Ет нарқы: Енжарлықтан есеміз кетіп жатыр

715

0

Қараша түскеннен қазақтың мал байлап, соғым қамына кірісетіні бесенеден белгілі. Әсіресе, жылқы етін аңсайтындар көп. Дегенде, әр үй шамасына қарай ірі қарасын іріктеп, көрпесіне қарай көсілетін шақ бұл. Қысы қатал өңірде тұратын халықтың соғымға келгенде тартына бермейтін дағдылы әдеті, әрине, етке деген сұранысты еселей түсетіні аян. Алайда күн санап құбылып тұрған сол ет бағасына қатысты біз қандай талдау жасай алар едік?

Бір адамды білуші едік. Осы қаладағы ет нарығында орны бар. Ауылдан шыққан жігіт ағасы. Ет дүкенін ашып, арзан бағада өткізіп, пайдасын тигізіп жүргенін естиміз. Өмірсерік Құрасбаев екі мыңыншы жылдардан бастап облыс көлеміндегі ет бизнесіне дендеп кіргенін айтады. Ал оған дейін «Ескі базарда» түрлі кәсіппен шұғылданған оның ет саудасында мүлде тәжірибесі де болмаған.

Ет нарқы: Енжарлықтан есеміз кетіп жатыр

Бір сиырдан басталған

– Базарда түрлі кәсіп істедім деп айттым ғой, – деді Өмірсерік аға алдындағы ғана әңгімемізді еске түсіріп. Солай дегені рас еді, бірақ тақырып басқа болған соң, оны оқырманға қажет емес деп таптық.

– Түрлі қиындық, бір жығылу, бір тұру. Базардағы жұрттың қияметі ол бөлек әңгіме, – деп үзілген сөзін жалғаған ол. – Бәрін қолымды бір сілтеп, қойманы иесіне табыстадым. Негізі ет сату кәсібіне тартқан өзімнің туған күйеу балам болды. Есімі Нұрдәулет. Әдепкіде бір сиырдың етінен бастап көрейінші деп ойладым. Сәтін салғаны соншалық, саудам бірден жүрді. Әп-сәтте өтіп кетіп, қолыма біраз ақша ұстадым.

Өмірсеріктің айтуынша, 2003-2004 жылдары аймақтағы ет базарына келетін малдың көбі Ташкенттен әкелінген. Сондай-ақ сол кезгі Оңтүстік Қазақстан облысынан сиыр еті жеткізіліп отырған.

– Есіңізде болсын, ауылдағы соғымға деп сойып жүргенің ол бөлек. Ал мына ет базарына шығарып сататын етті мүшелеу мүлде бөлек. Мен бір ай ішінде қасапшылықты үйреніп, сүйекті қалай шабу, етті қалай ажыратып беруді меңгердім. Ал егер оның дұрыс болмаса, базардағы алыпсатарлар саған екінші қайта жоламайды. Иә, біз сырттан келген малды жақсылап сойып, мүшелеп, базардағы саудагерлерге өткізетінбіз. Олар халыққа өзінің бағасын қойып асықпай сата береді, – дейді ол.

Осылайша, жеке кәсіпкерлікті ашып, аз жылда аймақтағы түрлі мекемелерді етпен қамтуды бастаған Өмірсерік осы салаға өзін арнайды. Мұнай компанияларынан бөлек, жергілікті жердегі балабақшаларға да осы өнімді өткізіп келген. Бір күнде 20-25-ке дейін ірі қараны сойып, етін базардағы саудагерлерге де өткізіп отырған. Осылайша облыс көлемін етпен, әсіресе, сиыр етімен қамтуға тұрақты үлес қосқан.

Бесарықтан «Қарабұлақ» шығаруға болады

Оңтүстікте «Қарабұлақ» деген ауыл бар. Шымкент қаласынан 50 шақырым әрі жатыр. Сенсеңіз, мұнда бір күнде 600-700 бас арық-тұрық сиыр кіреді. Сол күні дәл сондай шамада семіз ірі қара сыртқа шығады. Демек, бұл ауыл нағыз бордақының орталығы десек те болады.

– Менің айналысып отырғаным тек сиыр еті. Оны төрт бағытқа бөлеміз. Біріншісі – бұқа. Оның еті қымбат. Өзбекстанға тікелей кетіп жатыр. Шамамен келісі 2200 теңге. Одан кейінгісі – қашар. Келісі 1850 теңге. Үшіншісі – «ақта» малы дейміз, қазақшалап айтқанда, кестірген мал. Қазір «ақта» көп кездеспейді. Өйткені, бұқа күйінде қалдырып, қымбатқа өткізгенді жөн көреді. Одан кейінгі – сиыр. Міне, осы төрт тармақ арқылы Қарабұлақтан ет келеді. Шыны керек, осы ауылдан Қазақстанның барлық жеріне ірі қара тасылады, – деп қалды тағы бір сөзінде ет сатудың маманы.

Өмірсерік Қарабұлақтан сойылған сиыр етімен «Сұлтан» базарын қамтамасыз етіп отырғанын айтады. Екі күнде 15-20 бастан әкелген сиыр еті әп-сәтте өтіп кететінге ұқсайды. Сонда бір айда 200 бас сиырдың еті оңтүстіктен келеді деген сөз. Өйткені, облыстағы малдың күйі «Қарабұлақтағыдай» емес. Қоңына көңіл толмайды. Жол шығынына қарамастан, көп ет сатушылар осылай әрекет етіп жүр.

– Мысалы, біздегі «Бесарық» ауылы. Мына қала іргесіндегі ел. Мұнда көбіне жылқы бордақыланады. Ірі қара да бар. Міне, осыны «Қарабұлақ» сияқты етсе қалай болар еді?! Көп кәсіпкер сыртқа сандалмас еді. Өзіміздікін өзімізге жаратып отыра береміз сонда. Тіпті, мына Жезқазған, Астана сияқты қалаларды етпен қамтуға болады. Екінші бір өкініш, біздегі мал қараша мен желтоқсан айында ғана күйлі. Сол кезде ауылдағы ағайын ел аралап жүрген алыпсатарларға тікелей сатып, көп ұтылып жатады. Әрі қарай қыс пен көктемде мал сатам деу біздің Қызылордаға тиімсіз, – деп қалды кәсіпкер.

– Аймақта бір «Қарабұлақ» болса дейсіз ғой, – дедім мен кейіпкерімнің сөзіне дем беріп.

– Менің айтпағым да осы. «Қарабұлақ» сияқты облыс орталығына жақын «Бесарық» не Абай ауылдарына осындай жағдай жасасақ, аймақтағы ет бағасы да ойнамалы болмайды. Көп арзанға түседі. Өйткені, бәсеке көп болады ғой. Мысалы, мен «Қарабұлақта» бір үйден бес бас ірі қара шығарсам, келесі үйден 10 бас сиыр шығарып аламын. Келісін 1600 теңгеден сойып беруге дайын тұр. Жалпы 3-4 тоннаның үстінде ет келеді елге. Әкеліп, 1650 теңгеден өзіміздің «Бірлік» атты ет дүкеніне қойдырамын. Одан бөлек, базардағы саудагерлер де менен сол бағаға алады. Олар 1900 теңгеден сатады. Өйткені, көтерме ет сатумен айналысатын мен сияқты саудагерлер мал танымайды, ет сапасын білмейді. Бізден алып, үстіне баға қосатыны сол. Жалпы мен ет сатып пайдаға кенеліп отырғаным шамалы. Бірақ кейбір кем-кетігін малдың ішек-қарны, өкпе-бауыры, бас-сирағымен толтырамын. «Қарабұлақтан» кейбір жігіттер осыларды алмай, тастап кетеді. Ал мен қалдырмаймын. Мысалы, ішек-қарынның келісі 50-100 теңге дейікші. Кафе мәзіріндегі салат түрлеріне пайдаланады. Итіне тамақ ретінде алатындар да бар, – дейді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, жоғарыда айтқан қала іргесіндегі ауылдарға жауаптылар әлі де көңіл бөлсе керек-ті. Көмек беру керек. Бірыңғай күріш өсірумен айналыспай-ақ сол маңға жоңышқа, жүгері, бидай ексе, жағдай өзгереді. Өйткені, жем-шөбі өзінен дайындалған соң, аймақтағы барлық ірі қараны өзімізде бордақылауға болады. Қазір қаладағы мал базардағы бар сиыр сұрыпталып, сонау оңтүстіктегі «Қарабұлаққа» кететіні жасырын емес. Тікелей. Ал олар өз малымызды өзімізге семіртіп сойып, пұлдап отыр. Еттің аспандауына бір себеп – осы.

– Жұрт семіз ет жегісі келеді. Тағы да айтам, шеткі ауылдарды бордақылау шаруашылығына бейімдеп, сою пункттерін ұйымдастырып, әр аудандағы малды қабылдауды ұйымдастыру керек. Мал азығын да сол ауыл маңындағы күріш егістігімен ауыстырса, бұл аймақтағы ет нарығына бірден әсерін береді. Рас, қазір әр өңірде жекелеген адамдар 100-200 бастан бордақылайды. Бұл бірақ бағаны түсіруге әсер еткенін көрген емеспін. Өйткені, жем-шөпті сатып алып отырғандар бар. Сол үшін ет бағасы жоғарылай беретіні түсінікті дүние ғой, – дейді Өмірсерік Құрасбаев.

Айтпай кетпеуге болмайтын тағы бір нәрсе. Еттен бұрын малға тауып берер қысқы азығы қымбат болып тұр. Ал мал қоңдану үшін құнары жақсы жем-шөп керек. Арық малдың сыртынан елдің айналып өтетіні тағы анық. Бұл еттің қымбаттауына әбден себепкер. Биыл жоңышқаның бір бумасына 1000-1200 теңге сұрап тұр. Жай қауылдырықты пішеннің бумасы 600, бау пішен 300-350. Ал жеміне келер болсақ, бидай жемінің келісі 150-160 теңгеге шығып отыр. Бұл – әлі күзгі баға. Қыс ортасына таяу қажеттінің бәрі қалтаға ауыр тиетіні айтпаса да белгілі. Бірақ, бізде еттің бағасы қанша шарықтағанымен, ет жеудің ыңғайын табуға тырысады. 12 жілікті түгел ала алмайтынын білетін жұрт, төрт-бес үй болып бірігеді. Осындай әдіске көшкен қаладағы ағайын қазір семіз байталды сойып алатын болған.

«Қонақ келсе, ет қызарар, ет қызармаса, бет қызарар» дейтін халықпыз. «Соғымың сүйкімді болсын» деп тілек айтып, туған-туыс, көрші-қолаң, дос-жаранды әндете аралап, қуырдаққа мелдектей тоятын «соғым басы» дейтін дәстүр менің бала кезімде көп болушы еді. Бүгінде байқалмайды. Дегенмен, соғым басын тойламаса да, тай мен тайыншаның етін  жеп отырғандар баршылық.

Шіріген шикізат – бетке шіркеу

Тоғыз қабат торқадан тоқтышағының терісін артық көретін бұрынғы қазақты білеміз. Бірақ қазір тоқтышақ түгілі, торпақтың терісін біз пайдаланбаймыз. Мысал айтайықшы.

Біздегі Құрбан айт мерекесінде қанша ірі қара, қанша уақ мал сойылды дегендей есепті қараңыз. Былтыр «Облыс бойынша 4 түйе, 124 ірі қара, 714 қой, 95 тоқты құрбандыққа шалынды» деген ақпарат бар. Бұл жерде жеке өз шаңырағында құрбандық сойып, Құдайдан тілек тілеген пенделердің есебін қосып отырғанымыз жоқ.

Қош, осыншама мал сойылғанда терінің тұтастай қайда кеткені белгісіз. Санитарлық талапқа сай көмілген деген ғана мәлімет бар. Неге көмілуі тиіс? Жауап біреу-ақ. Облыс аумағында тері қабылдап, оларды өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың жоқ болуына байланысты ауыл шаруашылығы жануарларының терілері қоқыстарға тасталады.

Демек, біздегі шикізат бостан-бос көміліп, жер астында шіріп жатыр деген сөз. Облыста жүн, ірі және майда терілерді өңдеуден немесе алғашқы өңдеуден өткізетін кәсіпорындар болмағандықтан, жеңіл өнеркәсіпке қажетті шикізаттар рәсуа болуда. Ал карантин басталамын дегенше бұл шикізаттарды кәсіпкерлер арқылы арзан ақшаға алып, басқа облыстарға (Түркістан, Алматы) жіберген.

– Өзбекстанда бір бұқаның терісі 5 не 7 мың теңгенің аралығында. Оған себеп біреу. Терісінің қалыңдығы. Ал бізде қоқысқа тасталады. Бірақ, бұқаның терісінен басқасы. Оны біздегі «мясниктер» ешқашан далаға лақтырмайды. Өлсе де тастамас. Сол көрші облыс арқылы өзбектерге қарай өтіп жатыр. Мысалы, «Қарабұлақта» сойылған бар малдың терісі Өзбекстанда. Әрі қарай олар өздері біледі. Келешек өзім де осы тері кәсібінде бағымды сынап көргім келеді, – дейді Өмірсерік Құрасбаев.

Расымен де, жеңіл өнеркәсіпке керегі өзімізден де табылады. Ұқсатам деуші кәсіпкер болса, мемлекеттен қолдау берілсе, тіпті құба-құп.  Әйтпесе, шіріген шикізаттың бетке шіркеу болғаны қашан…

Қызықты мәлімет. Ел арасында, әсіресе, өз жерлестеріміздің арасында мынадай бір талас бар. Қызылорда облысының еті өте дәмді, өзге аймақтарда олай емес. Мұны Өмірсерік Құрасбаев жоққа шығарды. «Барлық елдің де, жердің де еті бірдей. Біз тек тұзды көп пайдаланамыз. Тұз әбден бойына сіңген ет дәмді болмай қайтеді?! Біз енді шөлейтті жерде тұрғасын, етті сақтаудың да, баптаудың да, қақтаудың да тәсілін әбден меңгергенбіз». Өмекең осылай өмірден түйгенін ақтарды…

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<