Сатып алумен шектелу сорымызға айналып жүрмесін

504

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде «Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді» деп атап көрсетті. Расында, аталған мәселе елдің көкейінде жүрген өткір жайт екені сөзсіз. Бұл бағытта тиісті іс-шаралар қолға алынып-ақ жатыр. Алайда әлі күнге дейін тарқамайтын түйін тұр. Бұл тығырықтан шығатын мүмкіндік бар ма?

Әрине, облыс басшылығы тарапынан аталған мақсатта көптеген жұмыстар атқарылуда. Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын мемлекеттік реттеуге мән берілуде. Оған жыл сайын жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен тұрақтандыру қоры толықтырылуда. Биыл 1,3 млрд теңге қарастырылған.

Аймақта көптеген азық-түлік түрлерін егуге және дайындауға мүмкіндік бар. Дегенмен, олардың кейбірін өзімізде өндірудің көзі көрінбейді. Неге? Қолдағы мәлімет бойынша облыста тұрғындарға қажетті 29 түрлі негізгі азық-түлік тауарымен қамтамасыз ету басты назарға алынған. Олардың арасында күріш, қызанақ, қияр, нан және тұз секілді өнімдермен өзімізді толық қамти алады екенбіз. Ал, картоп, сәбіз және жылқы етін өндіру 60 процентті құрайды. Қырыққабат, пияз, сиыр еті, қызылша, бұрыш, қой еті, балық секілді өнімдер бойынша ол 20-60 процентті шамалайды. Қалған құс еті, жұмыртқа, бидай ұны, қарақұмық, макарон, сүт, айран, сары май, өсімдік майын және қантты сырттан тасымалдауға мәжбүрміз.

Облыс әкімдігінде өткен жиында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев азық-түлік қорына қатысты нақты шаралардың орындалу барысын айтты. Бүгінде 34 әлеуметтік дүкен мен 18 супермаркеттің әлеуметтік бұрыштарында 19 түрлі өнім шекті бағада сатылады. Сондай-ақ, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты өңірдегі сауда желілерінде азық-түлік тапшылығын болдырмау мақсатында Түркістан облысынан азық-түлік өнімдерін тасымалдайтын 122 жеке кәсіпкердің тізімі жасалған. Тұрақтандыру қорында 291,4 млн теңгені құрайтын 1393 тоннаның өнімі бар. Оның ішінде бірінші сұрыпты бидай ұны, қарақұмық жармасы, күріш, макарон, күнбағыс майы, қант және көкөніс өнімдері секілді 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жиналған. Мұнан бөлек, «Байқоңыр» ӘКК» арқылы «айналым схемасы» бойынша бағаны тұрақтандыру үшін кәсіпкерлік субъектілеріне несие беруге 500 млн теңгеге келісім-шарт жасалуда.

Осының өзі көп нәрсені аңғартады. Сыр топырағында картоп, сәбіз, пияз өсіруге болмай ма? Әлде, оны сырттан тасымалдауға әбден етіміз үйреніп кетті ме екен? Аға буын өкілдері кезінде Қызылорда қаласын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге арналған арнайы шаруашылықтар болғанын айтады. Бұл шаруашылықтарда сүт, ет өндірілді, картоп, сәбіз, пияз егілді.  Оны облыс орталығының тұрғындары молынан пайдаланып, қысқы азығын қамдап алатын. Өкініштісі, қазір сол жағдай мүлдем болмаған секілді. Әрине, ол құрылымдар мемлекет меншігінде болатын. Оған мемлекет тарапынан қомақты қаржы құйылып жататын. Солай-ақ болсын демек. Әйтсе де, қазірдің өзінде аз қаржы жұмсалып жатқан жоқ қой! Өзіміз екпейміз, не еккенді өндірмейміз. Тек сатып алуға бейімбіз.

Мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов жергілікті диқандарға лайықты қолдау қажеттігін айтады. Бұл азық-түлік тапшылығын жоюда өз пайдасын тигізеді.

– Көкөніс-бақша дақылдарын өсіру оңай шаруа емес. Оған қыруар қаржы қажет. Оны қарапайым еңбек адамының қалтасы көтере бермеуі мүмкін. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау қажет. Тоқсаныншы жылдарға дейін қала іргесінде осындай арнайы шаруашылықтар болды. Жергілікті халық оның көп пайдасын көрді. Рас, ол кезде азық-түлік бағасы қазіргідей құбылып тұрмайтын. Мемлекет тарапынан ол қадағаланып отыратын. Есесіне, халық сапалы және тұрақты бағадағы өнімге қол жеткізді. Жалпы, азық-түлік бағасын бақылауда ұстаймын десек, осындай мәселелерге назар аударуымыз тиіс. Әйтпесе, сырттан тасымалданған өнімдердің бағасын бақылау мүмкін емес. Бұл – өмірдің өзі көрсетіп отырған тәжірибе, – деді Бекмырза Қайыпұлы.

Айта кетсек, тоқсаныншы жылдарға дейін өңірдегі көптеген шаруашылықтарда сүт фермасы жұмыс істеді. Оның тиімді тұстары аз болған жоқ. Біріншіден, халыққа сапалы сүт өнімдері жеткізілді. Екіншіден, ауылдағы қаншама ағайын қысы-жазы еңбекке араласып, нәпақа тапты. Оған қажетті жем-шөп дайындау мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Ол жоспарлы экономиканың қарекеті десек те, тіпті болмағанда, бір ауданда қазіргі технологиялық жетістіктерді пайдаланып тәжірибе жүргізуге болмай ма?

– Нарықтық экономиканың өз сарыны бар, дегенмен, ескі тәжірибелердің өзімізге қажетті тұстарын қайта қолға алғанымыз артық емес. Қазір өңірде аграрлық салада жемісті еңбек етіп жүрген іргелі құрылымдар баршылық. Өкініштісі, олардың көбісі тек егін шаруашылығымен айналысады. Солай бола тұрса да, жем-шөп қымбат әрі тапшы. Егінді ауылдағы ағайын қыс бойы жұмыс таба алмай қалады. Осының бәрін бір жүйеге келтіріп, бір бағыт ұстанған дұрыс шығар, – дейді Б. Еламанов.

Баспасөз бетінен білгеніміз, көршілес Өзбекстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін арнайы қабылдап алатын орындар бар екен. Елдегі диқандар өз өнімдерін оған тиімді бағада ұсынады. Қалғаны – аталған кәсіпорынның құзырындағы шаруа. Сол арқылы еңбекшілер өз өнімін өткіземін деп уақытын шығындамайды.

Шынында, өңірде көкөніс-бақша дақылдарын сырттан тасымалдау әдетте жағдайға айналған. Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Ерұлан Өмірсеріков осы мақсатта кооперация жұмысын дұрыс үйлестіру қажеттігін айтады.

– Елімізде кооперация жүйесін қолдауға назар аударыла бастады. Бұл – құптарлық жағдай. Сол арқылы ауылдың әрбір тұрғыны өндірген өніміне байланысты мемлекет тарапынан қолдауға қол жеткізеді. Қазіргі таңда кооперация туралы заң қабылдау мәселесіне көңіл бөлініп отыр. Жалпы, азық-түлік мәселесін жергілікті тұрғындарды қолдау арқылы шешуге толық мүмкіндік бар. Біз осы мақсатта арнайы жоба жасап жатырмыз. Пилоттық жоба ретінде Сырдария ауданы Іңкәрдария ауылынада жаңа істі жүзеге асырамыз. Бүгінгі күндері құжаттар дайындалуда. Сол арқылы алдағы күзде 700 тонна картоп жинау жоспарда бар. Биыл тәжірибелік негізде қолға алынып отыр. Жоба жемісін берген жағдайда аталған жұмыс облыстың барлық ауданында жасалады. Сондай-ақ, келешекте өзге де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін молайту да іске асады. Пияз, сәбіз және басқа дақылдарды егуге болады, – дейді Ерұлан Өмірсеріков.

Жалпы, аграрлық салада нарықтың ығына жығылып, тұйыққа тіреліп тұрған шаруа жетерлік. «Жер жеке, мүлік те өз меншігім, қалғанын өзім білемін» дейтін бірсарынды пайдаға құрылған тірліктің де сұрауы болатыны көрініп тұр. Мемлекет субсидиясы талайдың қоңыр күйін қоңды тіршілікке айналдырып берді. Алайда, санаулы ғана өнім болмаса, біздегі тұтынушы өзгеге тәуелді. Сүттің өзін сатып ішкен қандай, сауып ішкен қандай?! Сол сатып алу сорымыз болмаса игі.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<