Қазақстанның тағы бір өңірінен құс тұмауы анықталды

691

0

Павлодар облысы Тереңкөл ауданында құс тұмауының шығуына байланысты карантин енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Республикалық эпизоотияға қарсы топтың мамандары инфекцияның таралуын болдырмау үшін жұмыс жүргізуде.

«Облыстық ветеринария басқармасының мәлімдеуінше, 3 қазанда Березовка ауылының тұрғыны Воскресенский ауылдық округінің ветеринарлық пунктінің меңгерушісіне хабарласып, 1 қазаннан 3 қазанға дейін белгісіз себептермен 42 қаз өлгені туралы хабарлаған. 4 қазанда құстың өлу фактісі бойынша ветеринария басқармасы мен аумақтық инспекция өкілдері Березовкаға барып, өлген қаздардан патологиялық материалдар алды. Сынамалар құс тұмауына тексеру үшін Нұр-Сұлтандағы Ұлттық ветеринарияның референттік орталығына жіберілді. Өйткені ауладағы құстарда бұл инфекцияның сыртқы клиникалық белгілері болған», деді басқармадағылар.

​8 қазанда сараптама жоғары патогенді құс тұмауының диагнозын растады. Сондықтан аурудың ошағына карантин енгізілді. Құстардың өлексесі мал қорымында өртеу арқылы жойылды.

Березовка ауылында 85 үй бар. Олардың 36-сы үй құстарын ұстайды. Барлығы 1106 бас: оның ішінде 620 тауық, 186 үйрек, 300 қаз бар.

Болжам бойынша, инфекция көзі – жабайы құстар. Себебі, құстар өлерден бірнеше күн бұрын құс қорада көгершіндердің өлексесі табылған.

11 қазаннан бастап ауылда «Республикалық эпизоотияға қарсы топ» РМК көмегімен жоғары патогенді құс тұмауын жою бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

Иелеріне өлген және ұсталған құстардың құны өтеледі.

Айта кетсек, биыл маусым айында Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауы қайтадан анықталған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<