Ғылым мен өндіріс сабақтастығы

583

0

Кейінгі жылдары Қызылорда облысы жақсы жобаларды, бастамаларды іске асырып келеді. Қазіргі таңда өңірдің инфрақұрылымы мен экономикасы артуда.

Биыл Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Жақында Сыр еліне келген Мемлекет басшысы өңірдің дамуына жоғары баға берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еңбек адамдарымен кездесуде: «Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер дала академигі Ыбырай Жақаевтың даңқты ісін жалғастырып жатырсыздар. Сондықтан мен сіздерді әрқашан қолдаймын» деді. Президент өңірдің күріш өндірісімен танысып, фермерлер мен шаруалардың еңбегіне табыс тілеген болатын.

Облыс бойынша ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімінің 63 пайызы өсімдік шаруашылығының үлесінде. Аймақта соңғы жылдары мал шаруашылығы қарқынды дамуда: 400 мыңға жуық ірі қара, 732 мың қой мен ешкі, 216 мың бас жылқы, 60 мыңға жуық түйе басы бар.

Сонымен қатар, балық шаруашылығы кластері қолға алынған. Қазіргі кезде 10 балық зауыты жұмыс жасайды. Облыста 2030 жылы жоспар бойынша 16 балық өсіру және 12 тоған шаруашылығы іске қосылып, 16 мың тоннаға жуық тауарлы балық өндіру көзделген, яғни аймақтың болашақтағы экспорттық әлеуеті де арта түспек.

Ауыл шаруашылығымен 13 мыңнан астам агроқұрылым айналысады, соның ішінде 97 пайызы – жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары. Бұл – Қазақстандағы күріш өсіруге мамандандырылған бірден-бір аймақ.

Соңғы үш жылда, орта есеппен алғанда, күріш алқабы 84 мың гектарға, өнімділігі бір гектардан 53 центнерден айналып, оның жалпы өнімі 450 мың тоннаға жетті. Бұл жаман көрсеткіш емес.

Күріштің әйгілі «Ақмаржан» сорты бүгінде республикамыздың әрбір адам санына шаққанда, 13 келі тиесілі екен. Сыр өңірінде атақты, танымал кәсіпкерлер жеткілікті. ғалым-селекционер Құрманбек Бәкірұлының ерен еңбегін айта кету керек. Бүгінгі күні Ыбырай Жақаев атамыздың жолын қуған ізбасарлары «Абзал және К» компаниясының басшысы Абзал Ералиев, «Таң ЛТД» компаниясының директоры Имамзада Шағыртаевты айтуға болады.

Қазақстанға күріш сорттарының 90%-ы әртүрлі жолдармен Ресей Федерациясынан келеді. Алайда отандық сорттарымыз және оның селекциясы, тұқым шаруашылықтарына, жаңа технологиясына ерекше қолдау қажет. Мысалы, отандық «Сыр сұлуы», «Айсара» сорттары бәсекеге өте қабілетті, тек оларды көбейтетін тұқым шаруашылықтарына мемлекеттік қолдау керек. Осы орайда отандық күріш дақылының дамуына Серікбай Өмірзақов, Лаура Тохетова, Әсет Тоқтамысов, т.б. ғалымдарымыздың ерен еңбегін айта кету керек деп санаймын.

Жақында Астана қаласында өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық комитеті отырысында ауыл шаруашылығы бағытындағы ғылыми-зерттеу институттарының, сонымен қатар, Кеңес одағы кезінде үш ғылыми-зерттеу институттарының бірі болған, 90 жылдық тарихы бар Ы.Жақаев атындағы күріш шаруашылығы институты проблемасын көтерген болатынмын. Қазақстанның күріш өндіру бойынша тарихи әлемдік позициясын жоғалтуы бізге үлкен сын екенін айттым.

 Бүгінде облыста әртараптандыру жұмыстары күшейтілді, ылғал көп қажет етпейтін дақылдардың алқаптары кеңеюде. Кейінгі жылдары елімізде ауа райының өзгеруіне байланысты жылдық жауын-шашынның түсім мөлшері азайып, қуаңшылық орын алып отыр. Сондықтан жалпы су мәселесіне Мемлекет басшысы мен Үкімет ерекше назар аударуда. Бұл – тек бізді ғана емес, көптеген елді толғандырып отырған өзекті мәселе.

Осы орайда Қазақстан Республикасында халықты, экономиканы және табиғи нысандарды тұрақты сумен қамтамасыз ету бойынша 2050 жылға дейінгі ғылыми-қолданбалы инновациялық стратегиясы әзірленді. Бұл бағыттағы өзекті мәселе – Сырдария өзенін «Көксарай» су қоймасымен реттеу. Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекеттері өз ұлттық бағдарламаларын орындау мақсатында бұрынғы қабылданған суды пайдалану бойынша мемлекетаралық интеграциялық принциптерін өзгертті. Осыған байланысты Қазақстан ұзақ мерзімдік және оперативті режимде су ресурстарын тұрақты, тиімді пайдалану амалдарын іске асыруы қажет.

Қызылорда облысы мен оның агроөнеркәсіп кешенін сумен қамтамасыз ету мақсатында су қорын тиімді қолдану, жалпы судың фильтрациясын азайту, су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы осы күрделі мәселені шешуде. Бұл өңірдің агроөнеркәсіп кешені ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

Агросаланы инновациялық жолмен жедел дамыту үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты аграрлық ЖОО, ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибе шаруашылықтарының көпжылдық ізденістері нәтижесінде жаңа технологиялар, су ресурстарын үнемдеу, орман алқаптарын дамыту, ауылшаруашылық дақылдары, бәсекеге қабілетті бау-бақша сорттары мен түрлері, өсімдіктер, мал түлігін аурулардан, зиянкестерден қорғау, балық өнімдерін өңдеу, мал және балық жемдерін жасаудың тиімді технологиялары, шикізаттарын қайта өңдеу амалдары көптеп әзірленген.

Ауыл шаруашылығы ғылым академиясына 174 белгілі академик-ғалым мүше болғандықтан, академияның бүгінгі миссиясы – ғылыми бағыттағы әлеуетті біріктіріп, оны сүйемелдеу, қолдау арқылы озық отандық инновацияларды өндіріске енгізу, АӨК тиімділігін арттыру, кәсіпкерлердің біліктілігі мен технологиялық мүмкіндіктерін дамыту.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының «Қызылорда» орталығы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты негізінде ашылғалы отыр. Мұның өз себебі бар. Мысалы, Қызылорда облысы көпсалалы ауыл шаруашылығымен айналысатын өңір болғандықтан, ең күрделі мәселелер де осы өңірде деуге болады. Нақтырақ айтсақ, су тапшылығы, топырақтың тұздануы, құнарсыздануы, өнім сапасының төмендеуі, мал басының саулығы және тағы басқа қордаланған мәселелер байқалады. Ғылыми зерттеулер мәліметіне сүйенсек, біз өндірілген өнімді (өсімдік түріне байланысты) 15 пайыздан 30 пайызға дейін жоғалтады екенбіз. Осы орайда тасымалдау, сақтау және қайта өңдеу жұмыстары да – басты мәселе. Ерекше көңіл бөлетін жайт – өндірілген өнімді өңдеу кәсіпорындарының жұмысын жандандыру. Экспортқа шикізатты шығарудан гөрі, терең өңделеген өнім шығару экономикалық тұрғыдан тиімді екенін білесіздер, яғни, қосымша құны жоғарылайды. Тағы бір мәселе – өндірілген өнімдерді сақтау қоймаларының жетіспеушілігі.

Қызылорда облысы агросаласындағы проблемалардың ғылыми жолмен тиімді шешімін табу мақсатында академия ғалымдары бірнеше өзекті жобаларды нәтижелі атқарды және алдағы жылдары өз жалғасын табады деп сенеміз. Мысалы, Өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты ғалымдары «Қауын шыбындарынан қорғаудың қауіпсіз жүйесін сынау», «шегірткелерге қарсы отандық биопрепаратты енгізу», «Ақмая» пилоттық шаруашылығының базасында ауыл шаруашылығы өндірісін цифрландыру элементтерін енгізу» тақырыптарында нәтижелерге қол жеткізді.

Ветеринария ғылыми-зерттеу институты «Жылқы хеликобактериозын диагностикалау мақсатында иммуноферменттік тест-жүйесін әзірлеу», «Малдың жұқпалы ауруларына мониторинг жасау және олардың алдын алу шараларын ұйымдастыру» жобаларын орындап келеді. Сонымен қатар, ветеринария саласының ғалымдары бруцеллездің індеттік жағдайын нақты анықтау, орындалып жатқан жалпы және арнайы шараларды объективті бағалау үшін толыққанды, жан-жақты мониторингтік зерттеулер жүргізбекші. Соның нәтижесінде малдың (табын, отар, үйір, т.б. бойынша), әкімшілік территориясы (ферма, ауылдық аймақ, т.б.) сертификацияланады, олардың бруцеллезден статусы анықталады. Мониторингтік зерттеулер негізінде мал бруцеллезі бойынша облыстың, аудандардың, ауылдық округтің нозогеографиялық картасы жасалып, аймақ 3 класқа бөлініп, (Таза, А, Б, С), статусына байланысты 1 жылдық арнайы шаралар схемасы ұсынылады. Осы бағытта академия ғалымдары ветеринария мамандарының біліктілігін арттыруға дайын.

Жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институты отандық көкөніс дақылдары және картоп селекциясын жасап, Қызылорда жағдайына бейімделген отандық сорттарды, отандық дақылдарының шөлге төзімді сорттарын шығару мәселелерімен айналысып келеді.

Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары «Су үнемдеу технологияларын әзірлеу», «Күріш дақылын өсірудегі суару жүйелерінің тиімділігін арттыру», т.б. инновацияларды зерттеп енгізуде.

Топырақтану ғылыми-зерттеу институты ғалымдары «Тұзданған сортаң топырақтарды мелиоранттар арқылы сапасын жақсарту», «Тұздану дәрежесі жоғары аймақтағы топырақтарды егіншілікте пайдалану» тақырыптары бойынша жұмыс атқарды.

Қазақ өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты ғалымдары ауыл шаруашылығы және көкөніс шикізатын терең өңдеудің жаңа технологияларын, өсімдік және ет өнімдерінің жаңа түрлерінің технологиясын әзірледі, мал және балық жемдерін жасаудың тиімді технологияларын ұсына аламыз.

Агроинженерия ғылыми-зерттеу институты ғалымдары күрішті өсіру кезінде топырақты минималды өңдеу технологиясына арналған шығындарды 30-50% төмендететін «КПН-4» қопсытқыш-тегіс кескіш дайындап, қазіргі кезде облыста біздің 15 машина жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар су шығынын 60%-ға дейін азайтуға мүмкіндік беретін тамшылатып суару таспасын төсеуге арналған чизельді тереңдеткіш бар.

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Арал өңірі жағдайында жайылымдық жерлерді қалпына келтіру тәсілдерін әзірледі. Жем-шөп дақылдарын өсіруде органикалық тыңайтқыштарды қолдану арқылы өнімділікті 15%-ға арттырды.

Академия ғалымдарының жобалары аясында Аралдың құрғаған табанындағы тұзды тұрақтандыру мақсатында соңғы 25 жылда 185 мың гектардан астам жерге сексеуіл көшеттері отырғызылды. Осы жұмыстар жақсы жолға қойылғаны бәрімізге белгілі.

Ғылыми жобалардың арнайы каталогы жасалды, академик-ғалымдардың мамандығы бойынша жобаларды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және аудандық бөлімдермен бірлесіп нақты қарастыратын боламыз.

Әрине, көптеген сұрақ қаржы мен тиімді менеджментке, тиімді басқару жүйесіне тікелей байланысты. Дегенмен, бұл мәселелерді кешенді шешу үшін төмендегідей мәселелерді бірге қолға алуды ұсынамыз:

– заңнамаларға ғылыми тұрғыда негізделген тиімді механизмдерді әзірлеп ұсыну (салық түрлері мен олардың көлемін азайту, кооперация, өңдеу, несие беру механиздерін дамыту туралы бірге ұсыныстар дайындау);

– мемлекеттік қолдау құралдарын дамыту, оның үлестіруі ашық және өз кезінде атқарылуы (цифрландыру, сақтандыру механизмдерін жеңілдету, ауыл-аймағының даму перспективаларына, экологиялық жағдайына байланысты жедел қолдау механизмдерін ұсыну, т.с.с.);

– агросалаға отандық және шетелдік инвестицияларды тарту (жер қойнауын пайдаланушылармен (недропользователи) бірге агросалада жобаларды іске асыру, су үнемдеу технологиялары саласына байланысты шетел тәжірибелерін тарту, т.с.с.);

– әлемнің жетекші елдерінің тәжірибесін ескере отырып, білім мен озық технологиялардың өндіріске жетуіне ықпал жасау, ғылыми жаңалықтарды жеткізіп отыру мақсатында Қызылорда облысының әр ауданында кәсіпкерлерді қолдау орталықтарымен бірге білім тарату офистерін ашу (аудандағы «Атамекен» ҰКП жүйесі, колледж, мектептер базасын қолдану);

– академияның «Қызылорда» орталығының басты мақсаттарының бірі – экстеншн жүйесін дамыту, фермерлер мен мамандардың біліктілігін арттыру.

Осы мәселелерді қолға алу үшін біз Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының мүмкіндіктерін жұмылдыратын боламыз. Бұл агроөнеркәсіп саласының инновациялық жолмен дамуына өз үлесін қосады. Ғалымдар мен өндіріс мамандарының ынтымақтастығы өте маңызды шешімдерге серпін береді деп сенеміз.

Тілектес ЕСПОЛОВ,

ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының президенті,

ҚР Ғылым және техника саласының

Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

ҚР ҰҒА академигі

*сурет ашық дереккөзден

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<