Өңірдің тіршілік өзегі өзен тағдырына тәуелді

877

0

Бүгінгі күні климаттың жаһандық өзгерісі жағдайында, әлемнің кейбір жерлерін топан су басып жатса, кейбір жерлерінде құрғақшылық орнап, сол аймақтардағы мемлекеттердің экономикасына орасан зиян келуде.

Біздің еліміз құрғақшылық аймақта орналасуына байланысты стрестік өзгерістерге ұшырауда. Оның үстіне, трансшекаралық өзендер арқылы түсетін су көлемінің азаюы, ортақ өзендерді пайдаланудағы күрделі мәселелер еліміз тарапынан жаңа шешімдер қабылдап, ауыл шаруашылығы өндірісін қалыптасқан жағдайға бейімдеу қажеттілігін туындатып отыр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – Ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауына еліміздегі барлық бастамалардың бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар, әлемдегі қалыптасып отырған геосаяси жағдайларға байланысты алдағы кезеңнің оңай болмайтындығы да ашық айтылуда.

Өткен жылғы Сыр өңірінде орын алған  су тапшылығы егіншіліктегі, жайылымды, шабындықтарды пайдаланудағы тәуекелді тұстарды ашып берді.

Су жетіспеушілігі жағдайында біршама егілген жерлер айналымнан шығып  немесе суға кеш бастырылуына байланысты өнімі төмендеп, сапасы нашарлап, тіпті  піспей қалу сәттері де байқалды. Шаруалар қып-қызыл шығынға батты. Оның үстіне, бүкіл вегетациялық кезеңде бір тамшы жаңбырдың жаумауы, күннің аптап ыстығы аймақта қуаңшылық тудырып, табиғи көлдер жүйесін кептіріп, жайылымдық жерлердің шөптерін күйдіріп, жанға да, малға да өте стрестік жағдай туындап, мал өлімі орын алып, Арал ауданында төтенше жағдай жариялауға әкелді.

Арал теңізінің жойылуы, көлдер жүйесінің құрғауы, Сырдария өзенінен түсетін судың азаюы, «Байқоңыр» космодромының әсері климаттық өзгерістердің қалыптасуының себептері болып отырғаны жасырын емес. Қазақстандық Арал өңіріндегі ең түйткілді мәселе – Сырдария өзенінен түсетін судың азаюында  болып отыр.

Бүгінгі күні Арал теңізінің тұтастық ұғымы жойылып, шартты түрде екіге бөлінгенін әлем жұртшылығы біледі.

Қазақстан тарапынан жасалған жігерлі іс-әрекеттердің нәтижесінде күрделі гидротехникалық нысандар салынып, Кіші Арал  теңізі пайда болды. Әрине, бұл – үлкен жеңіс.

Соңғы жылдардағы табиғи циклдық өзгерістерге сай, Сырдария өзені суының азаюы, өзен алабында орналасқан мемлекеттер арасында су бөлу проблемасын өткір туындатуда. Осы «бөлісте» Қазақстан өз үлесін толық және  уақытылы ала алмай жүргені де жасырын емес.

Сондықтан, біздің мемлекетіміз су саясатын халықаралық тәжірибелерді, ортақ өзен суын пайдалану конвенцияларын, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан достық-көршілес қарым-қатынастарды қолдану арқылы жүргізіп, тиісті су лимитін уақытылы алуға қол жеткізу аса маңызды мәселе болып табылады.

Бүгінгі күні қолжетімді мәліметтерге сүйенсек, Сырдария өзенінің алабында Өзбекстан  Республикасы 4 млн гектардан аса суармалы егіншілікті дамытса, Қазақстан үлесіне (Түркістан, Қызылорда облыстары)  бар болғаны 0,4 млн гектарға жуық суармалы егістік тиесілі. Осындай жағдайда біз, су жетіспеуді  ішкі мәселе қылмай, Сырдария өзенінің су қорын дұрыс бөлуге күш салуымыз керек.

Ол үшін су саясаты бойынша  Үкімет тарапынан мемлекеттік ұзақ мерзімге есептелген стратегиялық жоспар жасалынып, оның жүзеге асуын мемлекетаралық деңгейде қамтамасыз ету аса маңызды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында Қазақстан  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы су ресурстарын бөлу проблемасын  тағы да  көтеріп, аймақта су жетіспеу проблемасын айтып қана қоймай, судың сапасының нашарлауы және тиімсіз пайдаланылуы туралы да мәселе көтерді.

Әрине, осы жиында Орта Азия елдері өз позицияларында тек қана өздерінің елдік мүдделері тұрғысынан келгендігі  айқын көрінді.

Соңғы мәліметтерге қарағанда Өзбекстанда АЭС, ал Қырғызстанда «Қамбар Ата-1» ГЭС-ін салу мәселесі шешімін тапқан секілді.

Демек, біз үшін Сырдарияның төменгі ағысында орналасуымызға байланысты, судың жетіспеушілігі алда күрделене түсетіні сөзсіз.

Кеңестік кезеңде салынған Өзбекстандағы  «Чиназ» гидропостысы мен біздің «Көкбұлақ» гидропостылары әбден тозығы жеткен және ескі  қондырғылармен жұмыс істеп, бізге қанша су түсіп жатқанын дәл анықтауға мүмкін болмай отырғаны жасырын емес және өзен арнасы әрдайым өзгеріс үстінде болады. Осы жағдайды екі ел бірлесіп шешетін уақыт жетті, әсіресе біз бұған мүдделіміз. Гидромет тарапынан – дәйекті дәлелдемелермен осы постыларды қолға алу қажеттігі жөнінде Үкімет алдында мәселе қою қажет.

Келесі тағы бір мәселе Қазақстан тарапынан «Шардара» су қоймасынан бастап Арал теңізіне дейінгі аралықта су пайдаланудың сызықтық схемасы жасалынып, барлық су пайдаланушылар көрсетілген. Осы схема арқылы ішкі аралық су балансы жасалынып, су ресурстарын пайдаланудың нақты жағдайын көруге болады. Ал, Байқоңыр қаласы, ондағы космодромның алатын су көлемі баланстық есепте жоқ немесе қолжетімді емес, ал ракеталар ұшар алдында,  ұшқанда «Қармақшы» гидропостынан кейін судың деңгейінің күрт төмен түсіп кететінін  аймақтық су мамандары айтып жүр. Аймақтағы ауа райының қалыптасуына, Арал теңізінің кеуіп кетуіне, қоршаған ортаның экологиясына, топырақ ылғалының жоғалып, қуаңшылықтың туындауына жайылымдардың азып-тозуына космодромның әсері мол екенін көзі ашық оқырман жақсы түсінетіндігі белгілі.

Сондықтан трансшекралық өзендер бойынша Қазақстанға бөлінетін су лимитін алу, вегетациялық кезеңдерде  пайдалану, экологиялық  су көлемдерін жіберу, өзен суын пайдалану, басқару секілді күрделі процестер бойынша Ресей мемлекеті ықпалын тиімді пайдалану мәселесін жоғары деңгейге  қою уақыты келді. Кешігуге болмайды, себебі Әмудария мен Сырдария суларын пайдалану саясатында Арал апатының болатындығы белгілі болды. Әмуден тартылған «Қарақұм», «Әму-Бұқара», «Камар» каналдарының қосынды су өтімі секундына 1600 текше метр болды, ал Әмудария Арал теңізінің 70%-ке жуық суын әкелгенін ескерсек, бар жағдай белгілі болғаны айнымас шындық еді. Жалпы сол кезеңде құмның арасындағы су буландырғыштың (Арал теңізі) керегі не оның орнына мақта, күріш плантацияларынан тұратын «жасыл оазис» жасаймыз деген озбыр саясаттың болғаны да жасырын емес.

Енді не істейміз, қандай мүмкіншіліктер бар, не істеліп жатыр, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, мелиоративтік мәселелер қалай шешіледі деген сұрақтар төңірегінде  ой қозғасақ.

Соңғы жылдары Қазақстандық Арал өңірінде қалыптасқан экологиялық-мелиоративтік жағдай күрішке байланысты болып отыр деген ой-пікір қалыптасып, хабары бары да, жоғы да мәселенің байыбына бармай күріштің көлемін қысқарту немесе мүлде екпеу жөнінде ұсыныстар айтуда. Шын мәнісінде солай ма? Жоғарыда атап өткендей, Сыр бойында бар-жоғы 150-160 мың гектар шамасында егін егіліп жүр, оның 70-80 мың гектарын күріш құраса, ескі  жаңа жоңышқа 40-80 мың гектарға егілуде, қалған 30-35 мың гектары әртараптандыру, көкөніс-бақша, картоп секілді дақылдардың еншісінде.

Көп жылғы қалыптасқан тәжірибеге байланысты жоңышқа ерте көктемде бір рет қана суарылады, ал қалған кезеңдерде күріш ауыспалы егістігінде болғандықтан, соның ылғалымен өсіп-өнеді.

Сонда күріштің суару (брутто) нормасы гектарына 30-35 мың текше метр  болғанда, күрішке кететін су көлемі 2,8 млрд текше метрді  құрайды, ал жоңышқаның көлемін есептегенде жалпы гектарына 20000 текше метр болады екен.

Екіншіден, күріш суару жүйесі, түгелдей күріштің су тұтыну мөлшеріне есептелгендіктен, күріштен басқа дақылды еккенде де каналға сондай су берілуі керек, сондықтан бұл жерде суды үнемдейміз бе, әлде жоғалтамыз ба, үлкен сұрақ. Иә, күріш көлемін «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ» ғылыми негіздеп, ұсынған 65-70 мың гектардан асырмай, босаған жерлерге әртараптандыру дақылдарын егу арқылы егістік жерлердің мелиоративтік жағдайын сақтап, су ресурстарын тиімді пайдалануға, аймақтың ауыл шаруашылығы экономикасының сұранысын өтеуге мүмкіндік бар.

Әртараптандыру қажет, бірақ оған біршама уақыт пен белгілі бір жағдайлар керек екені түсінікті. Әртараптандыру үйдегі ескі жиһаздарды ауыстыру емес қой. Күріш 100 жылдан астам уақыт егіліп келе жатса да, әлі шешілмеген мәселелер баршылық.

Дегенмен, соңғы 3-4 жылда ірі күріш егуші шаруашылықтар тарапынан суды үнемдеу бағытында мемлекетке салмақ салмай-ақ итальяндық МАРА лазерлік жер тегістіктегіштерін көптеп алып, атыз беті тегістігін +3 см деңгейінде қалыптастырып, су үнемдеуді 30-35% дейін жеткізіп, бұрын-соңды өндірістік жағдайда болмаған гектарына 100 центнерден өнім алуды межелеуде.

Өңірдің тіршілік өзегі өзен тағдырына тәуелді

Сонымен қатар, шаруашылықтар мелиоративтік қуатты техникалар алып, су жолдары, коллекторлы-дрендік жүйені тазалап, оның суларын қайта пайдалануды қолға алуда. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде, күріш өндірісінде суды пайдалануда Сыр бойы диқандары жақсы деңгейге жақындады десек, артық болмас.

Бүгінгі күні аймақта күрішті өндіру, кластерлік жүйеге көшкен. Шаруашылықтар соңғы үлгідегі жоғары өнімді машина-трактор паркін құрып (Джондир, Маддон, Класс,т.б.)  күрішті егу, күтіп-баптау, жинау процестерін қысқа мерзімде орындап, жоғары өнім жинауға қол жеткізуде. Орташа өнімділік гектарына 55 центнерден асып, 430-480 мың тонна жалпы өнім жиналуда. Бұл көрсеткіш еліміздің күріш өніміне деген сұранысын  толық өтеп, экспорттық әлеуетін 150-200 мың тоннаға жеткізді.

Күріш егістігі үлкен аймақтың экологиясына әсерін тигізіп, ауаның ылғалдылығын сақтауға, жасыл желектің қалыптасуына, шабындық, жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыруға тікелей әсер ететіндігі және сол аймақтардағы көл, өзендер жүйесін суға толтырып шаруашылықта кеңінен пайдалануға жол ашады.

Күрішті екі-үш жыл егіп, сол танаптарда басқа дақылдарды егуге қолайлы су-тұз балансы қалыптасып, өнім алуға мүмкіншілік туындайды. Күріш егілмеген жағдайда екінші қайтара тұздану қарқынды жүріп, бір-екі жылда ондай жерлер айналымнан шығып  қалады. Күріш егілмесе, құрғақта екінші Арал катастрофасы орын алуы әбден мүмкін.

Күрішті суару жүйесі – балық қорын көбейтудегі табиғи питомник деуге әбден болады. Табиғи жағдайда өсіп-өнген балық қорын уақытылы, талаптарға сай тұрақты су көздеріне (көл, өзен, коллектор, т.б.), Сырдарияға, Арал теңізіне жіберсе, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан біраз мәселені шешуге болады. Ол үшін шаруашылықтар егінін жинай алмай жатқанда, штраф саламыз деп қорқытпай, керісінше ынталандыру шараларын қарастырған жөн. Табиғи ресурстарды басқару, пайдалану, балық инспекциясы секілді басқармалар осы бағыттағы жұмыстарды үйлестірсе, табиғатқа да, елге де тиімді болар еді.

Көлдерді арендаға алушылардың да жұмысына талапты күшейту, суды ұтымды пайдалану, балық қорларын сақтау, халық игілігіне жұмсау мүмкіншіліктерін қарастыру қажет.

Жаңа іскер азаматтар заманауи технологияларға негізделген күріш өңдеу зауыттарын құрып, күріш жармасын әлемдік стандарттарға сай өңдеуге қол жеткізіп, бүгінгі күні алыс-жақын шетелдерге сатуды жолға қойды. Сонымен қатар күрішті терең өңдеу нәтижесінде құнарлы мал азығын дайындау жүзеге асырылуда. Аймақтағы ауылдық елді мекендердің 40%-ке жуық халқы осы дақыл өндірісімен айналысып, несібелерін табуда.

Жалпы, Арал маңы аймағының өмір сүруі суармалы егіншілікке тікелей тәуелді және егіншілікті жоғары деңгейде  жүргізуге мемлекеттік қолдаулар, кадрлық, материалдық-техникалық, әлеуметтік, ғылыми-практикалық, ресурстық, нарықтық, экологиялық негіздеме мүмкіндіктері қарастырыла түскені абзал. Өйткені өңірдің тіршілік өзегі осында жатыр.

С.ӨМІРЗАҚОВ,

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы

ҒЗИ бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д, 

ҚР АШҒА академигі, инженер-гидротехник,

«Ауыл» ХДПП Қызылорда өңірлік филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<