ЖЫЛЫЖАЙДА ЖАУҚАЗЫН ЖАЙҚАЛЫП ТҰР

7

0

Қазалылық Нұрбек Кешубаевтың жылыжайында жауқазынның 12 сорты гүлдеп тұр. Өңірде алғашқы болып жауқазын еккен бағбан голландиялық сорттарды жерсіндірген. Кәсіпкермен жылыжай ісі жайында кеңінен әңгімелескен болатынбыз. 

Ол 2012 жылы өз қаражатына есік алдынан жылыжай салды. Онда үй гүлдері мен бау-бақша дақылдарын екті. Жылыжайды қалай күтіп-баптау керектігін терең зерттеді, ізденді. Ыстық-суыққа төзімді сапалы материалдарды пайдаланды. Тынымсыз еңбектің арқасында өнім молынан болып, жергілікті тұрғындарды көкөніс, гүлмен қамтыды.

Мұнымен тоқтап қалмай, төрт жыл бұрын тағы бір жылыжай салып, жауқазын егіп көрді. Иә, кәдімгі қызылды-жасылды жауқазын. Тек сырт елдерден тасымалданатын гүл енді өзімізде өседі. Нұрбек мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, қажетті қаражатқа қол жеткізіп, ісін жалғастырды.

– Кәсіпкерлерге арналған қол­даудың ар­қасында екінші жылыжайды салдым. Ұзындығы 10 метр болса, ені 6 метр, оған тек жау­қазын ектім. Көшетін арнайы Голландиядан алдыр­дым, бойы 10-12 сантиметр, гүлдеген кезде 60 сантиметрге дейін барады, 12-ден астам сорты бар. Күзде, қыркүйек айында отырғызамын. Бес айдан кейін, яғни көктемде гүлдейді. Қазір жылыжайға кірсеңіз, көздің жауын алатын жау­қазын­дар гүлдеп, хош иісі аңқып тұр.

Дегенмен бұл істі қолға алғанда оңай болмады.  Бірден жайқалып кетті деп айта алмаймын. Қаншама іздендік, аса күтімді қажет ететіндіктен бабын табуға тырыстық. Шүкір, еңбек еш кетпеді. Төрт жылдан бері жауқазын жайқалып өседі. Жоғарыда айтқанымдай, жылда қыркүйек айында егемін, ерте көктемде дайын болады. Наурыздағы мерекелер қар­саңында тапсырыс берушілер көбейіп, саудаға шығарамын, – дейді бағбан. 

Кәсіпкердің әкесі агрономия саласын жетік меңгерген маман. Талай ең­бектерді, зерт­теу­лерді, кітап­тар­ды жинапты. Білген-түйгенін қойын дәптерге түртіп қоя берген. Сол дү­ниелерді өз ісіне тиімді қол­данды. 

– Жауқазынды жерсіндіру оңай болмады. Көшет егіліп, өнім алынғаннан кейін, жер тыңайтылады. Негізінен табиғи тыңайтқыш қол­данған дұрыс. Мен төрт түліктің қиын кәдеге жаратамын. Бір жағы­нан табиғи, құрамында ешқандай химиялық қоспа жоқ. Гүлдің арнайы дәрумендерін де уа­қытылы беру маңызды. Әкем­нің жинаған кітаптары мен жазған еңбектерін ерінбей оқып шықтым. Соның арқасында өсімдік өсіруді меңгердім, – дейді ол.

Қазір жылыжайда қызу тіршілік. Гүлдеген жауқазындар аз күнде тапсырыс берушілерге жөнелтіледі. Мұнда маусымдық уақытта 8 адам еңбек етсе, 3 адам тұрақты жұмыспен қам­тылған. Бір жағынан отбасылық кәсіп деуге де болады. Шаруаға кәсіпкердің анасы, жолдасы және балалары да қолғабыс етеді.

– Жыл сайын гүлді тұрақты тұтынушылар алады. Арал, Қа­залы, Қармақшы ауданынан бөлек, кейінгі кезде қаладан тап­сырыс берушілер көбейді. Ба­ғасы да қалтаға қонымды. Сырттан келетін гүлдердің ба­ғасынан әлдеқайда төмен. Гүл­дің қызыл, сары, күлгін, көк, ақ түрі бар. Бірінің хош иісі болса, кейбірінде иіс болмайды. Тағы бір ерекшелігін айтайын, жылы­жайды суару үшін аула­дағы құдық суын қол­данамын. Қы­зығы, құдық бір жарым  ғасыр бұрын қазылған. Кезінде көрші, жақын ауыл-аймақтың бәрі де осы құдықтан су ішкен. Аталарымыз жөн­деп, қайта қалпына келтіріп отыр­ған­дықтан осы уақытқа дейін суы тартылмаған. Ауыл адамдары киелі құдық дейді, әлі де тұтынады. Құдық суын арнайы бөшкелерге жинап, там­шылатып су­ару әдісін қолданамын, – дейді ол.

Нұрбектің әлі талай тың жобалары бар. Кәсібін жан­дандыру үшін іздене бермек. Жа­қында жылыжайда лимон, папайя, банан сынды тропикалық жеміс-жидек өсіретін кейіпкер туралы жазған болатынбыз. Енді міне, әлемге белгілі гол­ландиялық жауқазынды жер­сіндірген кәсіпкер туралы біл­діңіздер. Бастысы, гүл мен жемістің қайда өсетіні маңызды емес, еңбек еткеннің еңсесі көтерілетіні белгілі.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»