Ерен еңбегімен ел алғысына бөленген

473

0

Халқымызда «Еңбек ер атандырады» деген даналық сөз бар. Шындығында алдына табанды мақсат қойып, талмай еңбек етсе, адам баласының алмайтын асуы жоқ. Ақын А.Тоқмағамбетов атамыз айтқандай, атақ та, даңқ та, ерлік те, жеңіс те, барлығы адал еңбекпен келеді. Сонау соғыс жылдарында тың дала төсіндегі қажырлы еңбегімен қайраткерлік деңгейге көтеріліп, халықтың құрметіне бөленген Социалистік Еңбек Ері Көлжан Оразалиеваның туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Ол 1924 жылы Қазалы ауданындағы бұрынғы Калинин, қазіргі Ғ.Мұратбаев атындағы ауылда дүниеге келген. Ауылдағы жетіжылдық мектепте білім алып, еңбекке ерте араласты. 1945 жылдан бері күріш өсірушілер звеносының жетекшісі болып, жастарды диқаншылыққа үйретті. Соғыс аяқталып, ел ішіне тыныштық орнады. Әйтсе де тылдағы тіршілік бір сәт те толастаған жоқ. Еселі еңбектің нәтижесінде диқан қауым ауыл ғана емес, аудан, облыстың экономикалық ахуалын көтеруге атсалысты.

Ауыл шаруашылығын өркендетуге қосқан еңбегі ерекше бағаланып, 1948 жылы КСРО Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Көлжан Оразалиеваға «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, «Ленин» ордені қоса тапсырылды. Атақты диқан 1951-1955 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, одан кейін  бірнеше рет Қазалы аудандық кеңесінің, Калинин ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланды. Осы жылдары қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге өз деңгейінде үлесін қосты.

1966 жылы «Қазақ ССР Ауыл шаруашылығына қосқан үлесі үшін» медалімен, 1970 жылы «В.И.Лениннің туғанына-100 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, 1972 жылы «Қазақ ССР Ауыл шаруашылығының үздігі» атағы берілді. 1974 жылы зейнет жасына келіп, дербес зейнеткер атанып, «Ардагер» медалімен марапатталды.

Елге жасаған еңбегі бағаланып, өзі туып-өскен Ғ.Мұратбаев ауылындағы бір көшеге оның есімі берілді. Отбасында 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-шөбере сүйді. Аяулы ана, ардақты жан К.Оразалиева 1995 жылы дүниеден өтті. Қазір Қызылорда қаласындағы «Мәңгілік алау» алаңында орнатылған ескерткіш тақтадағы Еңбек Ерлерінің қатарында Көлжан Оразалиеваның да есімі тұр. Сонымен қатар, Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағында ескерткіші қойылған. Осы ескерткіш алдына келгенде әжесінің ерек болмысын үлгі тұтып, тағзым еткен немересі Айнұр Оразалы тебіреністен туған жыр шумақтарында былайша ойын түйіндеген екен:

– Ерлерше суды кешіп, балақ түрдің,

Елге батыр атанып, санат құрдың.

Қолыңнан ұстап жүр ем кеше ғана,

Ал бүгін мүсініңе қарап тұрмын.

Ақ әжем, ісін нұрлар әдіппенен,

Жұлдызың еңбегіңмен жаныпты ерен.

Мәңгілік атың қалды «Батыр»  деген,

Жаңғырып, жазулы алтын әріппенен.

– Апамды (енем Көлжан Оразалиева) алғаш көргенім дәл бүгінгідей есімде, 1983 жылдың қараша айы болатын. Кешке қалыңдығым Бибіжан жұмыстан шыққан соң «Қызылордадағы санаторийден Қазалыға қайтуға жиналған анамды поезға отырғызуға барамыз» деді.

Түнгі 12-нің шамасында үшеуміз вокзалдың күту залында отырмыз. Ол кісі сөзге сараң ба, әлде қызына сенімді ме, мені сөзге тарта қойған жоқ. Мен «қай жақтансың?», «руың не?», «ата-анаң қайда?», «өзің не жұмыс істейсің?» деген сұрақтарды күткенмін. Алайда, ондай «жауап алу» болған жоқ, жаймен әртүрлі тақырыптарда әңгіме айтып отырдық.

Үйлену тойымызды өткізгеннен соң, бес айдан  кейін бір топ ағайынымызбен, анам бастап, сәлем беріп енеміздің қолынан дәм таттық. Менің ата-анам және енем замандас, құрдас болғандықтан әңгімелері жарасып, тату-тәтті сыйластықта өмір сүрді. Сол уақыттан бастап  1995 жылы дүниеден өткенінше анамызды құрметтеп өттік. Әрбір жетістік, жақсы істерімізбен ата-аналарымызды қуантуға тырыстық.

Өмірдің ащы-тұщысын көп  көргеннен бе екен, өте қарапайым болатын. «Мен – Социалистік Еңбек Ерімін» деп, ешбір партия, совет органдарының есігін қағып, өтініш айтпаған. Осындайда «Қайран біздің аналар арды ойлаған» деген қазақтың асыл сөздері еске түседі, – дейді күйеу баласы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Ибадулла Таутенов.

Шәкірті Базаркүл Таңжарықованың естелігінде қажырлы еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленген қайраткерді ұстаз тұтқаны айтылады.

– Көлжан апаймен бірге алпысыншы жылдары колхоздың егін шаруашылығында,  күріш, бидай, арпа, жүгері өсіруде қатар жүріп,  көп нәрсені үйрендім. Социалистік Еңбек Ері болса да қатардағы колхозшымен бірдей еңбек ететін. Ол кезде ауыл шаруашылығында техниканың аз  кезі, егіске су әкелу үшін арық-арналар қолдап кетпен, күрекпен қазылатын. Колхоз аумағындағы «Дәуқазған», «Ақарық», «Алтай», «Құрманайарық», «Қырғызарықты» жұмысшылар қолмен қазып, егін өсірді. Осы жұмыстарда ол кісі ер азаматтармен бірдей ерен еңбек үлгісін көрсетті. Сол еңбегінің арқасында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Социалистік Еңбек Ері атанды. Әлі күнге дейін Көлжан апайдың суреті Мәскеуде Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесінде тұр, – дейді ол.

Тағы бір шәкірті  Күнділда Төлегенұлы бүгінде Ғ.Мұратбаев ауылы Көлжан ана еңбегін үлгі тұтатынын айтады.

– Ауылда ел басына қиын-қыстау күн туып, ер азаматтар майданға аттанғанда, жас кезінен еңбекке ерте араласқан аналарымыз көп болған. Солардың бірі де бірегейі – Социалистік Еңбек Ері Көлжан анамыз. Ол кісі өте қажырлы, қайратты еңбек адамы болғанын бүгінде құрметпен еске аламын.

Ол – еңбек жолындағы ұстазым. 1973 жылы мектеп бітіріп, колхоз жұмысына араластым. Сонда егіншіліктің қыр-сырын, еңбек адамдарымен қарым-қатынасты үйрендім.

Ол кісі үлкен отбасының құрметті анасы бола білді. Бала тәрбиесіне ерекше мән берген, ұл-қыздары жоғары білімді, әр салада еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, ауылда ол кісінің шәкірттері өте көп, Орынкүл Ержанова, Бердібай Елешов, Көбейсін Ескендіров, Оңалбай Дүзелбаев сынды ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері елге абыройлы қызмет етті.

Ауылда К.Оразалиеваның үлгілі болмысын жастар тәрбиесінде кеңінен қолданып келеді. Қарапайым колхозшы, еңбегімен ер атанған  Көлжан ана туралы әлі талай естеліктер, еңбектер  жазылатынына сенімдімін, – дейді К.Төлегенұлы.

Расында, Көлжан апаның ізінен еріп, еңбегінің абыройына бөленген, облыстық, аудандық кеңеске депутат болғандар бар. Олардың қатарында Орынкүл Ержанова, Бақыт Әуесбаева сынды еңбек майталмандары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып, ел аманатын арқалады.

Еңбек майталманы, абыз ананың ұл-қыздары да өмірден өз орнын тапқан. Айталық, қызы Рысты Оразалиева – Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген мұғалімі, ұлы Қоянбай Оразалиев Қазалы ауданының статистика саласын ширек ғасырдай басқарған, ауылдық кеңесте, партия саласында абыройлы қызмет еткен. Басқалары мемлекеттік қызметтің әр саласында еңбек етіп келеді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<