Суармалы егіншілік – біздің қазынамыз

1284

0

Оны сақтап қалу міндет

Сыр – ауыл шаруашылығы өңірі. Жылдар бойы қалыптасқан өңір тіршілігі кейінгі жылдары мұнай өндірісіне қатысты, сонымен бірге басқа да қазба байлықтарымен байланысты болғанымен әзірге ауыл шаруашылығының басым саласы ретінде айқын көрініс беріп тұр. Басқаша айтқанда, елдің 40 проценттен астамының тіршілігі ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Демек, бұл біз үшін өмірлік маңызды сала болып есептеледі.

Бірнеше ауданды басқарғандықтан бүгінге дейін саланың барлық ұңғыл-шұңғылы маған жақсы таныс. Барлығы көз алдымда өтіп жатыр. Осыған байланысты бірқатар ойларымды бөліскім келеді.

Кешегі Қазақстанда болған қолайсыз жағдай біздің өмірге деген көзқарасымызды өзгерте бастады. Біз жаңа Қазақстанды құруға бетбұрыс жасап жатырмыз. Осы  өзгерістердің мен үшін ауылға қатысты болғанын қалар едім. Президент өңіраралық теңгерімсіздер жөнінде жиі айта бастады. Себебі елдің өңірлері бірдей деңгейде дамып жатпағаны көзге көрініп тұр. Ал теңсіздік әлеуметтік қолайсыздық тудыруда. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде ішкі миграция белең алған. Бұл батыс және оңтүстік өңірлерде халықты еңбекпен қамтудың өзекті мәселелері бар екенін көрсетті. Аталған өңірлерде бала туу деңгейі жоғары, ал экономика өңір тұрғындарын жұмыспен қамти алмайтын  дәрежеге жетті. Бұдан  шығатын қорытынды, жүйелі түрде индустрияландыру, шағын және орта бизнеске көмек көрсету, аталған облыстарда қызмет көрсету саласын дамыту өңірлік емес ұлттық басымдыққа ие болуға тиіс екені айқындалды. Президент мәселені нақ осылай қойып отыр.

Жергілікті жерде барлық мәселе менің ойымша, егіншілікке және мал шаруашылығына келіп тіреледі. Қызылорданың басты байлығы – суармалы егіншілік. Ол шамамен 180 мың гектарды құрайды. Сонау осыдан 50-70 жыл бұрын пайдалануға берілген суармалы егіншілік жерлері қазір тоқырауға ұшырады. Менің ойымша, Үкіметтің Дүниежүзілік банкпен осы суармалы егіншілік жерлерін қайта жаңғырту жобаларын іске асыру қажет. Өз басым күріштің егістігін қысқарту туралы айтылып жатқан пікірлермен келіспеймін. Әртараптандыру қажет. Бұрын айталық, 6-8 танапты егіншілік айналымы болған. Бұл кейін сақталмады. Мысалы, сол 180 мың гектар жердің 40-45 процентін жоңышқалыққа айналдыру қажет. Бұл жерді сортаңданудан сақтайды. Екіншіден, мал азығының тапшылығын шешеміз.

Өткен жылғы қуаңшылық біздің көптеген өзекті мәселеміздің бар екенін айқындап берді. Қазір сол қуаңшылық салдарынан ел мал өсіру шаруашылығынан алшақтай бастады. Себебі мал бағу тиімсіз. Жем-шөп бағасы еселеп қымбаттауда. Ал, керісінше еттің бағасы 2200 теңге деңгейінде қалды. Бұл дегеніңіз мал шаруашылығының шаруаға тым қолайсыз екенін айқындап берді.

Күріш егіншілігінің мүмкіндіктері орасан зор. Оны жетік пайдалану міндетімізге айналуы керек. Қазіргі комбайндар егін жинау кезінде мал азығына қажетті шикізатты далаға шашып кетеді. Менің есептеуім бойынша мал азығы үшін таптырмайтын күріш қалдығының 18 процентіне дейін ысырап болады. Өзім бас болып Чехиядан астық және тұқымды барынша електен өткізіп ақтайтын жаңа технологияны Жалағаш ауданының бірқатар шаруашылығына орналастырдым. Олар алдағы уақытта тиімділігін көрсететін болады. Әлгі технология күріш өндірісіне қатысты төрт бірдей процесті атқарады. Біз қалай болғанда да үнем саясатына қатысты барынша ұқыпты болуымыз қажет. Кеңес үкіметінің соңғы жылдарында ел премьері Николай Рыжков ауыл шаруашылығы өндірісінде ысырап салдарынан өнімнің 30-40 процентіне дейін жоғалатынын айрықша сынағанын жақсы білемін. Ол жоспарлы экономика еді ғой. Мемлекеттікі болған соң ешкімнің жаны ашымайды. Ал қазір біз нарыққа өткенімізге 30 жыл болса да, сол ескі аурудан айыға алмай келе жатқан жағдайымыз бар. Жалпы әлемде қалыптасқан үрдіс бойынша жекеменшік психология табысты еңбек етуге, бардан жоқ жасауға, икемді болуға ынталандырады. Психология өзгермей, шаруашылық дамымайды.

Кейінгі кездері субсидия жөнінде көп айтыла бастады. Президент оның жемқорлыққа ұласқанын жиі айтады. Бұл мәселеде абай болғанымыз дұрыс. Дегенмен ет бағытындағы мал өсірушілерге өзіндік шығынын өтеу үшін 50 процент көлемінде дотация бермей болмайды. Ең бастысы, оның жариялылығын, ашықтығын көпке жария етсе жемқорлықтың жолы кесіледі.

Ауыл шаруашылығының проблемасымен қатар мүмкіндіктері де жеткілікті. Жоғарыда айтқандай біз суармалы егіншілікті дамытып, оның орасан зор резервін пайдалансақ, астық та, мал азығы да болады. Жоғарыда айтқандай мемлекеттік қамқорлық салаға ауадай қажет. Ең бастысы, бұл – Мемлекет басшысының айтқанындай Сыр өңірі сияқты аймақта халықты жұмыспен қамтамасыз етудің басты жолы. Біздің өнеркәсібіміздің, шағын және орта бизнесіміздің қайнар көзін сол суармалы егіншіліктен іздеуіміз қажет.

Нұрлыбек ЖОЛДАСБАЕВ,

қоғам қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<