып, жаңа бағдарлама аясында еңбекке араласуға мүмкіндік бар екенін білгені жөн.
Қазір ақпараттың заманы. Олай болса, табыс тауып отырған жұмысынан айырылған адам ашық ваканциялар ресурсын іздеп көруіне болады. Мысалы, электрондық еңбек биржасы Қызылорда облысында осы күндері 230 ваканция бойынша 118 хабарландыру беріп отыр екен. Онда жүргізуші, күзетші, балабақша тәрбиешісі, іс жүргізуші, қаржы инспекторы, мұғалімдер мен дәрігерлер, фармацевтер мен провизорлар, хатшылар мен курьерлер, құрылысшы секілді көптеген жұмыс орындары бар. Мұнан өзге, “Яндекс”, Сервис HeadHunter.kz, LinkedIn, “Работа Нұр кз”, Салон.kz, Mega Master, OLX секілді басқа да көптеген сайттарға өз резюмесін жіберуіне болады.
Қысқасы, тірлік ету керек. Ол үшін қарап отырмай жұмыс табудың қаракетін жасай беру қажет. Болмаса, өз кәсібіңді ашуға ұмтылыс жасаған дұрыс. Ал жаңадан кәсіп ашуға кеңес беретін арнайы орындар бар екенін және қаперге алған абзал.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<