Жылу беру маусымы – қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет ететін маңызды кезең. Бұл маусым басталысымен-ақ тұрғындар өрт және газ қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше мән беруі керек. Себебі, сақтық шараларын уақытында қолға алу төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбеков айтты.
– Департамент қызметкерлері жыл сайын жылу беру маусымы басталар алдында адам өмірі мен денсаулығын сақтау және қоршаған ортаны өрттен қорғау бойынша тиісті жұмыстар жүргізеді. Биыл да 4 302 тұрғын үй секторын аралау арқылы 15 389 тұрғынға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Осы бойынша көпқабатты тұрғын үй аулаларында да 1 861 тұрғынға электр және газ баллон жабдықтарын, газ пештерін ортану, қолдану барысындағы өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді. Айта кету керек, өткен жылмен салыстырғанда биыл жарақат алғандар саны екі есеге азайған,- деді Асхат Плалұлы.
Мамандардың айтуынша, тұрмыстық газ баллондарын автогаз бекеттерінде толтыру – адам өміріне қауіпті. Мұндай жағдайлар тұтынушылардың газ иісінен улануымен ғана шектелмей, жарылысқа әкеп соқтыруы мүмкін.
– Стационарлық автомобильді газ құю станциясында автокөлікке пайдалануға арналмаған баллондарды толтыруға жол берілмейді. Облыс бойынша бүгінде 30-дан аса автогаз құю бекеттері жұмыс істейді. Аталған бұзушылықтардың алғышарттары тауарлық газды газ тарату жүйесі бойынша тасымалдауды, газ тарату жүйесін техникалық пайдалануды, сондай-ақ тауарлық газды көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын ұйымдардың жосықсыз жұмыстарынан туындайды,- деді ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ақылбай Әкімниязов.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<