Өткен күннен бір белгі

593

0

«Өткенді білмей, жаңаны жасай алмайсың» дегендей, өткеннің бәрін жамандай беруге болмайды. Өткеніміз – халқымыздың жүріп өткен жолы, ел тарихы. Сондықтан кеңестік дәуірдегі азаматтардың мағыналы істерін жастардың есіне салып отырсақ, артық болмас.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында өз басымнан кешірген бірнеше жайттарды баяндауды жөн көрдім. «Сыр елі – күріш елі» деген желеумен мансап пен атақ үшін жасалған тіршіліктер Одақ көлеміне тарады. Күрішшілер жетістіктеріне күдікпен қараған Кеңестер Одағының ақбас ғалымдары алдында Краснодардағы Кубань Ауыл шаруашылығы институтында өндіріс жетекшісі ретінде облыс диқандарының ерен еңбегін, көрсеткіштерін шырылдап қорғадым. Олардың көзін жеткізгенім мақтаныш емес, басымнан өткізгендерімді оқырмандарға жеткізуді жөн көрдім.

Ол кезде Жалағаш ауданының Калинин атындағы кеңшарда өндіріс бригадирі болып жұмыс істейтінмін. Екі жоғары оқу орнын бітірген биолог, ғалым-агроном, орда бұзар отыздың ішіндегі кезім. Шаруашылығымыз – «Главриссовхозстрой» жүйесіне қарайтын көпсалалы кеңшар. Облыстағы алдыңғы қатардағы, өндірісі өрге домалап, дүрілдеп тұрған. Сегіз танапты инженерлік жүйеге келтірілген жер агротехникалық талаптарға сәйкес игеріліп, күріш көлемі 3100 гектарға жеткізілді. Орта есеппен гектарына 50 центнер үстінде өнім алынып, жекелеген күрішшілер 62-70 центнер, одан да жоғары өнім алуға қол жеткізіп жүрген кез еді.

Сол жылы өзім басқарған бригада  350 гектар күріштен  әр гектарынан 56 центнер, ал, Цой Рикс, Цой Константин, Чай Юр Сен 65 центнер өнім алған.  

«Главриссовхозстрой» жүйесінің күріш шаруашылығындағы өндіріс жетекшілері мен агроном мамандары жыл сайын егін жиналып болғаннан кейін, Краснодар қаласындағы Кубань мемлекеттік Ауыл шаруашылығы институтының жанындағы екі айлық білім жетілдіру курсына оқуға жіберілетін.

Мен 1979 жылдың қараша айының ортасында сол курсқа оқуға бардым. Краснодар өлкесі – Қара теңіз жағалауындағы қысы жұмсақ, жері көкорай шалғынды, шағын орманды, қара топырағы гумсқа бай, ауыл шаруашылығының інжу-маржанына айналған аймақ. Кубань Ауыл шаруашылығы институтында он бір мың студент 16 мамандық бойынша білім алады екен. Оның екі мыңға жуығы Азия, Африка, Латын Америкасынан келген студенттер болса, мыңға жуығы Социалистік лагерь елдерінің тыңдаушылары болатын.

Одақ көлеміндегі күріш егетін Қиыр Шығыстағы Амур бойынан Орта Азия, Қазақстан, Дон, Ставрополь, Краснодар өлкелерінен өндіріс жетекшілері мен мамандар өзара тәжірибе алмасып, білім көтердік. Тәжірибе алмасу кезінде қызу айтысқа да түсіп жүрдік. Институтта аты Одаққа, дүниежүзіне танымал ғалымдар дәріс оқыды. Солардың ішінде 1960-1970  жылдары Қызылорда облысында жаңа жерді игеру жұмысына басшылық жасаған инженер-гидротехник одақтық «Главриссовхозстрой» тресі бастығының орынбасары болған, Қызылқұм, Шардара, Қызылорда, Солжаға, Қазалы, Түгіскен массивтерін игеруге қатысқан доцент Н.Болконский деген кісі болды. Ұзын бойлы, ірі денелі ол  «Мен Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы князь Болконский емеспін, инженер-гидротехник, доцент Болконскиймін» деп лекциясын бастайтын.

– Осында қызылордалық жерлесім отыр, – деп, менің тұруымды өтініп, біздің елде атқарған жұмыстарын, қызықты өмір жолын әңгімелеп, тыңдаушыларды үйіріп ала кететін. Лекциясының негізгі бағыты – біздің облыстағы еңбек еткен жылдары, жаңадан тегістелген инженерлік алқаптарда атқарылған гидротехникалық жұмыстар жайлы. Тегістелген алқаптарды пайдалануға бергендегі қызықты шақтарын, қазақтың қонақжайлығын, киіктің етінен қуырдақ жасағанын айтып, тыңдаушылардың аузынан суын ағызатын. Сол кезде өзімен қызметтес болған Бозғұлов, Мақұлбеков, Шек Миронды айтады. Аудан, облыс басшылары Ықсанов, Бектұрғанов, Әбдікәрімов, Қазантаев, Бакиров, Арыстанбаевтың халықпен жұмыс істеудегі, ел басқарудағы іскерлігін әсерлі жеткізетін.

Курс жетекшісі ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы В.Масловец қызығушылық танытып, біздің күрішшілердің өндірістік көрсеткіштерін, тәжірибелерін, мол өнім алудың жолын қызықтап, сұраумен болатын. Барған бойда менің мәліметтеріммен танысқан «Тропикалық және субтропикалық өсімдіктер» кафедрасының меңгерушісі, доцент В.Павлюков Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Калинин кеңшарында күріштен мол өнім алудың агротехникалық шаралары жайлы, облыста күрішшілердің жоғары өнім алудың жолдары туралы реферат дайындауды тапсырды. «Сіздің күрішшілердің әр гектардан 100 центнер үстінде өнім алуы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарын қызықтыруда. Сондықтан ғылыми кеңеске толыққанды мағлұмат беруге тиіссіз. Кеңес жұмысына институт директоры академик Алешин қатысады» деп маған жауапкершілік артты.

Өзіммен бірге ала барған мәліметтерімді аудан, облыс күрішшілерінің іс-тәжірибелерін, өндірістік көрсеткіштерін жинақтадым. Рефератымның негізі шаруашылықтағы күріш егісінің агротехникалық шаралары, өндірістік бригаданың көрсеткіші, облысқа танымал диқандар Цой Рикс Сергеевич пен Мыханова Камалдың жұмыстары болды. Сол жылдары мен басқарған бригада еңбек ұйымдастырудың механикаландырылған звено жүйесіне, еңбек төлеудің акордтық жүйесіне көшкен болатын. Еңбек ұйымдастырудың агротехникалық күтіп-баптау, суғару, жинау, еңбекақы төлеу жолдарын қамтыдым. Үлкен шайқасқа дайындалдым.

1980 жылдың 15 қаңтары әлі есімде. Институттың акт залы ғалымдар мен студенттерге толған. Ине шаншар жер жоқ. Азия, Африка, Латын Америкасының тыңдаушылары баршылық. Кеңесті институттың білім жетілдіру бөлімінің проректоры А.Краснов ашып, өндіріс практиктерінің іс-тәжірибесі ғылымның қозғаушы күші болатынын айтты. Кейінгі жылдары күріштен мол өнім алып жүрген Қызылорда облысының  күрішші маманы деп маған сөз берді. Мен біздің облыстың Краснодар өлкесі күрішшілерімен тығыз байланыста екеніне, бұл байланыс елуінші жылдары мемлекет, қоғам қайраткері ресейлік қазақ, кезінде Астрахань облысы обкомының хатшысы, кейіннен Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Сужиковтің тікелей басшылығымен орнағанына тоқталдым. Оның ұсынысы бойынша «Кубань-3» күріш тұқымы бізде аудандастырылып егіліп, өңірге тез бейімделіп, мол өнімге қол жеткізіп жүргенімді баяндадым. Рефератымда өзім еңбек ететін кеңшардың күріштен мол өнім алудағы  іс-тәжірибесін, еңбек ұйымдастырудағы жұмыс жолдарын, түрлі экономикалық жетістіктерін және күріш шаруашылығындағы қиындықтарын, арнаулы техникалар мен кіші механизмдердің  жоқтығын, отандық тұқым, тыңайтқыш себетін сеялка мен жер өңдейтін соқаның, жер тегістейтін құралдардың күрішке арналмағандығын жеткіздім. Осы мақсатта жұмыс жүргізуге ұсыныс жасадым. «Мен ғылыми жетістіктерді өндірістің шешуші буынына енгізіп жүрген практик маманмын» деп сөзімді аяқтадым. Зал ду қол шапалақтап қошемет көрсетті. Бірақ бұл құрмет ұзаққа бармады. Маған  сұрақты қарша жаудыра бастады. Қазір олардың аты-жөні есімде қалмапты. Сондағы олардың қойған сұрақтары:

– Біз білетін сіздің облыс топырағы сор-сортаң, табиғи құнарлығы өте аз. Ал сіздер кейінгі жылдары әр гектардан 100 центнер үстінде өнім алудасыздар. Осының сыры неде? – деді.

Осындай провакациялық сұрақтар көп болды, оны беріп отырғандар – ғалымдар.

Мен Краснодар өлкесін Кубань өңірі деп атағандай, Қызылорда облысы – Сыр бойы деп аталатын өлке, – деп бастап, табиғат Сыр бойына осы бір бағалы дақылды өсіруге одан мол өнім алуға жағдай жасағанын айттым. Орта Азия республикаларын басып өтетін Сырдария суының күріш дақылы үшін өте тұщы екенін, дақылдың өсіп-өнуіне қажетті минералды, органикалық элементтермен байытылып отыратынын айтып, элементтердің мөлшерінен мысал келтірдім.

– Күрішке ең қажетті факторлар – қорек, жылу, күн сәулесі, одан дақылдың алатын жылу энергиясы, күріштің өсу дәуірінде алатын жылу энергиясы 4000-4500 килокалория, ал кей жылдары 5000 килокалорияға жетеді. Жақсы диқан күріштік жерге техника түскеннен бастап, дақылды қамқорлыққа алады. Сепкеннен бастап су режимін сақтайды. Арамшөптерге қарсы препараттар беріліп, 2 рет үстеп қоректендіріледі. Осындай айрықша күтім арқасында бір түп күріш қосымша 10-12, кейде одан да көп қосымша сабақ салып түптейді.

Түптеген күріштің әрбір қосымша масағы 120-150-ге дейін дән салады. Зябь пен жоңышқаға орналасқан дақылдан осындай агротехникалық талаптар мен ғылыми жетістіктердің негізінде 100 центнер  өнім алынады, – деп методикалық дәлелмен көзін жеткіздім.

– Кубань – қара топырақты құнарлы өлке. Жерге тыққан таяқ көктейді. Бірақ өкініштісі сол, сіздерде күріш дақылы өніп-өсу кезінде күн сәулесін, жарық энергиясын ала алмайды. Оның үстіне күріштің гүлдеп масаққа отыру кезінде жаңбыр көп жауып, гүлдері төгіліп дақылдың масаққа толық отыруына кері әсерін тигізеді. Осыдан да барып дақылдың түптеу масаққа отыру, дән толық пісу кезінде қажетті энергия алу 2500-3000 килокалориядан аспайды. Соның салдарынан өлкеде әр гектардан 62-65 центнер өнім алып келесіздер. Менің бұл пікіріммен Социалистік Еңбек ері, «Красноармейский» кеңшарының директоры Алексей Исаевич Майсторенко келіскен болатын, – деп сөзімді аяқтадым.

Абырой болғанда, менің тұжырымымды «Биологиялық мамандарды ұйымдастыру» кафедрасының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор А.Легкоступ қолдады. Рецезент ретінде рефератымның құндылығына тоқтап, «өте жоғары» баға беріп, ғылыми кеңесте қолдау тапқан болатын. Сол кісілер баға берген рефератым өзімде көп жыл сақталып, кейіннен Күріш ғылыми-зерттеу институтының мұражайына тапсырдым. Қоштасарда институттың аспирантурасына түсуіме, осы тақырыбым келешек ғылыми жұмыстарымның негізі болатынын айтып қолқа салған еді. Елге келгеннен кейін көп ұзамай аудандық партия комитетіне қызметке шақырылып, қол үзіп кеттім.

Социалистік Еңбек ері «Красноармейский» кеңшарын отыз жыл басқарған А.Майсторенконың шаруашылығын аралап, кездесу, пікір алысу, қызылордалық күрішшілерге деген оның жүрекжарды тілегі – өз алдына әңгіме. Бұл да – өткен күндердің бір белгісі.

Рысбай КӘРІМОВ,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі,

Жалағаш ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<