Аққұмдағы «Бақдәулет»

883

0

Жалағаштың Аққұм ауылын аралағанбыз. Мұнда да ірі шаруашылық бар. «Бақдәулет» ЖШС 2012 жылы құрылған. Айтпақшы, мұнан бөлек «Бақдәулет-57» деп аталатын фермер қожалығы жұмыс істеп тұр. Егін егумен қатар, төрт түлікті де өсіріп отырған серіктестіктің тіршілігін тізбектеп көрелік.

Алдымен асылтұқымды мал санын арттыруға ұмтылған «Бақдәулет-57» қожалығын араладық. Жылқы мен түйе, сиыр мен уақ малдың да қарасы мол мұнда. Ферма бригадирінің сөзінше, 1150 қой бар. Көбіне «Еділбай» тұқымын көзіміз шалды.

– 150 бас ақбас сиыр өсірудеміз. Оның 100-ге жуығы аналық, қалғаны – баспақ, бұзау, тайынша. Сондай-ақ 54 түйе бар. Оның он шақтысын сауып, шұбатын қалаға жібереміз. Жылқы да ұстаймыз. Қамбар атаның тұқымынан 300 бас бар, олар көбіне қолда емес, жайылымда, – дейді бригадир Әділқадыр Тұрмағанбетов.

Шаруашылықта бордақылау алаңы, қасапхана жұмысы жолға қойылған. Күз бен қыс айларында 30-40 бас ірі қара сойылып сатылады. Ал уақ малды керек еткен тұрғындар тікелей ақшасына алып жатса, жұмысшылар жағы жалақысынан жаздырып алатын көрінеді.

– Ферманың өзінде, күріш шаруашылығын қоспағанда 25 адам жұмыс істейді. Бордақысы бар, сауыны бар, бәріне де жұмысшы керек қой. Арық-тұрағын бағуға да көп күш керек. Ветеринар дәрігер ұдайы қадағалап, тиісті екпе жұмыстарын уақытылы жүргізіп отырады. Негізінен жылқыдан басқасының бәрі қыста қораға айналады. 60-70 мың дана жоңышқа жиналып, қосымша табиғи шөп пен жем де шаруашылықтың өзінен дайындалады, – дейді ферма бригадирі.

Ал ветеринар Сейдулла Өрікбаевтың айтуынша, уақ малда өкпе аурулары болып тұрады. Жылқыда сақау, сиырда қарасан дейтін ауру ара-тұра кездесіп қалады екен. Кейде жылқылар өзара тебісіп те жараланып жатады. Кесте бойынша екпе салып, төтеннен келер кейбір дерттің алдын алып жүрген шаруашылықта мал шығыны көп болмайды екен.

Фермаға жақын орналасқан қырманға соқтық. Мұнда да қызу еңбек. Егін орымын аяқтап қалған шаруашылықтың өз күріш ақтау зауыты бар. 2018 жылы салынған. Сағатына үш тонна күріш ақтайтын зауыттың өнімі екі жылдан бері арнайы «Бақдәулет» маркасымен сыртқы нарыққа жол тартуда.

– Күніге тапсырысқа байланысты жұмыс жүргіземіз. Зауытта 10 шақты жігіт бар. Бір ауысымда 12-13 тонна күріш ақтап, сатып алушыларға жібереміз. Ал тапсырыс одан көп түскен жағдайда кәсіпорын күніне 18-20 сағатқа дейін жұмыс істейді. Негізі тапсырыс ішкі нарықтан келеді. Әрі қарай олар Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көрші мемлекеттерге жөнелтіп отыр. Шаруашылық тек «Янтарь» сортын ғана өсіреді. Себебі Сыр салысының ішінде осы сортқа деген сұраныстың көптігін бәрі де біледі, – дейді күріш ақтау зауытының меңгерушісі Айдын Өтепов.

Айдынның сөзінше, «Бақдәулет» ЖШС биыл 1400 гектарға жуық күріш еккен. Межеленген өнім жиналып отыр.

Жоғарыда айтқандай, бір ауылдағы екі шаруашылық осылай қос саланы дамытып келеді. Екеуін қоса алғанда 90 адамды жұмыспен қамтып отыр. Орташа айлық 100 мың теңге шамасында. «Аққұмның» халқынан бөлек, вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер бар. Маман тапшы болған соң сырттан келгендер.

– Қазір бұрынғыдай емес, аға буынның жасы келіп, зейнетке кетіп жатыр. Сала бойынша агроном, механизатор, күрішші табу қиын. Әсіресе, сушы табылмайды. Мына күріш зауытындағылардың барлығы арнайы курстан өткен. Өнімді дайындауға өте жақсы білім керек, – дейді ферма бригадирі.

Расы сол, зауыттағы жас жігіттердің барлығы жергілікті емес. Айдынның өзі де облыс орталығынан келіп жұмыс істеуде. Ол да замандастарының мұндай салаға құлқы жоқ екенін мойындайды.

– Жұмысқа жауапкершілік керек. Жаңа бригадир ағамыз айтқандай, мамандыққа тапшылық бар екенін жасырмаймын. Расы сол, өзіміз қатарлы жігіттердің мұндай жұмыстарға қызығушылығы жоқ. Аға буын істеген нағыз еңбекті біз жалғастыруымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеуге жүрексінбесек деймін. Өйткені қазір барлығы бұрынғыдан жақсарған. Техника жетілген, ауыр жұмыстардың барлығын солар атқарады. Мысалы, күріш зауытындағы жұмысты алайықшы. Алдыңа ақталып келе жатқан өнімге қабыңды тос та, күт. Аппарат өзі өлшеп, тігін машинасына апарып, аузын тігіп береді. Қап-қап күрішті арқалап ешкім жүрмейді. Оны таситын арнайы техника бар. Тек осылардың тілін таба білсең болғаны, – дейді Айдын Өтепов.

Біз де жиі байқағанбыз. Егін даласында 50-ден асып, 70 жасқа жақын қалған аға-әкелерді әлі де көреміз. Жастар сирек кездеседі. Еңбеккерлердің арасында осындай мәселе бар.

«Аққұмдағы» халық қажетін өтеп тұрған шаруашылықтың тіршілігі тындырымды. Мұнда бейсауат жүрген ешкім жоқ. Бәріне жүктелген тиісті міндет бар, соның жүгін абыроймен арқалап жүр. Айтпақшы, шаруашылық төрағасы Серік Шуақбаев жыл соңында өз озаттарын құр қалдырмайтынын есіткенбіз. Былтыр үш еңбек адамына темір тұлпар мінгізіпті. Мол өнімге қол жеткізген жұмысшылар жалақыдан бөлек, әрқайсысы 500 мыңнан жоғары сыйақы алыпты.

Күзгі науқанды мол өніммен аяқтауға тырысатын Сыр диқандарын қанша мақтасақ та жарасады. Ала жаздай аптап ыстыққа төзіп, ата кәсіппен бірге жер несібесін жиған аққұмдықтар да осы жолдан таймай келеді.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<