ЖЫЛ ЖӘНЕ ЖЕТІ АУЫЛ

394

0

Соңғы жылдары Наурыз мерекесін жаңаша өткізу туралы пікірлер айтылып қалып жүр. Бұл дұрыс та, өйткені мерекеде көбіне клуб ішінде концерт көріп, наурыз көжеден ауыз тиіп қана қайтамыз. Одан қалса, жылдағы салт-дәстүрден қойылым беріп, спорт түрлерінен шағын жарысты тамашалаймыз. Бітті, осымен тәмам. Ұлыстың ұлы күнін шынайылықпен тойлау әлі де жетіспейтіндей. Бір қуанарлығы, соңғы жылдары Сыр бойындағы көп елдімекендер әз-Наурызды ерекше тойлап жүр. 

Арал ауданында Наурыз мерекесін жылда ерекше атап өтуге тырысады. Теңізге құяр сағаға жақын орналасқан шағын ғана Жаңақұрылыс ауылындағы жұрт ұлыстың ұлы күніне ертеден дайындалады.

Әдетте, 21-нен 22-ші наурызға қараған түні ауыл жастары кешкі сауық ұйымдастырады. Мұнда ән де, би де кештің көркі болуымен қатар, алтыбақан құрылып, жеңге мен қайны немесе  ұлдар мен қыз балалар қосыла тербетіліп, ән шырқайды. Ұлттық ойындар, оның ішінде, «Ақсүйек» ойыны жыл сайын ойнатылады. Қарулы жігіт алыстата сермеп лақтырған сүйекті табу кім-кімге де оңай емес. Топтасқан жас­тар арнайы белгісі бар сүйекті ұзақ іздеп, жүлдені жеңіп алуға тырысады. Түн ауғанша жастар ұйымдастырған сауық жалғаса береді. Ал ертеңіне жаңақұрылыстықтар жылдағы дәстүрмен Наурыз тойын көпшілік болып тойлайды.

Қазалыдағы Бекарыстан би атындағы ауылда 500-ден астам шаңырақ бар. Мұндағы мерекеде ән-биден бөлек, спорттық жарыстарға басымдық беріледі. Айдың ортасынан бастап әр көше жастары волейболдан турнир өткізіп, тұрғындар жаяу жарыстан марафонға қатысады.

Көшелер сайысы мұнда керемет өтеді. Әр көшеден өнер сайыстары ұйымдастырылып, жылдағы дәстүрмен өнерлі отбасы анықталады. Жастар жылына орай, жас отбасылар арасында ұлттық ойын – арқан тартыстан жарыс өтіп, білегі мықты жас жігіттер әр көше атынан аударыспаққа да қатысады. Тағы бір ерекшелік, ауылда әр көшеден бір адам семіз, ту қойды көтеруден сайысқа түсіп, ұтқан ауыл тұрғыны сол қойды өзімен бірге алып кете береді.

Сырдария ауданына қарасты ақиық ақын Асқар ауылында тұрғындар ертелетіп орталық алаңға асығады. Мұнда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алаң сахнасы мерекеге сай безендірілген. Мерекелік көңіл-күйдегі жұртшылық бір-бірімен құшақ айқастырып, бір-біріне жақсы тілектерін жеткізіп жатады.

Бір таңғаларлығы, ауылда 16 көшенің тұрғындары 16 қазан көже әзірлеп, айрықша думандатады. Ал «Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС демеушілік көрсетіп, облыс орталығынан әнші-бишілерді арнайы шақырту үрдіске айналған.

Қармақшының қойнауында Жаңақала деген ауыл бар. Қазіргі атауы батыр Тәйімбет Көмекбаев атындағы ауыл. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елде қарбалас басталады. Себебі, ауылдан түлеп ұшқан азаматтар Наурыз мерекесін тойлауға республиканың түкпір-түкпірінен ағы­лады. 1989 жылы Наурыз мерекесін жаппай тойлау басталғанда алғаш болып мерекелеген жаңақалалықтар өз ауылында салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай өткізеді. Отыз жыл бұрын басталған Наурыз мейрамын 1947-1948 жылғы туған ауыл азаматтары қолға алып, демеушілік жасаған. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасын табуда. Жыл сайын өз кезегінде әр жылы туғандар мерекені өткізу міндетіміз деп біледі.

Биыл да дәстүр бойынша Ұлыстың Ұлы күнін 1986-1987 жылы туған жандар өткізеді. Бұл жылда орын алатын үрдіс екен. Әз Наурызда туған жерге тағзым жасайтын жаңақалалықтардың осы дәстүрі өзгелерге үлгі боларлықтай.

Жалағаш ауданындағы Бұқарбай батыр ауылында Наурыз мерекесі сән-салтанатымен тойланады. Ауыл ортасында қаз-қатар тігілген аппақ киіз үйлер ұлттық на­қышта безендіріліп, ән мен күй әуе­леп, ізгі тілек пен ақ бата төгіледі. Мұндағы өзгешелік, арнайы театрландырылған көрі­­ніс­тен бастау алған ұлық мереке күміс көмей ән­шілердің, күйшілер мен мың бұралған биші­лердің өнерімен кешке дейін жалғасады. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткі­зі­ліп, білегі мықты палуандар мен тас көтерер толағайлар арасынан мық­тылар анықталып, ел ақсақалдары бата беріп, арнайы жүлдемен марапаттайды.

Шиелідегі ұлы күнді тойлау ынтымағы жарасқан Сұлутөбе елді мекенінде өз сәнін табуда. Мұндағы жұрт төрт түлігін өріске өргізген соң, ұлттық киімдерін киіп алаңға қарай аяңдайды. Өйткені, Наурыз осы жерде тойланады. Орталыққа жиналған ақ сақалды қариялар, ақ жаулықты аналар амандық-саулық сұрасып, төс қағыстырып, бірін-бірі құттықтайды.

Бір қызығы, бұл ауылда ер кісілермен қатар, әйелдер жағы да күреске түсіп, жүлде ұтады.

Жаңақорғанда өзге аудандарға қарағанда көк ерте шығып, жұрт көктем лебін ертерек сезінетіні рас. Мұнда Бесарық ауылында өтетін наурыз думаны ерекше. Наурыз жақындаған сайын ауыл келіншектерінде де тыным жоқ. Олар бір үйге жиналып, бір ауылға жететін дастарханның қамын жасайды. Шара-шара бауырсақ пісіреді. Тәттілер мен салаттың түр-түрін дайындайды.

Азаматтар арасындағы ұлттық спорттан бөлек, мұндағы жұрт делебесі қоза тамашалайтын сайыс – көкпар. Салым салуға асыққан сом білекті жігіттерге сүйсінген ақсақалдардың кеу-кеулеген дауысын осында естисіз. «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Қыз қуу» ойындары мұнда жиі ойнатылады. Айтпақшы, ұлттық киімнің түр-түрін білгіңіз келсе, Бесарыққа барып, арнайы көрмені көріңіз.

Сөз соңында. Иә, ауылда Наурыз ерекше тойланады. «Ұлыстың ұлы күні қазан толса, сол күні ақ мол болар» дегендей тай қазанда наурыз көже пісіріп, енді бірінде қыстан қалған сүр ет асылады. Қариялардың өнегелі әңгімесін де осында естисіз.

«Наурыз көжені тойып ішсеңіз, келесі жылға дейін тоқ жүресің» деген сөз бар. Бейбіт күнде берекелі ғұмыр кешіп, қара қазаның ортаймасын, қазағым!

Ержан ҚОЖАСОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<