Сыр өңіріндегі шығармашылық өкілдері арасында өзіндік жолы бар қаламгер, ақын, күйші-сазгер, Қазақстанның құрметті журналисі, Арал ауданының құрметті азаматы Жұмабай Жақып 80 жасқа толды.
Осыған орай Арал аудандық мәдениет үйінде мерейтой иесінің шығармашылығына арналған «Сөз бен саз әлемінің сардары» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Кеш иесінің өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін бейнебаян көрсетіліп, қаламынан туған өлеңдері оқылды.
Саналы ғұмырын салиқалы ой, сұлу сөзбен өрнектеген қаламгердің балалар шығармашылығына арналған «Ақ самолет, самолет…» және «Көк теңіздің көз жасы» атты ертегі кітаптарының тұсауы кесілді. Сондай-ақ мерекелік концертте қаламгердің сөз бен саз әлеміндегі туындылары жұртшылыққа жол тартып, рухани әсер сыйлады.
Кешке арнайы қатысқан аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қалам мен күй құдіретін бойына дарытып, халқына рухани қазына сыйлаған қарымды қаламгер, дарынды күйші, мерейтой иесі Жұмабай Жақыпқа аудан халқының атынан ізгі ниетін білдіріп, сый-құрмет көрсетті. Бұдан бөлек, облыс әкімінің арнайы құттықтауын жеткізіп, облыстың ең жоғары марапаты – Құрмет грамотасын табыстады.
Мерейтой иесі Ж.Жақыптың қаламдас, замандастары, Сырдың сырлы сәлемін ала келіп, жылы лебіздерін жеткізді.
Олардың қатарында Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, республикалық «Жалаңтөс баһадүр» қоғамдық қорының президенті Н.Мұсабаев, еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, республикалық «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы, «Парасат» орденінің иегері С.Аңсат, белгілі тележурналист, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қ.Есімсейітова, «Сыр медиа» ЖШС-ның бас директоры М.Аралбаев және журналистика саласының ардагері, «Сыр медиа» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Ерімбетов бар.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





