Қазақстанда рекордтық көлемде астық жиналды

88

0

Коллаж: Kazinform

Биыл көктемгі су тасқынына қарамастан, 26,7 млн тонна астық жиналды. Бұл – кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетінде Президенттің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бастамалары туралы айтып берді.

– Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыруға айрықша мән береді. Шетелге сапарларында осы саланың инвестициялық мүмкіндіктерін ұдайы таныстырып жүреді. Биыл көктемгі су тасқынына қарамастан, 26,7 млн тонна астық жиналды. Бұл – кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Мұны мемлекеттің диқандарға көрсеткен жүйелі қамқорлығы мен қолдауының нәтижесі деуге болады, – деп жазды Берік Уәли.

Биыл көктемгі егін және жиын-терін жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие беріле бастады. Ол үшін алғаш рет жарты триллион теңгеден аса қаржы қарастырылды.

– Негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайту – маңызды міндет. Осы бағытта бірқатар жоба іске асырылды. Дәнді-дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту туралы кешенді жоспар қабылданды. Диқандар отандық тұқыммен қамтамасыз етілуге тиіс, – дейді кеңесші.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10 пайызға дейін жеткізу үшін 120 млрд теңге бөлінді. Техниканы 5 пайыздық мөлшерлемемен лизингке беру бағдарламасы басталды.

Өндірілген азық түлікті сақтап, тұтынушыға жеткізуге қойма-логистика кешендері керек. Алдағы жылдары сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салынады.

– Жалпы, биыл алғаш рет өткен Қазақстанның ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі міндеттері айқындалды. Онда көптеген іс-шарамен қатар, қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылданғаны айтылып, енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам ретінде Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құру жөнінде тапсырма берілді, – деді Б.Уәли.

Айта кетейік, Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл бойы атқарған қызметіне шолу жасап, қоғамдық-саяси өмірдегі, әлеуметтік-экономикалық дамудағы іргелі өзгерістер мен табыс-тар туралы баяндады.

Президент биыл жұмыс сапарымен еліміздің 11 өңіріне барды. Аймақтардағы 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, жұртшылықпен кездесті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы биыл 3 979 құжатты қарап, қол қойды. Оның ішінде 95 заң, 319 жарлық, 81 өкім, 28 отырыс хаттамасы, 3 456 қызметтік құжат қабылданды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<