«Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында қайта жаңғырту және жаңарту жұмыстары жүзеге асқан еді. Осыған орай Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен журналистерге арналған баспасөз туры өтті. Оған мемлекеттік органдар мамандары, қалалық мәслихат депутаттары және қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.
Кәсіпорын тозу дәрежесін төмендету және жылумен жабдықтау сапасын арттыру үшін инвестициялық бағдарлама негізінде 2024 жылы 6111,7 млн теңге, 2025 жылы 2725,7 млн теңге көлемінде жұмыстар жүргізді. Мамандардың айтуынша, қазір жылу желісінің тозу деңгейі 42,3 пайызды құрайды.
Жылу орталығы былтыр бағдарлама бойынша өз қаражаты есебінен негізгі және қосалқы жабдықтарды, 2,7 шақырым кварталаралық жылу желісін жөндеді. Ал бюджет есебінен 9,3 шақырым магистральдық жылу желісін қайта жаңғыртты. Өткен жылдың қорытындысымен бекітілген инвестициялық бағдарлама толықтай орындалды.
– Инвестициялық бағдарлама алты жылға жасалған. Қысқы маусымда халыққа қызмет көрсететін кейбір құрылғылардың тозығы жетуіне байланысты жөндеуден өткізу көзделген. Олардың техникалық жағдайына байланысты әр жылға бөліп қарастырылған. Қазірге дейін биылғы жоспарланған жобалар 90 пайызға жуық орындалып тұр. Олардың арасында «Астана» шағын ауданындағы №8 АБМҚ қазандығын, оңтүстік промзона аймағындағы 3 бу қазандығын қайта құру, оңтүстік қазандықтан автобус паркіне дейін, Маханов көшесіндегі тұрғын үйлерге дейін ауданаралық жылу желісін қайта жаңғырту қарастырылған. Ал өткен жылдан бері Қызылорда қаласында ыстық су беруді қолға алдық, – деді «Қызылордажылуэлектр орталығының» бас инженері Наурыз Сатханов.
Қалалық мәслихат депутаты Мейрамбек Есжанов облыс орталығының қыс мезгіліне дайындығы депутаттар назарында болатынын атап өтті. Оның ішінде бу қазандығы мен жылу желісінің әзірлігіне назар аударылады.
– Бұл жылу-электр орталығы «Универсам» аймағына дейінгі 216 көпқабатты үйге қызмет көрсетеді. Оның ішінде ыстық су беріліп жатқан үйлер бар. Аралау барысында жоспардағы жұмыстың тыңғылықты атқарылып жатқанын байқадық. Мамандар ешқандай іркіліс болмайтынын айтып отыр. Біз барлық жұмысты көріп, олардың дайындығына көз жеткізіп қайттық, – деді ол.
«СБ» ақпарат





