Жыл басынан бері 5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды

215

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Сыр өңірінде егін шаруашылығынан бөлек, мал жайы да жақсарып келеді. Кеңінен тарқатсақ, облыс бойынша 1 наурызға дейін 395,3 мың бас мүйізді ірі қара, 717,6 мың бас қой мен ешкі, 239,3 мың бас жылқы, 60,1 мың бас түйе және 127,1 мың бас құс тіркелді.

Осылайша, мал шаруашылығы 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда МІҚ – 109,0 пайызға, қой мен ешкі – 110,1 пайызға, түйе –104,0 пайызға, жылқы – 101,0 пайызға, құс – 106,0 пайызға ұлғайған.

Бұдан бөлек, облыстың ауыл шаруашылығы саласының өнімдеріне шет мемлекеттерден сұраныс айтарлықтай артып келеді. Мәселен, осы жылдың 1 ақпанына дейінгі статистикалық мәлімет бойынша құны 3,4 млн долларды құрайтын 5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өнімі 12 мемлекетке экспортталған. Барлық экспортталған өнімнің 89,4 пайызын негізгі дақыл – күрішті құрайды. Сыр өңірінің басты бренді саналатын күріш өнімі Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Украина және Ирак мемлекеттеріне экспортталды.

Сондай-ақ, облыстан Ресей, Литва, Кытай, Дания, Нидерландия, Чехия мемлекеттеріне 306,1 тонна балық экспортталса, ал Германия, Дания, Польша және Нидерландия елдеріне 220,3 тонна қамыс жөнелтілген.

Инвестиция тарту игілікке бастайтын жол десек, бұл бағыттағы жобалар да өз жемісін беріп келеді. Айталық, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, агроөнеркәсіптік кешен саласында 2024-2026 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасы әзірленуде. Қолға алынған жол картасы аясында облыста құны 49,5 млрд теңгені құрайтын 27 инвестициялық жоба қамтылған. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы арқылы 270 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар. Ал, биыл жалпы құны 3,2 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<