Кейінгі жылдары өңірдің аграрлық саласында инвестиция тарту мәселесі дұрыс жолға қойылды. 2022-2025 жылдар аралығында мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау үшін 92,4 млрд теңге бөлінсе, ол биыл 35 млрд теңгеге жуықтайды. Сондай-ақ шаруашылықтар есебінен 58 млрд теңге қаржы тартылды. Бұл үшін 2026-2028 жылдарға инвестициялық жобалардың жол картасы әзірленген. Оған енгізілген 17 жобаның жалпы құны 138 млрд теңгеден асып жығылады. Осындай оң бастамалар нәтижесінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жаңа белеске көтеріліп келеді. Сол арқылы барлық көрсеткіште оң серпін сақталып отыр.
Облыс экономикасында ауыл шаруашылығы саласының үлесі зор. Сондықтан облыс басшылығының қамқорлығымен көптеген іс-шаралар жүзеге асты. Былтыр жалпы құны 11,6 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба тұсауын кесті. Олардың 6-уы күріш, 1-уі мал сою пункті, 1-уі балық зауыты, 3-уі цех болса, қалғандары өзге бағытты қамтиды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының негізгі қорына тартылған инвестиция көлемі 74 пайызға артты.

Шындығында, кейінгі 4-5 жылда аймақ еңбеккерлері су тапшылығы мәселесін тартып келеді. Жергілікті халықтың тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің деңгейіне тікелей қатысты. Мемлекет басшысының Сыр диқандарына деген ерекше қолдауымен былтыр күрделі вегетациялық кезеңде нақты іс-шаралар жүзеге асты. Бұл барлық егін алқабын сумен қамтамасыз етуге жол ашты. Сала мамандарының айтуынша, Нарын-Сырдария каскадындағы су тапшылығы биыл да жалғасуы мүмкін. 2026 жылға бекітілген су лимитіне сәйкес облыс бойынша 185,8 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Аймақтың басты дақылы – күріш көлемі 70 мың гектарды құрайды. Қазір әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін монодақылдарға баса назар аударылуда. Су ресурстарын басқару технологиясын кеңінен енгізу үшін алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы қаралған.
Былтыр су үнемдеу технологиясын пайдалану көлемі 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Ол былтыр 8,1 мың гектарды шамаласа, биыл 16,7 мың гектарды құрайды. Қызылордалық диқандар су шығынын азайту үшін егістік жерлерді лазерлік тегістеуге ерекше мән беріп отыр. Бұл тиімділігін дәлелдеді. 2025 жылы мұндай алқап 60 мың гектарды құраса, биыл 65 мың гектарға жетеді. Осының нәтижесінде су үнемделіп, өнімділік артады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен аймақта экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібін дамыту стратегиялық міндеттің біріне айналды. Облыс басшысы былтыр Жаркент крахмал-сірне зауытының жұмысымен танысып қайтқан еді. Жуырда Сырдария ауданынан жүгері дақылын терең өңдейтін жаңа зауыттың іргетасы қаланды. Онда жылына 150 мың тонна өнім өңдеуге мүмкіндік бар. Жобаның құны 40 млрд теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру екі кезеңнен тұрады. Алдымен кептіру және сақтау кешенінің құрылысы бой көтерсе, одан кейін жүгеріні терең өңдейтін зауыт құрылысы басталады. Өндіріс орны заманауи барлық талапқа сай келеді. Жоғары сапалы технологиямен жабдықталған зауытта алдағы уақытта 550 адам еңбек етеді.
Мамандардың айтуынша, жүгері өндірісінің толық циклін қамтамасыз етуге жол ашады. Осылайша келешекте елдегі ағайынның еңбегін ақтайтын тиімді жүйе қалыптастыруға мүмкіндік туады. Рас, қазірге дейін жиналған өнімді кептіретін, ұзақ мерзімге сақтайтын және өткізетін тетіктер жеткіліксіз. Ол диқандардың жүгері дақылын егуге деген қызығушылығын төмендетті. Осының салдарынан шаруашылық құрылымдары олардың көлемін 1-1,5 мың гектардан асырған жоқ. Биылдан бастап дәндік жүгері егісін 15 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Алдағы уақытта одан әрі арта түседі. Бір сөзбен айтқанда, өңірде аграрлық саланы кластерлік жүйеге бейімдеудің нақты бастамалары жүріп жатыр. Бұл аймақ табиғатында қаншалықты қиын болса да, табандылық нәтиже әкелерінің бір дәлелі.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»






