Күріш алқаптарын қысқарту ұсынылды

861

0

Қызылорда мен Түркістан облыстарына күріш алқаптарын қысқарту ұсынылды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов айтты.

– Қызылорда облысы бойынша магистральдық және шаруашылықаралық каналдарды механикалық тазалау жүргізілуде. 67 қосымша сорғы сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ суармалы суды ұтымды бөлу және су бөлу бойынша шаралар қабылданатын болады. Бұдан басқа, өткен жылдың тәжірибесі бойынша суару кезектілігі және коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану қолданылмақ. Қалыптасқан жағдайды ескеріп, әкімдікке күріш егісін қысқарту ұсынылды, – деді ол министрліктің алқа мәжілісінде.

Вице-министр Түркістан облысы бойынша Мақтарал және Жетісай аудандарындағы «Достық» каналының егіс алқаптарында күріш егістерін жою ұсынылғанын айтты.

– Сондай-ақ, магистральды және шаруашылықаралық каналдар тазартылуда. Коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану үшін қосымша сорғыларды сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сырдария өзенінің ағысын  ескерсек,  «Көксарайға» судың жетпеу қаупі жоғары. Осыған байланысты Түркістан облысының әкімдігіне контрреттегіш аумағындағы жерлерде егістікті екпеу ұсынылды, – деді С.Қожаниязов.

Вице-министрдің айтуынша, жаңа Су кодексімен жұмыс басталып, шет елдердің су ресурстарын басқару саласындағы су заңнамасы мен тәжірибесіне талдау жүргізілді. Ашық НҚА порталында және министрліктің интернет-сайтында орналастырылған реттеу саясатының консультативтік құжаты әзірленіп, Әділет министрлігімен келісілген.

Оның айтуынша, жаңа Су кодексінің және ілеспе заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп, сарапшылармен, ғылыми ұйымдармен консультациялар өткізілді. Кодекстің жаңа редакциясының тұжырымдамасы жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

– Су кодексінің жалпы бөлімінің жобасы әзірленді. Ерекше бөлімі және ілеспе заң жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Аталған мерзімде жаңа Су кодексінің жобасы Президент Әкімшілігі мен Парламент Мәжілісіне енгізілетін болады, – деді С.Қожаниязов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<