Бәрі былтыр басталған. Көктем шыққалы бір тамшы жаңбыр жоқ. Қыста қар да жарытып жаумады. Аяқ ұшына тиер-тимес қалыңдықта ғана. Оның өзі топырыққа ыза бермеді.
Жаз шыға күн күрт ысыды. Ілдәлап шыққан көктің бәрін қуырып әкеткен. Мал ерні тиіп жарытпады. Аязды күннен арып шыққан олардың қоңы сол күйі оңалмаған. Арық-тұрық. Көбісі көтеремдіктен теңселіп тұрды.
Жауын-шашынның аз түсуінен бұрын Сырдарияның тартылуы қиын соққан. Әсіресе, теңізге құяр сағада отырған жұртқа. Мұндағы көлдің көбі кеуіп қалды. Ең үлкені Қамбаштың өзі 600-700 метрге тартылды. Ал Арал ше? Өзі жаралы теңіз желді күні ыңырсына толқитын. Жағалаудан су қашты осылай.
Жазда мал жейтін шөп жоқ дегені не сұмдық?! Қыста мал азығын қайтпек керек? Оратын не техникамен шабатын шөп таппаған жұрттың сенделісін сол жаздағы тілшілік сапарда көргенбіз. Қыста жейтін азығы жоқ малды ауылдағы ағайын сатпақ та болған. Арам өлгенше аз да болса пұл болсын дегендік қой. Болмады бірақ. Арық малды кім саудаласын бүгінде?!
Мал қырыла бастады өткен жазда. Шөлдеген арық сиырлар тартылған көлдің батпақты жиегін жағалайтын. Су ішпек. Ұйықты кешіп барып, тұмсығын суға малар. Бірақ кері қайтуға әл жоқ. Қыстан қоңсыз шыққан мүйіздіңнің күші өз денесін сүйреуге жетпей тұр. Балшыққа батқан күйі…
Қуаңшылық кесірінен бір Арал ауданының өзінде есепте бар 600 бас мал өлімі тіркелді. Есепте жоғын сондағы шаруаның өзі біледі.
Төтенше жағдай һәм тығырықтан шығу
600 бас мал деп жай айта салмадық. Арал ауданы әкімдігінің берген мәліметіне сүйендік. Есепке алынған осыншама малдың өлексесі толықтай ветеринариялық талапқа сай жойылған.
Иә, былтырғы шаруаларға жайлы тимеген құрғақшылық қысымы әлі ұмытыла қойған жоқ. Осыған орай былтыр шілде айының ортасына таяу Аралда төтенше жағдай жарияланған. Мал өлімінің алдын алуда елді мекендерде кезекшілік ұйымдастырылды. Арнайы ветеринар-мамандар ауру малға тегін емдеу жүргізіп жатты. Аш малды әурелеген аурудың бетін қайтаруға бұлардың себі жоқ дей алмаймыз.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне тоқталсақ. Қуаңшылыққа байланысты аймақ бойынша 2021-2022 жылдары қыстайтын төрт түлікті жем-шөппен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары бекітілген. Мал азығын дайындауға 114 бригада құрылыпты. 1000-нан астам адам, 170 ауыл шаруашылығы техникасы осы шаруаның басы-қасында болған.
Басқарма берген есепте биыл қысқа 534 мың 700 бас мал түскен. Оған 858 мың тоннадан астам шөп, 7,6 мың тонна сүрлем, 181,3 мың тонна күріш сабаны дайындалыпты. Ал мал басына қажетті 213,6 мың тонна жем жоспарланса керек. Бірақ одан 173,9 тонна жеткізілген. Қазір жетіспейтін осы мал азығын «Азық-түлік келісім-шарт коорпорациясы» ҰҚ» АҚ арқылы сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 854 тонна бидай кебегі мен 2 мың тонна жемдік арпа сатып алуға тапсырыс беріліпті.
Бір жақсысы, аймақта мал басында өсім бар. Оң динамика байқалады. Әсіресе, сиыр мен жылқы басы көбейген. (Былтырғымен салыстырғанда сиыр 8,4, жылқы 13, түйе 8,3, ал қой-ешкі 4,6 процентке өскен.) Төрт түліктен алынар өнім көлемі жаман емес. Осыған дейін өңірде 34 мың тоннадан астам ет, 83 тоннадан астам сүт өнімдері нарыққа шығарылыпты.
Арал ауданына оралсақ. Әдепкіде қысқа түсер малдың қамын ойлаған халыққа жәрмеңке ұйымдастырылды. Арзан бағада шөп тасылып, әр ауылдарға көлікпен жеткізілген еді. Еріктілер орақ алып, көрші аудандағы кәсіпкерлер аралдық ағайынға тегін шөпті түсіріп беріп жатты. Аралдан бөлек, алты ауданнан көмек ұйымдастырылып, кешегі жылы күздің басына дейін шөп тасу жұмыстары тоқтаған жоқ. Арзандатылған шөптен бөлек, аз қамтылған отбасыларға да тегін мал азығы қарастырылды.
Қуаңшылық зардабын жоюда жергілікті билік те үнсіз қалмады. Облыс қазынасынан 250 млн теңге бөлінді. Оның 49,5 млн теңгесі шөп тасымалдайтын көлік шығындарын, яғни жанармайын өтеуге бөлінген. Бұл ауылдық округтегі жеке шаруашылықтардың шөп тасымалына заңға сәйкес үйлестірілуде дейді салалық басқармадағылар. Ал қалған 200,5 млн теңге жайылымдар мен шабындықтарды суару, Арал ауданындағы Қамбаш пен Ақшатау көлдер жүйесін суландыру жұмыстарына қаралған еді.
180 күнге 185 мың тонна
Арал ауданындағы 205 мыңнан астам төрт түлікке керек шөптің үлесі осындай. Қазір ауданға сырттан тасымалданған шөптің есебі 174 мың тоннадан асқан. Өткен жылдан қалған 5 мың тоннаға жуық шөп те бар. Ал аудан территориясынан орылғаны 41 мың тоннадан астам болып отыр. Бұл табиғи шөп негізінен Қарақұм, Атанши, Сазды, Қаратерең, Жаңақұрылыс және Қарашалаң ауылына қарасты шабындықта шабылған.
Қуаңшылық бастала салысымен іске кіріскен азаматтар да жетерлік. Аудан орталығынан бөлек, 12 елді мекеннен еріктілер жиналып, көрші Қазалы мен Қармақшының Жаңажолы мен Сырдария ауданының Н.Ілиясов және Шіркейлі ауылынан шөп орып, тасып алыпты. Бұдан бөлек, көрші облыс Ақтөбенің Ырғыз ауданындағы жергілікті шаруашылықтармен келісе отырып, шабындық жерлерді оруға рұқсат алған. Қарақұм мен Атанши ауылынан шыққан 12 бригада мал азығын дайындауда осы өңірдің шөбін орғаны белгілі болып отыр.
Айтпақшы, ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметте көрсеткендей, Ырғыз бен Арал ауданы әкімдіктері арасында жайылымдық жерді 5 жылға жалға алу жөнінде келісім болыпты. Өткен жылдың қыркүйегінде 15 мың гектар жерге меморандум жасалып, қол қойылған.
Қордан келген көмек немесе аз да болса саз
Аралдағы қуаңшылыққа белгілі кәсіпкерлер көмек қолын созды дегенбіз. Белгілі меценат Болат Өтемұратовтың қоры 262 млн теңгеден астам қаржы берген. Бұл қаржы қайда жұмсалды? Санамалап көрсек.
Алдымен аудандағы тұрмысы төмен отбасыларға 1331 тонна бидай жемі таратылған. Бұған кеткен қаржының көлемі 144 млн теңгеден асады. Жергілікті жердегі қоғамдық кеңестің шешімімен 5-6 ірі қара мен 10 басқа дейінгі уақ малы бар 5501 отбасы осы көмекке ие болыпты.
Екіншіден, Аманөткел елді мекеніндегі «Аспай» су ағытқысын іске қосу үшін 4 млн 237 мың теңге ақша бөлінген. Қазір тоспа жұмыс істеп тұр.
Мал азығын дайындайтын сервистік орталықтар құрылды. Екі МТЗ-82.1 маркалы тракторы алынып, Бөген және Мергенсайдағы селолық тұтыну кооперативтеріне беріліпті. Қос техниканың құны 40 млн теңгеге жуықтайды.
Аудан әкімшілігі ауызсу мәселесін де тыс қалдырмаған. Құланды мен Тастүбек елді мекендеріне екі су таситын автокөлік алуға қаржы қаралған. Жалпы құны 44 млн теңге болатын техникалардың бірі Беларан ауылдық округіне табысталған. Екіншісі келісім-шарт аясында осы жыл басында берілмек.
Кепкен көл, жұтаң жайылым немесе мал – бір жұттық
Сонымен жоғарыда айтқандай, құрғаған көл мен шаңы шыққан шабындық һәм жайлымдық жердің жайы қалай болды екен? Облыс қорынан бөлінген қаржының қауқары бұған жетті ме?
Рас, үш жыл бойы дария арнасынан су түспей жағалауынан жылыстап кеткен Ақшатау мен Қамбаш көлдер жүйесіне көп жұмыс керек-ақ. Әзірге атқарылып жатқаны да жоқ емес. 7 мың гектар шабындық пен 9 мың гектар жайылымдық жерді суландыратын 8 каналды тазалау, қайта қазу жұмыстары басталып кетті. «Бектау», «Дің», «Шоларық», «Ералы» және «Жыланды» каналдарын қайта аршу арқылы су жіберу үшін Аралдың Аманөткел ауылы тұсындағы «Бұрмақұлақ» арнасы да бөгелді. Мұндағы «Аспай» суағытқысы іске қосылып, қазір Ақшатау мен Қамбаш көлдер жүйесіне су бара бастады. Бүгінде Ақшатауға 247 млн, ал Қамбаш көліне 160 млн текше метр су түскен. Жағалауына су жақындаған Қамбаштың жағасына жаздыкүні туристер бұрынғыдай ағылар деген үмітіміз де оянды осыдан кейін.
«Малдың бір жұттық» екенін білетін осындағы ағайын «судың да сұрауы барын» әбден ұғып тұр. Жоғарыдан дарияға түсер мол судың аяққа жетем дегенше сарқылып бітерін біледі. Сондықтан болар Аралдағы аудан билігі Сырдария суын ысырапсыз пайдалануға кіріскен. Одан бөлек, 49 су ұңғымасын есепке алып, құжаттарын әзірлеу жұмыстары да жүруде. Мұнда ең алдымен қажетті деген 15 ұңғыманы іске қосу керектігі де айтылып жүр.
Қазір қыр беткейдегі Беларан, Құланды, Мергенсай, Сексеуіл және Аққұм ауылдық округінен 5 су ұңғымасы қазылыпты. Бұдан бөлек, өзге де ұңғымаларды түгелдеу жұмыстары жүрген. Соның нәтижесінде 56 ұңғыма анықталып, иесіз мүлік ретінде мемлекет есебіне алынған. Сондай-ақ аяқсу мәселесін болдырмау мақсатында Ақирек ауылдық округіне екі, Жаңақұрылыс ауылына бір дана дизельді су насосы берілген. Бұл деректер де аудан әкімдігі берген анықтамадан алынып отыр.
Бір сүйіншілейтін нәрсе, құрғақшылыққа қарсы су тапшылығын болдырмау мақсатында аймақта Жол картасы қабылданбақ. Осы аптада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова су ресурстары туралы проблемалық мәселелер және оны шешу жолдарының есебін тыңдаған еді. Жиын онлайн форматта өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, ҚР ЭГТРМ Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейіндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов және «ҚазСуШар» РМК Қызылорда филиалы директоры Хамит Биімбетов атқарылған жүмыстарды баяндады. Сонда Бахыт Жаханов биыл «Шардара» су қоймасына түсіп жатқан судың төмен деңгейде болуына байланысты егістікті сумен қамтамасыз етуде қиыншылық болатынын баса айтты.
Ең бастысы, басқосуда Сырдарияда қалыптасқан жағдайдың алдын алу үшін «Қызылорда облысының су тапшылығы жағдайында елді мекендерді суармалы сумен қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірінші кезектегі жобаларды іске асыру жөніндегі» жол картасының жобасы талқыланды. Жоба аясында 2022-2025 жылдар аралығында 25 жобаны іске асыру көзделуде. Бұл 4 бағыттан тұрады. Атап айтсақ, қашыртқы суды қайталама пайдалану, қосымша су көздерін ұлғайту, сумен қамтамасыз етуді жақсарту, экологиялық сауықтыру. Аймақ басшысы бұл жобаларды республикалық бюджеттен қаржыландыруды қарастыру және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен тиісті жұмыс істеу керектігін айтып, жауаптыларға тапсырма берген еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында былай деген еді. «Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек. Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді. Бұл шикізатпен және жем-шөппен қамтамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін. Үкімет тұқыммен, жеп-шөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауы тиіс».
Иә, Президентті алаңдатқан Маңғыстау мен біздің аймақтағы құрғақшылық зардабына қарсы әрекет осы бастан жүзеге асуы тиіс. Былтырғы шөп тапшылығынан сабақ алуға тұрарлық дүние көп. Әлі де жергілікті атқарушы орындар қуаңшылықтан келер қиындықты еңсерер деген сенім бар.
Айтпақшы, Аралда кейінгі апталарда қар жауды. Әрі бұрынғыдай емес, аудан көлемін тегіс басқанға ұқсайды. Жергілікті жұрттың айтуынша, былтыр қар болмағаннан жерде ыза да қалмаған. Жердің тоңы болмаған соң жарытып шөп шықпасы белгілі. Қардың қара жерге берер пайдасынан бөлек, халықты да қуантар қасиеті осында.
Біз «Қазгидрометтің» қыстағы ауа райының қандай болатыны туралы болжамына да жүгіндік. Қуаңшылықтың арты қақаған қысқа ұласып, шаруаларға қосымша соққы болмай ма деген күдікпен интернет парақтарын ақтарып көргенбіз.
Сонымен, қаңтарда суық күндер болатыны белгілі. Әсіресе, түнгі уақытта термометр бағандары Қазақстанның солтүстік жартысында -35-40, оңтүстігінде -22-30-ға дейін түсуі мүмкін. Республика бойынша жауын-шашын мөлшері көпжылдық нормадан аз және нормаға жақын болатын аймақтар қатарында елдің солтүстік-батысы, солтүстік-шығысы және Алматы облысының оңтүстік-шығысы ғана бар.
Ал ақпанның климаттық ерекшеліктері қаңтарға жақын. Қар мен боран бұрынғыдай солтүстікте болады. Елдің басым бөлігінде орташа ауа температурасы нормаға жуық, республиканың оңтүстік-шығысында нормадан 1 градус жоғары болады. Жауын-шашын республиканың басым бөлігінде нормаға жуық, оңтүстік-батыс жартысы мен Орталық Қазақстанның батысында нормадан аз. Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан артатыны деп болжанған.
Біздің оңтүстік өңірлер үшін наурыз күн жылынатын ай болса, ал солтүстік облыстарда қыс бұрынғыдай ұзаққа созылады. Наурызда ауа райы өзгеріп тұрады. Ауа температурасы күрт ауытқып, жиі жауын-шашын жауады. Болжам бойынша көктемнің алғашқы айы суық болады дейді синоптик мамандар. Наурызда жауын-шашын мөлшері республиканың солтүстік жартысында және оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, елдің оңтүстік жартысында нормадан аз түсетіні деп болжанған.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<