Шаруашылық майталманы

540

0

Өмірде жақсы адамдар көп деп ойлаймын. Олар өздерінің еңбекқорлығымен, іскерлігімен, жанашырлығымен, адамгершілік қасиетімен, атқарған қызметімен көпшілікті ортақ іске жұмылдырып, елдің елдігін сақтап, берекесін келтіріп, бір сөзбен айтқанда, заманды түзейді. Егер жақсылар мен жайсаңдар көп болмаса, қазақ халқы өз тарихындағы зұлмат жылдарды, небір тар жол, тайғақ кешулерді, соғыс зардаптарын, ашаршылықты жеңе алмаған болар еді. Сондай жанкешті адамдардың арқасында еліміз қиыншылықтар мен кедергілерді артқа тастап, тәуелсіздікке, қазіргі өсіп-өркендеу дәуіріне қол жеткізді.

Ел ардақтыларының арасында ауыл шаруашылығының ірі ұйымдастырушысы, осы салаға өлшеусіз еңбек сіңірген аға буын өкілі Шамахан Құндызбаев та бар. Ол 1929 жылы Сырдария ауданы «Бірінші май» атындағы ұжымшарда дүниеге келген. «Бірлестік» жетіжылдық мектебін бітіріп, Сырдария МТС-ында механизатор болып, еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған. Ауыл шаруашылығы техникумында оқып, Шиелі, Сырдария аудандарының МТС-ында агроном, бас агроном қызметтерін атқарған. Іскерлік қабілетінің арқасында «Бірінші май» ұжымшарының басқарма төрағасы, сол аудандағы Абай атындағы ұжымшар партия ұйымының хатшысы, Киров атындағы кеңшардың директоры, Жалағаш ауданындағы Ленин ұжымшарының басқарма төрағасы болып жауапты қызметтер істеді.

Ол кезеңдегі ауыл шаруашылығының жағдайы өте күрделі болатын, техника жетіспейді, білікті маман жоқ, аталған шаруашылықтар тұрғындарының тұрмыстық жағдайы нашар. Сондай күрделі кездің өзінде Шамахан Құндызбаев үнемі ізденіс үстінде жүріп, жоқтан бар жасап, елді еңбекке жұмылдырып, өзі басқарған шаруашылықтардың жағдайын жақсартты.

Шамахан Құндызбаев Тереңөзек ауданындағы Ильич (қазіргі «Ақжарма» ауылы) атындағы кеңшардың директоры болып қызмет атқарды. Біз Шәкеңді осы кезден біле бастадық. Ильич кеңшары Тереңөзек ауданының іргелі шаруашылықтарының бірі болатын, инженерлік жүйеге келтіріліп, тегістелген ауыспалы егіс танаптарына күріш дақылы, жоңышқа, бидай егілді, мал шаруашылығы да дамыған, сүт өндіру кешені бар, жері малға жай, табиғаты жанға жай, көлдері, мал көшіретін жайлауы бар еді. Осы ауылдан шыққан майталман еңбек адамдарының даңқы Сыр бойынан асып, мерейі тасып жататын. Шәкең келген соң, бар материалдық базаны одан әрі нығайтып, шаруашылық аудандағы, облыстағы алдыңғы қатарлы кеңшарға айналды.

Тереңөзек ауданы комсомол комитетінің бірінші хатшысы кезімде аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде бізді шаруашылықтарға өкіл етіп бөледі. Жазы-қысы өз қызметімізбен қоса ауданның, кеңшардың барлық жұмысына араласамыз. Шәкең зор денелі, кең кеуделі, жұмыс бабында талабы қатал кісі болғанмен, бізбен терезесі тең адамдай сөйлесіп, санасып отыратын. Менің де мінезім қаттылау, шөп дайындау, мал төлдету, егін орағы кезінде көрсеткіштер жөнінде келіспей қалатын кездеріміз болатын. Сондайда Шәкең «қадалған жеріңнен қан аласың» дейтін. Бірақ артынан өзіміз бір келісімге келіп, ортақ тіл тауып кететінбіз, ешуақытта сөзге келіп көрген жоқпыз. Ильич кеңшары Шәкең басқарған кезде әлеуметтік-экономикалық жағынан нығайып, барлық көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда болды, тұрғындар үшін үйлер, типтік жобадағы балалар бақшасы, мектеп, Мәдениет үйі, тағы басқа әлеуметтік нысандар салынды.

Кейде хабарласып, «бүгін Тереңөзекте үлкен жиналыс болады, сырттан қонақтар көп келеді, жақсылап киініп келіңіз» дейтінмін. Сондайда «бұл Қызылорда облысында мен киетін размердегі костюм жоқ, Мәскеуге бір барғанда «Великан» деген дүкеннен алған коcтюмім бар еді, соны киіп барамын ғой» деп күлетін.

Кейін Тереңөзек кеңшарының (қазіргі «Шаған» ауылы) директоры болып ауысты. Күріш фабрикасы атанған ауылға аудандық атқару комитетінің төрағасы Мақсұт Әбдіразақов екеуміз 2-3 жылдан бері тұрақты өкіл едік. Бұрынғы директоры, ғалым-агроном, білікті басшы Әділ Атахаевты жыл сайын күзде миллион пұт астық тапсыруға жетелейміз. Мүмкіншілік бар, бірақ Әділ Атахайұлы көрсеткіштерді жарқыратып көрсетуге жоқ. Сондай кезеңде шаруашылыққа Шамахан Құндызбаев ауысып келді де, 1976 жылы Тереңөзек күріш совхозы мемлекетке облыста алғашқы болып 1 миллион пұт күріш өткізді. Қуанышымызда шек болмады. Егін орағы аяқталысымен Мақсұт Әбдіразақовтың ұйымдастырумен ұлан-асыр той өткіздік, Мақаң тойды өзі басқарды. Механизаторлар, күрішшілер, еңбек адамдары орден-медальдармен марапатталды, съездерге делегат, Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды. Шәкең Тереңөзек кеңшарын 1985 жылға дейін басқарды, сол көтерілген деңгейден бір түскен жоқ. Іскерлік қабілетімен, ұйымдастырушылық шеберлігімен қоса адамгершілік қасиеттері қатар жүретін. Өзі басқарған шаруашылықтарда жұмысшыларға жағдай жасау, әлеуметтік аз қорғалған отбасыларға қамқорлық көрсету, еңбек адамдарын құрметтеу, қоғамдық ұйымдармен санасу, ардагерлерді ұлықтау ешуақытта күн тәртібінен түспейтін.

Сонымен қатар ол үлкен отбасының тірегі, арқасүйер асқар тауы болды, зайыбымен екеуі көп бала тәрбиелеп өсірді, оқытты, үйлі-жайлы етті. Бір баласы Досмахан Құндызбаевпен комсомолда бірге қызмет атқардым, барынша ақкөңіл, жайсаң жан еді. Өкінішке қарай, ертерек дүниеден өтті. Комсомолдың 100 жылдығына арнайы шығарылған «Ғасыр үні» атты кітабымда Досмаханның өмірі мен қызметі жайлы жаздым.

Шамахан Құндызбаевтың ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегі ескеріліп, Ленин, «Октябрь революциясы», 2 рет «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Қазақстанның ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері. Қазақстан Компартиясының XV съезінің делегаты. Кейін туған жеріне қоныс аударып, 1991 жылы қайтыс болды.

Еліне ерен еңбек еткен, іскерлік пен азаматтықтың үлгісін көрсеткен қоғам қайраткерін қалай құрметтесе де, ұлықтаса да, жас ұрпаққа үлгі-өнеге етсе де ол кісі соған әбден лайық. Жақсы да жайсаң жанның өмірі мен қызметі ешуақытта ұмытылмайды.

Алмагүл БОЖАНОВА,

Қызылорда облысының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<