Жұмысқа кел, қос білекті сыбанып

242

0

Фото: Жолаушылар тасымалы АҚ

Азамат Оразбай өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласына көшіп барды. Алғаш келгенде жалдамалы пәтердің ақшасын бір жыл бойы мемлекет төлесе, қазір «Еңбек мобильділігі орталығының» жастарға арналған үйінде тұрып жатыр.

– Маған Петропавл қаласы өте жақсы ұнады. Жазы салқын, қысы тынық, табиғаты тамаша. Бірінші кезде ата-анамыз Сібірге кетіп бара жатқандай көріп, бізді жібергісі келмеді. Бірақ осындай шешімге келген соң қарсылық білдірмеді. Келіншегім екеуміз де мұғалім мамандығын бітіргенбіз. Қала орталығында біздің мамандыққа сәйкес жұмыс орны болмады. Мені «Еңбек мобильділігі орталығының» басшысы жұ­мысқа алды. Өзге жерге бой үйретіп, ортаға тез сіңіп кету үшін қала орталығында тұру­ды ұйғардық. Алдағы уақытта маман­дық бойынша солтүстік өңірдің ауыл аймақ­тарына барып жұмыс істеуге әзірмін. Осы қалаға келіп келіншегім екеуміз қызды болдық. Бір сөзбен айтқанда солтүстік өңірде берекелі өмір кешіп жатырмыз, – дейді жас маман.

Еліміздегі еңбек күшін реттеу үшін оң­түстіктен солтүстікке қоныс аудару бағ­дар­ламасының жүзеге асып жатқанына да бірнеше жыл болды. 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағ­дар­ламасының үшінші бағыты «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру» аясында солтүстікке 735 отбасы қоныс аударған. Ал 2022 жыл­дан бері жаңадан «Қуатты өңірлер – ел дамуы­ның драйвері» ұлттық жобасы іске асы­рылуда. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының бөлім басшысы Нұржан Өмір­зақовтің айтуынша, биыл солтүстікке көшуге 9653 адамға өңірлік квота белгіленсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 170 адамға артық.

– Биыл Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қос­танай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау, Қара­ғанды облыстарына квота қарастырылған. Бағ­дар­лама 2013 жылдан бері жүзеге асырылып ке­леді. Жалпы жұмыс күші аз өңірлерге 2020 жыл­дан бері облыстан 708 отбасы қоныс аударды. Кейінгі 5 жылдың ішінде Солтүстік өңірлерге қоныс ауда­рушылардың қатары көбеюде, яғни 2020 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты. Былтыр Солтүстік өңірлерге 122 отбасы (құра­мында 431 адам) қоныс аударды. Оның ішінде Қостанайға 27, Солтүстік Қазақстан облысына 56, Павлодарға 29, Шығыс Қазақстанға 4, Ұлытауға 1, Абай облысына 5 отбасы барды.

2020 жылдан бері қоныс аударғандардың 448 немесе 81,7 пайызы тұрақты жұмысқа орна­ласқан. Олардың 34,8 пайызы өнеркәсіп және құрылыс, 25 пайызы ауыл шаруашылығы, 18,1 пайызы білім беру, 7,6 пайызы денсаулық сақтау, 14,5 пайызы өзге салаларда.

Көшіп барғандардың басым бөлігі Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыс­тарын ыңғайлы көреді. Бұл облыстарда ауыл ша­руашылығымен айналысу үшін, өндіріс ошақ­тары, білім беру, денсаулық сақтау секілді сала­ларға жұмысқа орналасу мен ауа райының қолай­лығы таңдауға сеп. Ал жыл басынан бері 8 отбасы 34 мүшесімен қоныс аударып үлгерген.

Солтүстік шақырады!

Иә, жұмыс күші тапшы, халық саны аз теріскейдегі тұрғын санын ішкі көші-қон арқылы реттеу еліміздің территориялық тұтастығын сақтауға, ұлттық салт-санадан ажырамауға, тіл мәселесінің оң шешілуіне ықпал ететіні белгілі. Дегенмен, ондағы баспана жайы,  шаруаның ың­ғайы – қоныс аударушылар үшін  басты мәсе­ле. Сондықтан Үкімет тарапынан арнайы бағдар­лама қабылдау қажет болды. Бүгінде күнгейден терістікке қоныс аудару жайы қалай? Бағдарлама жемісін беріп отыр ма? Мұны өңірге солтүстіктен арнайы келген мамандар  аузынан естіп көрелік.

– «Болашаққа бағдар» жәрмеңкесі – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді тікелей байланыстыратын тиімді алаң. Біз бұл шараға мемлекеттің жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін азаматтардың ерікті түрде қоныс аударуына ықпал ететін бағдарламаны түсіндіру мақсатында арнайы келіп отырмыз. Жұмыс күші тапшы өңірлерге көшу – ел экономикасының теңгерімді дамуы үшін маңызды қадам.

Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласының ма­ңызды орталығы. Облыста жаңа жұмыс орын­дарын құру бойынша ауқымды шаралар жүргізілуде. Жұмыс күші тапшы аймақ ретінде біз еңбек ресурстарын көбейтуге, кадр жетіспеу­шілігін шешуге ерекше көңіл бөлудеміз. Осы бағытта Қызылорда облысымен тығыз ынтымақтастық орнатылып келеді. 2020 жылдан бастап Қызылорда облысынан Солтүстік Қазақстан облысына 765 адам немесе 238 отбасы қоныс аударды. Бұл отбасылар қазір біздің өңірде тұрақты өмір сүріп жатыр, олардың барлығының тұрғын үйі, жері бар және әлеуметтік жағынан жақсы қамтамасыз етілген. Бұл бағдарламаның тиімділігін көрсететін нақты мысалдардың бірі. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жұмыс көп. Сонымен қатар зоотехник, ветдәрігер, жылқышы керек. Мектептерде екі және үш ауысым деген жоқ, балаларға өте ыңғайлы. Біз кө­шуге ниетті аза­маттарды қолдауға, жаңа орта­ға бейім­делуге көмектесуге дайынбыз, – деді Сол­түстік Қазақстан облысының «Еңбек моби­ль­ділігі» орта­лығының директоры Аман Төрегелдин.

Шығыс Қазақстан облысы, еліміздің оңтүстік өңірлерінен, оның ішінде Қызылорда облысынан азаматтарды жұмыс күші тапшы аймақтарға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жыл басынан бері облыстан шығысқа 3 отбасы қоныс аударып, тұрақты жұмысқа орналасып, жаңа өмір бастады. Бұл – еліміздің ішкі көші-қонын жүйелі жүргізудің, азаматтарға нақты қолдау көрсетудің нәтижесі.

– Біздің өңірде білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өндіріс және қызмет көрсету салаларында бос жұмыс орындары жеткілікті. Қоныс аударушыларға тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдер тағайындау, балаларды мектепке немесе балабақшаға орналастыру сияқты жан-жақты қолдау қарастырылған. «Болашаққа бағдар» жобасы – тек бос жұмыс орнын ұсыну ғана емес, бұл – жаңа өмірге жол ашу, отбасы үшін тұрақты тұрмыс пен жарқын келешекке бастар жол. Біз басым бағытты шекаралас аудандарға берудеміз. Ол Марқакөл қорығы, Қатон- Қарағай, Тарбағатай, Самар аудандарына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Алдын ала келіп, танысуға болады. Биыл 641 адамға квота қаралса, оның жартысын игеріп қойдық. Себебі, шырайлы Шығысқа келушілер көп, – дейді Шығыс Қазақстан облысының «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Ал  Павлодар облысы – көші-қон бағдарлама­сына ең бірінші болып қатысқан өңірлердің бірі. 2016 жылдан бері 20 000-ға жуық адам көшіп барған. Олардың 90 пайызға жуығы тұрып жатыр.

– Бағдарлама бастау алған жылдары бізде де күмән болған еді. Алайда оңтүстіктен Павлодарға ке­лушілердің саны жыл өткен сайын артуда. Биыл біз 4050 адамды қабылдауға дайынбыз, – деді Павлодар облысының «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Меруерт Сейтбекқызы.

Ұлытау облысы – еңбек күші тапшы, бірақ жұмысқа ниетті азаматтарға есігін айқара ашқан өңірлердің қатарында. Ол аралары бір-біріне жақын орналасқан үш қала, екі ауданнан тұрады. Тау кен саласы мен мал шаруашылығы дамыған.

– Біз жәрмеңке арқылы тек жұмыс орындарын ғана емес, жаңа мүмкіндіктер мен тұрақты өмірге бастар жол ұсынып отырмыз. Қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан барлық тиісті қолдау көрсетіледі. Жаңа ортаға тез үйреніп, өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасалады. Ұлытау облысы – тамыры терең, табиғаты көркем, болашағы зор өңір. Сіздерді осы қасиетті аймақтың дамуына үлес қосуға шақырамыз, – деді Ұлытау облысының жұмыспен қамту басқармасы басшысының орынбасары Шәміл Жұманазарұлы.

Абай облысы – әлеуеті зор, кәсіби мамандарға сұраныс жоғары өңір. Жаңадан құрылған бұл облыс бүгінде даму қарқынына ие, тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуда. Өткен жылы Қызылорда облысынан 5 отбасы қоныс аударып, өздеріне лайықты жұмыс тауып, жаңа ортаға сәтті бейімделді.  Бұл – өзара сенім мен жүйелі жұмыстың нақты жемісі, – дейді Абай облысының «Еңбек мобильділігі» орталығының бөлім басшысы Айдана Аманғазықызы.

Экономикалық тұрақтылыққа үлес қос

Облыста жұмыссыздар санатындағы адамдар ішінде 1962-нің білім беру, 1546-ның медицина, 886-ның  құрылыс, 1154-нің қызмет көрсету, 2168-нің  тех­никалық мамандығы бар.  Ал солтүстік өңірлерге дәл осы маман иелері жетіспейді. Мәселен, Солтүстік Қа­зақ­станға 210 мұғалім, 247 денсаулық саласының ма­маны, 26 мем­лекеттік қызметкер қажет. Қостанай об­­лы­­сын­да 229 ауыл шаруашылығы, 88 мұғалім, 57 ден­сау­лық сала­­сының ма­манына сұраныс бар. Сондай-ақ Пав­­ло­дар облысына 1232 өндіріс саласының мама­ны, 605 бі­лім беру, 133 денсаулық саласының қызмет­кері жетіс­пейді.

Жалпы Солтүстік өңірлерге қоныс аудару жобасы аясында өңірімізден кейінгі 5 жыл­дың ішінде 688 отбасы құрамында 2292 адамы­мен қоныс аударған. Оның ішінде 80 пайызға жуығы тұрақты жұмысқа орналасып, тұрғын үй­мен, біржолғы қаржылай көмекпен қамта­ма­сыз етіліп, коммуналдық тұрғын үй және үйді жалдау шығыстарын өтеуге қаржылай қолдау көрсетілген. Сонымен қатар, қоныс аударған­дар­дың ішінен жоғары оқу орнын аяқтап тұ­рақ­ты жұмысқа орналасқаны мен мемлекеттен қаржылай қолдау алып кәсібін дөңгелентіп отыр­ғандары да бар. Бұндай қолдау шаралары қоныс ау­даруға ниет білдіргендердің барлығына көрсетіледі.

Қысқасы, жұмыс күшіне қажеттілігі бар өңірлерге барып, мамандыққа сәйкес еңбек көзін тауып, тиісті әлеуметтік жағдайларды пайда­лануға әрі алдағы мақ­саттарды бекемдеуге мүм­кін­дік бар. Әсіресе мұндай мүмкіндікті жастар жіберіп алмауға талаптанғаны жөн секілді. 

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»