Самалбек Қосанов: «Қауынға да бап қажет»

959

0

Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан қарбыз бен қауын экспортының әлемдік нарығындағы позициясын нығайтқанын, осы жылдың алғашқы жеті айында оның көлемі $1 миллионнан асқанын хабарлады. Комитет экспорттың негізгі бөлігін қауын құрайтынын айтқан. Бір қызығы, сұраныс артып, саудасы қызып тұрса да, Сыр қауыны сыртқа экспортталмай отыр. Осы мәселе туралы ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы  Самалбек Қосановпен пікірлестік.

– Қазіргі таңда қауын әлемдік нарықта, әсіресе климаттық жағдайына байланысты оны өсіруге мүмкіндігі жоқ мемлекеттерде үлкен сұранысқа ие. Мысалы, цитрустық жемістер, манго, авокадо дегендер бізге қалай таңсық болса, қауын да кейбір мемлекеттерде дәл сондай өнім. Бірақ қауынның дәмі бал татығанымен, алаңдатқан мәселесі де жетерлік.

Біріншіден, біз қауынның дәмділігінен айырылып бара жатырмыз. Оның тұқым шаруашылығы, селекциялық жұмыстары да жүргізілмей жатыр. Бұл үш мәселе – ғалымдардың жұмысы. Қауынның уақыт өте дәмділік қасиеттерінің, өнімділігінің төмендеуі заңдылық. Кез келген дақыл жылдан жылға еге берген соң құнды қасиеттерін жоғалтады. Оны қайтадан қалпына келтіріп тұру үшін бастапқы тұқым шаруашылығын жүргізіп, фермерлерді қамтамасыз ету қажет.

Қазір тұқымның жақсы сорттары мен будандары бар. Өнімділігі, төзімділігі жоғары. Бірақ олардың барлығы – шетелдік компаниялардың өнімдері. Мың тұқымы 25 мың теңге шамасында. Оны фермердің қалтасы көтере бермейді. Себебі, бір гектар қауын егу үшін тұқымның өзіне 100-150 мың теңге ақша жұмсау керек болады. Сондықтан әрбір шаруа тұқымды өзі дайындап алады. Онымен қамтамасыз етіп отырған бірде-бір мекеме жоқ.

Оған қоса дайын өнімді тұтынушыға жеткізуде де үлкен проблемалар туындап отыр. Бір қиын жері, бұл – маусымдық жұмыс. Басқа күріш, көкөніс өнімдері сияқты ұзақ сақтауға келмейтін нәрсе. Өнім жылдам сатылуы керек. Айталық, қарапайым шаруа өз қаржысына тұқым алып, егеді. Ала жаздай еңбек етеді. Жаздың соңына қарай, піскен кезде нарыққа шығарады. Бірақ көпшілігінде сыртқа, көрші облыстарға жіберетін мүмкіндік жоқ. Сондықтан ішкі нарықпен шектеледі. Облыс орталығындағы базарларға, жол бойына шығып сатады. Осылайша, қауынның өнімділігін арттырумен қатар сатумен де айналысады. Сонда шаруада екі проблема пайда болады.

Негізі қауын егудің өзінде шаруаның мәселесі шашетектен. Оның зиянкестері болады. Түрлі аурулары, арамшөптері кездеседі. Тұқым табу да – үлкен мәселе. Тек өсіріп, делдалдарға сатумен айналысатын шаруалар да қалаған бағасына өткізе алмайды. Арзанға сатуға мәжбүр. Осы мәселелердің барлығымен шаруалар бетпе-бет қалып қояды. Сондықтан кетпенін тастап, егістен кетіп қалатындар да бар.

Қауынды еккеннен бастап, нарыққа шығарғанға дейінгі аралықта үлкен қол жұмысы жатыр. Жұмыс механикаландырылмаған. Бұл да адамға физикалық тұрғыдан күш түсіреді. Жыл санап салаға жұрттың ынтасы азайып, амалдың жоғынан істейтін кәсіп түріне айналып бара жатқаны содан.

Керісінше, бау-бақша егу пайдалы кәсіп көзі ретінде қызықтыруы керек. Бұл тұрғыдан бізде көптеген мүмкіндік бар. Мысалы, көрші Түркістан облысында Мақтаарал, Жетісай секілді елді мекендер қауын экспортын жолға қойған. Бірден егістік басынан көрші Ресейге, Балтық жағалауы елдері, басқа да алыс-жақын шетелге өнімін жөнелтіп отыр. Оларда жағдай біздің облысқа қарағанда әлдеқайда жақсы.

Ал Өзбекстанда бұл мәселе одан да жақсы жолға қойылған. Олар жиналған қауынды бірден жүк көлігіне артпайды. Шаруалар өнімін қауын базасына өткізеді. Түскен өнім сұрыпталып, қабылданады. Сәйкесінше, ақшасы төленеді. Қауын +30-35 градус ыстықта жиналады. Сондықтан әрі қарай олар қауынды салқындатады. +10 градус температураға дейін суытады. Осылайша 5-6 сағат ұстайды да, тағы бір мәрте сұрыптаудан өткізеді. Мұнан соң өнім қапталып, +5 градуста тағы он сағаттай ұсталады. Осылай дайындалған қауын ұзақ жолға шыдамды болады. Өзінің балғындығын сақтайды. Өзбекстан осылай қауын экспортынан қыруар пайда тауып отыр.

Енді қайтадан өңірімізге келсек. Біз жоғарыда аталған екі мысалдың біреуіне де сәйкес келмейміз. Негізі осы бағытта жұмыстарды қолға алу аса қиын шаруа емес. Мысалы, Шиелі ауданы аумағынан немесе облыс орталығына жақын жерден қауын қабылдау пунктін ашсақ. Оған көп қаржы да қажет емес. Тек жергілікті билік тарапынан қолдау керек. Сонда шаруалар ортадағы алыпсатарларға ұрынбас еді.

Мысалы, Түркістан облысында бір фермер үш гектар жерге қауын ексе, едәуір пайда табады. Отбасының бір жылдық қаржысын шығарып алады. Бірақ біздің облысымызда дәл сондай аумаққа өнім ексе, табысы әлдеқайда төмен болады. Сондықтан жылдан жылға диқандардың да саны азайып бара жатыр. Жастар мұндай жұмысқа келгісі келмейді.

Оған қоса, өнімділік төмен. Шаруа егіс көлемін ұлғайта алмайды. Егер өнімді сатуда проблемалар болмаса, шаруа өнімділікке жұмыс істер еді. Кезінде бізде «Орда», «М-Агро» сияқты шаруашылықтар болды. Экспортқа бағытталған жұмыстар жүргізді. Олар да қазір экспортты тоқтатты.

Жалпы бұл мәселені дереу қолға алу қажет. Себебі, мәселе ашық күйінде қалса, диқандар саны азая береді. Бұл өз кезегінде өнім бағасының қымбаттауына алып келеді. Облыс бау-бақша егіс көлемін 30 мың гектарға жеткізе алмай отыр. Ал көрші Түркістанда бір ауданның өзі 30 мың гектар бау-бақша егеді. Егер біз де жолға қоймасақ, барымыздан айырылып қалуымыз мүмкін.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<