Жұмысшы ынтасы жалақыға байланысты

285

0

Қазақстанда кадр тапшылығы жеткілікті. Ресми мәліметке сүйенсек, алдағы жылдары мұндай жетіспеушілік саны арта түседі. Сұраныстың көбі – техникалық мамандықта. Ал жалпы республикада жыл сайын 150 мыңға жуық студент жұмысшы мамандықпен диплом алады. Соның 80%-ы жұмысқа тұратын көрінеді. Бірақ мұның өзі өндіріс пен түрлі кәсіпорынға қажет маман санын толықтырған емес.

Мемлекет мүддесі де осы

Аталған мәселе ауылдан бастап Ақорда айналасына дейін жіті таныс. Содан болар, былтыр жыл соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылын» жариялаған еді. Желтоқсан айының соңында Жарлыққа қол қойылды. Тиісті құжат күшіне енді. Биылғы атаулы жылдың мақсаты аян. Ол – нағыз еңбек адамдарын қоғамда дәріптей отырып, елдегі түрлі жұмысшы мамандардың мәртебесін әйгілеу, насихаттау.

Тиісті Жарлық шыққан соң Үкімет те үндемей қалмады. Жыл басында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен отырыс өткен. Тақырыбы да осы атаулы жылға қатысты болды.

Сол жиында мәлім болғандай, жұмысшы мамандықтардың маңызын арттыру, техни­калық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауда Үкімет «Жұмысшы маман­дықтар жылын» ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспарын бекітті. 7 бағыт пен 70 қадамнан тұратын құжатта жаңа мамандықтар атласын әзірлеу, кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын жүзеге асыру, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, кәсіби білікті кадрлар даярлау, сапалы жұмыс орындарын құру, жұмысшы кадрлардың құқығын қорғау және мәртебесін көтеру мәселесін қамтыды.

Осы отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елдегі 4,8 миллион адамның (барлық жұмыс істейтін азаматтың 52%-ы) кәсіптік немесе техникалық білімі барын мәлімдеді. Өткен жылы мұндай мамандарға қажеттілік (270 мыңнан астам бос жұмыс орны) жоғары болған. Керекті кадрлар көлік, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда көбірек сұраныста.

Министрдің сөзінше, алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам деп жоспарланған. Ал мұның жартысынан астамы кәсіптік-техникалық білімі бар жұмыскерлерге тиесілі болса, оның ішінде 400 мыңға жуығы – жұмысшы мамандықтар. Бұған мамандандырылған техника жүргізушісі, сантехник, дәнекерлеуші, құрылыс мамандықтары мен техникалық бағыттағы жұмысшылар жататыны белгілі.

Сұраныстың көбі – техникалық мамандық

Жұмысшы өкілдеріне тұтастай бір жылдың арналуы Қазақстандағы сан мыңдаған еңбек адамдарының еңсесін көтергендей. Әрі бұл саладағы еңбек өнімділігін еселеп арттыруға септігін тигізері анық. Тек айтылып жатқан қолдау шаралары биылғы жылмен тоқтап қалмауы керек.

Ал сарапшылар мен сала ардагерлері атаулы жылды пайдаланып, әр өңір басшылығы ауыл не қалада болсын, нағыз тапшы мамандықты дайындайтын қысқа мерзімді курстар ашқанын қалайды. Мысалы, қазір елдегі көп ауылда трактор, комбайн руліне отыратын механизаторлар тапшы. Бұл мәселе біздің Қызылорда облысына да таңсық емес. Қарап отырсаңыз, күріш өсіруші шаруашылықтардағы қызметкерлердің көбі зейнетке шықса да осы жұмыста жүр, яғни ауыл шаруашылығы техникаларын тізгіндейтіндердің қатарында жастар аз. Сондай-ақ қаладағы өндіріс орындарында кейбір техмамандық тапшы.

Сенат депутаты Руслан Рүстемовтің сөзінше, бүгінде озық елдердің тәжірибесін мысал етсек болады. Олар өздеріндегі жұмысшы маманды жан-жақты қолдап, ортақ іске жұмылдыру арқылы стратегиялық жоспарларын шындыққа айналдырған.

– Әлемде ең дамыған экономиканың бірі, экономикалық дамудың Шығыс Азия моделін таңдаған Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур және Қытай елі жұмысшы мамандықтарға басымдық беріп, ауыр өнеркәсіптен бөлек, шағын және орта бизнесті, отбасылық кәсіпті ілгерілетудің оңтайлы жолын тапты, – дейді Руслан Рүстемұлы. – Мысалы, Оңтүстік Кореяны айтсақ. Бұл мемлекет ХХ ғасырдың 60-жылдары аграрлы саясат ұстанған кедей мемлекет болса, қазір дамыған өнеркәсіптік ел­ге айналды. Әсіресе тұр­мыстық электроника­ның ірі өндірушісі. Ал оларға жетістік оңай келді деймісіз? Үкімет өз азаматтарын техникалық мамандықтарға қызықтыра білді. Артынша ірі өндіріс орындарын құруға ба­сымдық беріп, солармен қатар шағын және орта бизнес кластерін да­мытуға жол ашты. Ең бастысы, кореялықтардың еңбекқорлығын шың­дап, күнұзақ жұмыс істеуге үндеді. Қазір жалпы­ұлттық мұрат шындыққа айналып, әлемдік эконо­микада Оңтүстік Корея 12-орынға тұрақтап отыр. Бізге де ұзақжылдық стра­тегиялық жоспарларды орындауда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ортақ іске белсенді араласып, еңбекқорлық таныту керек. Олай етпесек, мақсатымыз аяқсыз қалары анық.

Руслан Рүстемовтің сөзінше, ірі өндіріс орындарынан бастап күнделікті аяқкиім тігетін еңбек адамына дейін лайықты баға берілгені жөн. Сонда ғана олардың қоғамдағы орны биіктей түспек.

Ел тұрғындары да «Жұмысшы ма­ман­дықтар жылын» бос дақпыртпен өткенін қаламайды. Әрі оңды-солды марапат, түрлі алғыс хат немесе грамота, толып жатқан төс­белгі қарапайым жұ­мыс­шыға қолдау бол­майтыны әу бастан белгілі.

– Қазір Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылында» барлық салада қолдау жоқ емес. Әсіресе, бұл өндірістік-техникалық және азаматтық құрылыс саласында қызмет атқаратын мамандық иелерінің қызметі бағаланғаны деп білемін. Мұндай мамандық иелері өз еңбектері арқасында еліміздің экономикалық дамуына орасан үлес қосуда. Сала ардагері ретінде айтарым, осындай мамандық иелеріне атқарып жүрген жұмыстың ауыртпалығы ескерілсе деймін. Екіншіден, басқа мамандық иелеріне карағанда зейнет жасына ертерек шығуына, зейнетақысына қосымша үстемақы төленуіне мемлекет тарапынан қолдау болғаны дұрыс, – дейді еңбек ардагері Сламхан Дөсекбаев.

50 жылға жуық құрылыста тер төккен қармақшылық ардагер тиісті құрылымдардың қай мамандыққа сұраныс басым екенін зерттеп, мұны қазірден қолға алу керектігін айтып отыр. Оның сөзінше, қалай болғанда да еңбек адамдарына арналған жылдың шарапатын халық сезінуі тиіс.

Жалақы жарытымсыз болса…

Кейбір өңірлерден бөлек, үлкен мегаполистерде (Астана, Алматы) мұндай қат мамандықтар әлі жетіспейді. Болса да олар өз мамандығынан тыс салада жұмыс істейді. Басты себеп – жалақының аздығы. Күнкөріске жетпейтін еңбекақы болған соң берілген қызметтен бас тартып жүргендер көп. Бұл сөзімізді елорда іргесіндегі Қоянды ауылының «Келешек» мектеп-лицейінің директоры Рысжан Шамұратова да растап берген-ді. Мектеп басшысының айтуынша, қоғамда жұмысшы мамандық иелеріне лайықты қолдау көрсетіліп, мемлекет тарапынан бар мүмкіндік қарастырылуы тиіс.

– Мысал көп. Астанадағы өзім жұмыс істеген немесе басқарған білім мекемелерінде сантехник, электрик, аула сыпырушы, асхана қызметкері, жүргізуші, т. б. кәсіп иелері бар. Шынымды айтсам, үлкен қалада осы маман­дыққа сәйкес қыз­меткер табу тым қиын. Себебі сантехник жеке жұмыс жасағанды ұнатады. Күнделікті жақсы табыс табады. Қазақстандағы ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды десек, дәл осы жалақыға мектеп еденін жууға ешкім кел­мейді. «Мұн­дай жалақымен күн көре алмайсыз ғой», «Осындай үлкен қалада ма?», «Әзіл­деп отырған боларсыз?». Бұл – вакан­сиямен келген жұмыс іздеушілердің сөзі. Тағы бір мысал, жаңа оқу жылының басында асханаға қызметкерлер табу қиынға соқты. Колледж бітірген жас аспаздарды шақырсақ, олар мүлде келмейді. Себебі біреу – жалақы өте төмен. Келген адамға қосымша жарты бірлік қосып беріп, жұмыс істеуіне әрең көндіресің. Мұндай мамандық иелерінің көбі нәпақасын басқа саладан іздейді, – дейді ол.

Оның сөзінше, арнайы белгіленген жылда мемлекет ең бірінші олардың жалақысының артуына ықпал жасауы қажет.

Қолдау бір жылмен шектелмеуі керек

Қазір республикада 770 колледж бар болса, соның 600-ден астамы салаға қатысты мамандық даярлап келеді. Қазір аталған оқу орындары елдегі сұранысты қамту үшін білім гранттарын да көбейткен.

Бұл үрдіс біздің облыста да қалыптасқан­дай. Қазір өңірде 28 арнайы оқу орны бар. Соның ішінде 19 колледж 45 жұмысшы мамандық бойынша білім береді.

«Биыл оқуға қабылданған 5308 студенттің 2231-і жұмысшы мамандықтар бойынша білім алады. Халықаралық талаптарға сәйкес, облыста шетелдік оқу орындары, ірі кәсіпорындармен екіжақты әріптестік байланыс орнату, жаңа техно­ло­гияларды пайдалана отырып кадрлар даярлау жүзеге асырылуда. Бұл ретте 2023 жылы колледждерді бітіруші 5293 студенттің 4585-і жұмысқа орналасып, көрсеткіш 86,6% құраса, мемлекеттік тапсырыспен бітірген 3401 студенттің 2903-і жұмысқа орналасып, көрсеткіш 85,4% болды. 2024 жылы колледждерді 5895, оның ішінде 3916 студент мемлекеттік тапсырыспен оқуын аяқтады. 4986 бітіруші жұмысқа орналасып, көрсеткіш 84,5%, мемлекеттік тапсырыспен бітірген 3230 студент жұмысқа орналасып, көрсеткіш 82,4%-ды құрады. 2025 жылы колледждерде 5555 студент оқуын аяқтады» деп көрсетеді облыстың білім басқармасы өз ресми мәліметінде.

Салалық басқарма берген мәліметке сүйенсек, студенттерді әлеуметтік қолдау мақсатында 2024 жылдың 1-ші қыркүйегінен бастап колледждерде білім алушы студент­тердің шәкіртақысы 50%-ға артқан. Айталық, Арал, Қазалы аудандарындағы колледж студенттері 65 мың, қалған аудандар мен Қызылорда қаласында білім алатын студенттер 56 мың теңге шәкіртақы алады екен.

Сонымен қатар, «Жұмысшы мамандықтар жылында» «Мансап компасы» платформасы арқылы 5000 оқушыға кәсіби бағдар беру, 20 мың оқушыға кәсіпорын базаларына экскурсиялар ұйымдастырылып, 40 мектеп базасында бейінді сыныптар ашылған. 1500 оқушының қатысуымен «JasSkills», «JuniorSkills» шеберлік конкурстары өткен. Колледждер базасында 300 кәсіпорын мен бизнес өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі мен ашық есік күндері ұйымдастырылыпты.

– Мемлекет басшысы жариялаған атаулы жылдың маңызы сол, бұл – тек бір салаға маман дайындау емес, елдің экономикасының тірегі саналатын мамандықтардың маңызын қайта бағалау. Яғни кәсіби білім беру жүйесін жаңғыртып, еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Жұмысшы – заманауи технологияны меңгерген, еңбек нарығында сұранысқа ие білікті маман. Біздің колледж қазір 31 біліктілік бойынша мамандар дайындайды. 2430 білім алушы дәріс алады. Аталған жыл аясында дуальді оқыту кеңейіп, өндіріс орындармен бірлескен жобалар жүріп жатыр. «Агрономия», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету және пайдалану», «Ветеринария», «Электрмен қамтамасыз ету», «Жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қон­дыр­ғылары», «Теміржолдың ва­гон­дар мен рефрижераторлы және техникалық қызмет көр­сету» мамандықтар бойынша 368 студент дуальді оқыту технологиясымен білім алады, – дейді И.Әбдікәрімов атындағы  Қызылорда политехникалық жо­ғары колледжі директорының орынбасары Бауыржан Ермұхан.

Қазір колледждің өндірістік сабақтары Ы.Жақаев атындағы Күріш шаруашылығы ҒЗИ-да, Электр то­рап­­тарын тарату ком­паниясында, Авто­мобиль жөндеу мекемелерінде, Тепловоз жөндеу цехында тәжірибелі ма­мандардың басшылығымен өтіп жатқан көрінеді. Сондай-ақ биыл ауыл шаруашылығы, поли­тех­никалық, мұнай-газ, теміржол мамандықтарын 152 студент бі­тірген. 45 түлек мамандығымен жұ­мысқа орналасып, кейбірі жо­ғары оқу орнын жалғастырыпты. Кейбір бітірушілер мамандығымен дәне­кер­леу, автомобильге қызмет көр­сету, ғимараттарды электрлендіру, мал дәрігерлігі арқылы жеке кәсіптерін ашыпты. 

– Менің ойымша, жұмысшы жалақысы – мамандықты бағалауды анықтайтын ең бас­ты көрсеткіштің бірі. Жалпы жоғары жалақы мен  бонустар жұмысшы мамандықтарының рөлін ел ішінде көтермелейді. Дәл осы жағдай күн тәртібінде кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Екіншіден, әлеуметтік қорғауда еңбек шарттарын заңмен реттеу жұмысшылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, маман даярлауда сапасын жоғарылату білім беру жүйесіне тікелей байланысты. Қазір дуальді оқыту жұмысшы мамандарды даярлаудың тиімді жолы болып отырғаны рас.  Тағы бір ата кетер жайт, облыстағы жаңа кәсіпорындардың көптеп ашылуы мамандардың жұмысқа кедергісіз тұруын тездетеді, – деп ой қорытты колледж директорының орынбасары.

 Бауыржан Ермұханның айтуынша, бүгін ғана қолына диплом алған жасты ешкім де жайлы орынға жайғастыра салмасы анық. Қоғамда да көп ретте жастардың жұмысшы мамандықтарына жиі бара бермейтіні ай­тылады. Сондықтан Үкімет қолдау білдірген кәсіпкерліктің қызмет көрсету саласында жастардың өз жұмысшы мамандығымен жеке кәсіп ашуға мүмкіндіктің берілгені қуантып-ақ тұр. 

Сөз басында Үкімет отырысын айтқан едік. Сол жиында экономиканың басты өндірістік қуаты – кәсібін жетік меңгерген жұмысшы мамандар екенін айтқан Премьер-министр Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырғаны белгілі. Артынша «Отбасы банк» тарапынан «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы іске қосылды. Аталған қолдау шарасы да Үкіметбасы айтқандай, жұмысшы мамандық өкілдері арнайы жеңілдетілген бағдарламамен үйлі болып, салаға деген қызығушы буынның қатарын арттырмай ма? Әрі жоғарыда айтқандай, жалақысы жоғары болса, мұндай еңбек адамының да көңілі хош, базары бақыт. Өз Отанының мүддесі үшін бар жігерін аямай қызмет қылары анық.

Түйін. Жыл соңына таяп қалды. Ал жұмысшы жұртта атаулы жылдың қолдауы бір жылмен тоқтамаса деген тілек бар. Сонда ғана әр салада тер төгіп жүрген азаматқа, яғни құрылысшы, диқан, жүргізуші, шахтер, кенші және басқа да көптеген қарапайым жұмысшы өкіліне құрмет арта береді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»