Сыр өңірінің диқандары жылма-жыл сәуір айы ортасынан ауғанда күріш егіп бастайды. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, көктемнің әр күнін тиімді пайдаланып қалуға тырысуда. Қазір дайындыққа қызу кірісіп кетті. Қажетті тұқым, минералдық тыңайтқыш, техникасын әзірлеп, жауапты науқанға сақадай сай болуға назар аударып отыр. Биыл облыс еңбеккерлері 187 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді межелеген. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 83,9 мың гектар. Нақты егіс көлемі облысқа қаралған су лимитіне байланысты есептеледі. Сондықтан алдағы уақытта өзгерістер болуы мүмкін.
Су үнемдеудің маңызы
Облыста наурыз айының алғашқы күндерінен ерте егілетін дақылдарға назар аударылды. Қазірге дейін 32,3 мың гектар жаңа жоңышқа, 16,5 мың гектар жаздық бидай, арпа, мақсары, қант құмайының дәні себілді. Сондай-ақ өткен жылдың күз мезгілінде 3,7 мың гектар күздік бидай егіліп, 50,6 мың гектар сүдігер айдалған еді. Бұл жұмыстар күріш егісіне дейін аяқталады деп күтілуде.
– Дариядағы су жағдайына байланысты биыл жалпы егіс көлемін 6,4 мың гектарға азайту межеленіп отыр. Оның ішінде күріш 5 мың гектар. Есесіне әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін малазықтық, майлы және картоп, көкөніс дақылдарын арттырамыз. 2022 жылдан бері облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен тұрғындар өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз етуі үшін тиісті іс-шаралар қолға алынды. Оған ниет білдірген азаматтар саны жылдан-жылға көбейіп отыр. Биыл 5 мыңға жуық отбасы 3179 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егеді деген жоспар бар. Бұл аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізді. Нәтижесінде биыл 929 гектар картоп, 865 гектар көкөніс, 1386 гектар бақша дақылдарын егуге жер дайындалуда, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ерсұлтан Апетов.
Облыста су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы егіс көлемін 2,3 мың гектарға ұлғайту көзделуде. Ол былтыр 872,5 гектарды құраған еді. Мұндай жаңашыл әдіске көңіл бөлген шаруашылықтар саны артып келеді. Олардың қатарында тамшылатып суару әдісімен «Таң ЛТД» ЖШС жүгері, «Qaratau Fruits» шаруа қожалығы қарқынды бақ, «Ер Әлі» шаруа қожалығы картоп, көкөніс, бақша, жаңбырлатып суару әдісімен, «РЗА Агро» ЖШС сүрлемдік жүгері, «Gamil Pro» шаруа қожалығы жоңышқа, «Жетікөл жер» ЖШС күнбағыс, «Береке» шаруа қожалығы жоңышқа, жүгері егуді жоспарлап отыр.
Тұқымның жайы қалай?
Облыс диқандары күріштің сапалы тұқымын дайындауға баса назар аударуда. Алдағы егіске қоймада 21,3 мың тонна тұқым бар. Оның ішінде 48,4 тонна суперэлита, 448,5 тонна элита болса, қалғанын І-ІІІ репродукциялы және көбейтілген тұқымдар құрайды. Айта кетсек, биыл күріш тұқымының 2,4 пайызы – отандық, қалғаны – ресейлік және украиналық сорттар. Отандық сорттардан «Маржан», «Сыр сұлуы» өндіріске енгізілсе, жергілікті диқандар ресейлік «Янтарь», «Лидер», украиналық «Премиум», «Виконт», «Маршал» сорттарын да тиімді пайдаланып келеді.
Кейінгі жылдары диқандар әрбір сорттың өсу мерзіміне және өзге де талаптарға баса назар аударып келеді. Оның себебі де жоқ емес. Біріншіден, күріш негізінен суда тұратын дақыл болғандықтан, кейбір шаруашылық құрылымдары өсу мерзімі тиімді түрлерін таңдауға тырысады. Енді бірі тұтынушылар талабына сай сорттарды таңдайды.
– Бұрынғы жылдары облыста негізінен «Маржан» сортына мән беріліп келді. Одан кейін ресейлік сорттар өндіріске енгізіліп, өз тиімділігін дәлелдей түсті. Қазір диқандар украиналық сорттарды егіп, өнім алуға бет бұра бастады. Ең бастысы, сапалы өнім шығаруға көңіл бөліп отыр, – деді Е.Апетов.
Сондай-ақ облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары 938 тонна жаздық бидай, 736 тонна күздік бидай, 48,9 тонна арпа, 10,8 тонна тары, 67,6 тонна дән жүгері, 5,6 тонна күнбағыс, 108,5 тонна мақсары, 13,5 тонна соя, 21,8 тонна сүрлемдік жүгері және 298 тонна жоңышқа тұқымын жинап, бұл бойынша толық қамтамасыз етілген.
Қазір қажетті минералдық тыңайтқыштың 84,4 пайызы қолда тұр. Бұл бағытта шаруашылықтар оны жеткізуші мекемелермен келісім-шарт жасау арқылы сатып алуда. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер иелігіндегі 3799 техниканы толықтай жөндеуден өткізген. Олардың барлығы көктемгі дала жұмыстарына қатысуда. Оның ішінде 1890 трактор, 491 соқа, 258 тұқым сепкіш, 822 трактор тіркемесі бар. Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдары 253 техника сатып алды. Жалпы құны – 9,3 млрд теңге. Осының нәтижесінде машина-трактор паркі 4,5 пайызға жаңартылған.
Жыл басына дейін шаруашылықтар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 3,3 млрд теңгеге 85, лизингтік компаниялар арқылы 1,8 млрд теңгеге 31, өз қаражаты есебінен 4,2 млрд теңгеге 137 ауыл шаруашылығы техникасын алды.
Арзандатылған жанармай игілігін көреді
Облыста жанармаймен қамтамасыз ету бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Көктемгі дала жұмыстарына барлығы 12,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылған. Ол наурыз, сәуір, мамыр, маусым айларына бөлінген. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен қағидаға сәйкес арзандатылған дизель отынын айқындау мақсатында облыстық комиссия құрылған. Нәтижесінде «Жібек жолы ЛТД», «РК Мұнай», «Жаңақорған Ойл», «Petro Retail» ЖШС секілді операторлар анықталды. Бекітілген кестеге сәйкес ақпан айына бөлінген 3,5 мың тонна дизель отынының басым бөлігі жеткізілді. Оның 1,8 мың тоннасын операторлар шаруашылықтарға 1 литрін 247-250 теңгеден босатты. Ендігі кезекте наурыз айына бөлінген дизель отынын жеткізуге көңіл бөлінуде.
– Қызылорда қаласы мен барлық аудандардағы су шаруашылығы нысандарын көктемгі су алу науқанына дайындау былтыр күзде жоспарланған еді. Қазірге дейін шаруашылықаралық каналдар 83, ішкі шаруашылық каналдары 87, гидротехникалық құрылыстардың магистралдық каналдары 66,7, насос қондырғыларын жөндеу 93, гидробекеттерді жөндеу 89 пайызға орындалды. Облыста 49,9 мың гектар шабындық, 4,4 мың гектар жер ылғалдандырылып суарылды, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Аудандар бойынша жинақталған мәліметке сәйкес, биылғы дала және егін егу жұмыстарына орташа болжамдық қажетті қаржы көлемі 26,7 млрд теңгені құрап отыр. Ол қаржы шаруашылықтардың өз есебінен, «Аграрлық несие корпорациясы» және басқа да көздерден тартылды. Бүгінге дейін жоспарланған қаржының 88,8 (23,4 млрд теңге) пайызы тиісті мақсатқа жұмсалды.
Еңбеккерлер көктемнің жайлы күндерін пайдаланып қалуға күш салуда. Басты дақыл – күрішті дер мезгілінде егу ертеңгі күні мол өнімге негіз қалайды. Сондықтан бұл бағытта диқандар уақытпен санаспай, еселі еңбек етіп жатқан жайы бар.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<