Жылу беру маусымы – қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет ететін кезең. Маусым басталған сәттен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрттің алдын алу мақсатында тұрғындармен тығыз жұмыс істейді. Биыл да бұл шаралар жалғасын тапты. Осы орайда жауапты сала мамандары БАҚ өкілдерімен бірлесіп арнайы пресс тур ұйымдастырды. Қала іргесінде орналасқан «Сабалақ» елді мекеннің тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отбасылардың үйіне көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғы (датчик) орнатылды.
Жылу беру маусымы басталған кезде тұрғындар өрт және газ қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше мән беруі керек. Сақтық шараларын уақытында қолға алу төтенше жағдайдың алдын алуға көмектеседі. Өрттің алдын алуда өңірде атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Бұл туралы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбеков кеңінен айтып берді.
– Облыс көлемінде жылу беру маусымының басталуына байланысты тиісті шаралар ұйымдастырылуда. Оның ішінде бұйрыққа сәйкес өрт қауіпсіздігі айлығы бекітілді. Әр аптаның сәрсенбі, жұма, сенбі күндері қызметкерлер тұрғын үйлерді аралап, мұржа тазалап, датчик орнатуда.
Қазіргі таңда облыс көлемінде 352 өрт оқиғасы тіркелсе, оның 204-і тұрғын үй секторында болған. Өрттің шығу себебі – электр желілерінің қысқаша тұйықталуы, от жағатын пештің ақауы. Осыған байланысты тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өрттің алдын алу шаралары күшейтілуде. Сондай-ақ төтенше жағдайлар, полиция департаменті мен түрлі волонтерлық ұйым өкілдері және жергілікті әкімшілік қызметкерлерімен бірлесіп өрттің алдын алу мақсатында тұрмысы төмен отбасыларды аралаудамыз. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өңірде аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар 6825 тұрғын үй тізімін нақтылады. Осы тізім бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда, – деді басқарма бастығы.
Мұнан кейін арнайы топ «Сабалақ» саяжайының тұрғыны Гүлзира Омарованың үйіне барып, жылу жүйелері мен қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды, кішкентай балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауды ескертті. Көпбалалы ананың үйіне көмірқышқыл газы шыққан жағдайда сигнал беретін қондырғыны орнатты.
Жылу беру маусымы кезінде қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлерде тұрғындар қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан өрт оқиғаларына ұшырап, көмірқышқыл газынан уланып қалатын жағдайлар кездеседі. Осыған байланысты мамандар тұрғындарға үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, пештің қауіпсіз болуы үшін мұржаны тұрақты түрде тазалап отыруды ескертеді. Қызметкерлер арнайы құрылғы арқылы мұржа тазалау жұмыстарын да жүргізді.
Келесі тұрғын үйдің иесі Дүйсенкүл Асановаға департамент қызметкерлері пештің талапқа сай жабдықталғанын айтып, тек алдыңғы бөлігіне қауіпсіздік үшін от пен шоққа төзімді зат қоюын ескертті. Үй иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін, арнайы қондырғыны орнатты.
Одан әрі саяжайдың шет аумағында орналасқан Тәңірберген Жүсіпов ақсақалдың үйіне бардық.
– Қазір жылу беру маусымы басталды. Қысқа ерте қамдандық. Пешті тексеріп, мұржаны тазаладық. Бір үйде балаларым, немерелеріммен бірге тұрамын. Кішкентайларды үйде жалғыз қалдырмаймыз. Өрт – тілсіз жау. Қауіпсіздік шараларына мән бермесең оқыс оқиға болуы мүмкін. Сол себепті пешті де, мұржаны да үнемі тазартып отырамыз. Бұдан бөлек, жауапты мамандар да үнемі түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бастысы, сақтық шарасын естен шығармаған жөн, – дейді ол.
Басқарма бастығы Асхат Оразбеков әр тұрғынмен кездескен кезде өрттің басым бөлігі ережені ескермеу, ашық отты пайдалану, ақауы бар электр бұйымын қолдану салдарынан екенін айтып, оқыс жағдайдың алдын алып, сақ болуға шақырды. Мұндай түсіндірме жұмыстары жыл бойы жалғаса беретінін де жеткізді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұсынған ақпаратқа зер салсақ, былтырғы жылу беру маусымында облыста тұрғын үй секторында 120 өрт оқиғасы тіркелген. Одан 4 адам қаза тапса, 3-еуі жарақат алған. Ал табиғи газдан улану салдарынан 3 адам қаза тауып, 5 адам жарақаттанған. Көмірқышқыл газынан улану дерегі тіркелмеген.
Өрттің алдын алу үшін департамент қызметкерлері «Өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу туралы» бұйрық негізінде 15 тамыздан бастап әлеуметтік осал топқа жататын тұрғын үйлерді аралауға кіріскен. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» шарасы аясында жалғызбасты қарттар, мүгедектігі бар тұрғындардың жылыту пештерін жөндеу, мұржасын тазалауды қолға алды. Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік жағынан осал топтағы тұрғындардың үйіне 484 қондырғы орнатылды. Қондырғы уланудың алдын алуға көмектеседі. Түсіндірме жұмыстары барысында 8000-нан астам тұрғын үйді аралап, 31 мың адамға үгіт-насихат жұмысы жүргізілді. Көпқабатты тұрғын үй аулаларында да 132 рет кездесу ұйымдастырылып, оларға электр және газ баллон жабдығын, газ пешті орнату, қолдану барысындағы қауіпсіздік шараларын ескеруді түсіндірді.
Түйгеніміз, өрт қауіпсіздігінің кепілі сақтық шараларын ұстанудан басталады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жыл сайын жылу беру маусымы басталар алдында адам өмірі мен денсаулығы, мүлікті және қоршаған ортаны өрттен қорғау бойынша іс-шараларды жүйелі атқарып келеді. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табуда. Оған пресс тур барысында көз жеткіздік.
Дегенмен өрт оқиғасы тыйылмай тұр. Оған адамдардың қарапайым қауіпсіздік шарасын ұстанбауы себеп. Сол үшін жауапкершілікті әр тұрғын өзінен бастауы тиіс.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





