Науқан мәреге таяды

496

0

Күзгі жиын-терім науқаны да мәреге таяды. Қазірге дейін өңірдің егін даласында 72 мың гектардан астам күрішке орақ салынды. Бұл – шамамен 91,6 пайыз. Егін жинау жұмыстарын 10 қазанға дейін аяқтау межеленген. Биыл облыста барлығы 188,5 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдар егілді.

Жергілікті диқандар осы жолы да су тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келді. Әйтсе де оны шешуде облыс басшылығы аянып қалған жоқ. Алдымен суды аз қажет ететін дақылдар көлемі артты. Оған қоса күріштің вегетациялық мерзімі қысқа сорттарын егуге мән берілді. Осылайша 78 мың гектардан астам күріш егуге мүмкіндік туды. Егін судан тарыққан жоқ. Жауапты сала мамандары тиянақты тірлік атқара білді.

Десе де елдің көңілінде өнім деңгейі қалай болады деген сауал бар. Бүгінде облыс бойынша әр гектардан 53,5 центнерден айналып отыр. Бұл – былтырғыдан біршама төмен. Оның негізгі себептері – былтырғыдан егін көлемінің азаюы, минералдық тыңайтқыш бағасының қымбаттауы. Вегетациялық кезеңде минералдық тыңайтқыш 2-2,5 есеге дейін қымбаттап кеткен. Осының салдарынан кейбір диқандар егіске оны өз деңгейінде бере алмаған жағдай кездесті.

– Әрине, бар шаруашылықтың жағдайы бірдей емес. Кейбірі аталған қажеттілікке ертерек тапсырыс беріп, арзан бағада алуға қол жеткізді. Ендігісі қаржы мәселесіне байланысты оны қымбатқа алуға мәжбүр болды. Сондай-ақ, қолдың қысқалығынан кейбір ұсақ шаруашылықтар агротехникалық талаптарды сақтай алған жоқ. Айта кетерлігі, алдағы уақытта күріш көлемін қысқарту жоспарланып отырған жоқ. Қазір ғарыштық бақылау арқылы артық күріш егуге тоқтау жасалды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев.

Бүгінде өңірде суды үнемдеу технологиясына ерекше мән беріліп отыр. Оған қоса малазықтық дақылдар көлемі артты. Солардың бірі – Жалағаш ауданында «Ер-Әлі» шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісімен картоп, сәбіз, қызылша дақылдарын екті. Облыстың оңтүстігіндегі Жаңақорған, Шиелі аудандарында аталған әдіс бірнеше жылдан бері кеңінен қолданылуда. Ал жоңышқа дақылына жаңбырлатып суару әдісі пайдаланылуда. Бұл оң нәтижесін берген жағдайда келешекте кең ауқымда өндіріске енгізілмек.

Биыл облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары 2,8 млрд текше метр су алды. Рас, әлі күнге дейін судың ысырабы күн тәртібінен түспей келеді. Бұл бағытта облыс басшылығы тарапынан суды үнемдеу технологиясына мән беріп, оны қатаң бақылауға байланысты тиісті іс-шаралар қолға алынып отыр. Осы мақсатта австриялық «Рубикон» компаниясымен жұмыс жүргізілуде. Сол арқылы Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандары бойынша «Шіркейлі» каналында суды пайдалануды автоматтандыруға көңіл бөлінеді. Демек, нақты өлшем, үнемдеу мәселесі мықтап қолға алынады.   

– Қазір қанша мөлшерде суды пайдалануды есептеуде көптеген қиындық бар. Әсіресе, суды бөлу және жеткізіп беруде осындай кемшіліктер көлденеңдеп тұр. Сондай-ақ, су шығынын азайту мақсатында жерді тегістеу жұмысына мән берілді. Әсіресе, күріштік жерлерді тегістеудің маңызы зор. Оған қоса су насостарын пайдалану арқылы егіске қажетті мөлшерде су алынды. Әрине, шетелден келетін минералдық тыңайтқыш бағасында өсу байқалды. Мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың нәтижесінде бұл мәселе толығымен шешілді, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Кейінгі уақытта облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біраз жұмыс жасап отыр. Осы мақсатта биыл облыс әкімінің тапсырмасымен көкөніс-бақша дақылдарының көлемі артты. Бұл жұмыс облыстың барлық ауданында жүзеге асты. Қазірге дейін картоптың 83,1 (3,4 мың гектар), көкөніс (6,4 мың гектар) пен бақшаның (8,8 мың гектар) 98 пайызы жиналды. Көкөністің әр гектарынан 139,7, көкөністен 197,1, бақшадан 239,8 мың центнерден өнім келуде. Елдегілер өнімді шетелге және еліміздің өзге өңірлеріне сатуға мүмкіндік алды.

– Олардың арасынан басты дақыл – күріштен 100 мың тоннадай өнімді  экспортқа шығаруға қол жетті. Экспортқа шығару – мол пайданың көзі. Жоғары бағамен сатуға жол ашылады. Сол арқылы ауылдағы ағайынның табысы артады. Бүгінде Сыр күрішіне Өзбекстан, Әзербайжан Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Моңғолия тұрғындары қызығушылық танытуда. Сондықтан алдағы уақытта дария арқылы келетін судың деңгейін ұстай отырып, күріш көлемін кемітпеуге күш саламыз. Сондай-ақ, қызылордалық диқандар еліміздің аталған өнімге сұранысын толығымен қамтамасыз етіп келеді. Елімізде қайсыбір жылдарда шетелден келетін күріш өнімдері сатылып жататын. Қазір халық өзіміздің күрішті көбірек алуға тырысады, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Кейінгі уақытта Шиелінің қызанақ өсірумен аты алысқа жетіп тұр. Оған еліміздің солтүстік өңірлерінен сұраныс артуда. Кейде тіпті көршілес Түркістан облысының өзі аталған өнім төмен бағасы болған жағдайда арнайы келіп алып жатқандар бар.  

Басқарма басшысының орынбасары облыстың табиғи жағдайында күріштен бас тартуға әсте болмайтынын айтады. Себебі, ол алдымен жерді тұзданудан сақтайды. Соның салдарынан жер айналымнан шығады.

– Өкініштісі, бүгінде күріш көлемін қысқарту жөніндегі әңгіме жиі қозғалып жүр. Дегенмен олардың көбісі Сыр өңірінің табиғи ахуалынан мүлдем бейхабар. Жақында еліміздің Ауыл шаруашылығы және Экология және геология министрлері назарына аталған мәселелер ұсынылды. Министрлер бұл мәселеге көз жеткізіп, алдағы уақытта қолдау көрсетілетінін айтты, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<