Мемлекеттік субсидия төңірегіндегі дау мен келеңсіз жайттар әлі де болса бой көрсетіп қалады. Осыған дейін облысымызда бірқатар шаруалар мемлекеттен берілетін субсидияны ала алмай отырғаны талай рет қозғалды. Әуелде gosagro.kz порталынан шикілік шықса, кейіннен «жең ұшынан жалғасқандар» жайлы айтылды. Не де болса, кем-кетік тұстары жетерлік. Сонымен, қазір жағдай оңалды ма, жалпы субсидия тақырыбында шешілмеген қандай түйіндер бар?
Шағым айтып шаршаған сияқты
Ең алдымен, субсидияның не екенін түсінбей жүргендердің де бар екенін айтайық. Мемлекет шаруалардың ісін дөңгелентіп, қолдау көрсету үшін қаржы қарастырады. Мәселен, кәсіпкер 20 пайызбен несие алатын болса, соның 15 пайызын мемлекет субсидиялап береді, шаруа қалған 5 пайызын ғана төлейді. Қолдаудың түрі де көп, жем-шөпке, техникаға арналғаны, әрісі тыңайтқышқа дейін болып жалғаса береді. Қарасаңыз, игі амал. Бірақ сол қолдаудың шарапаты шаруаларға толыққанды жетпеді. Мәселе қайдан шықты?
Әріден тартсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі «субсидияға өтініш беретін портал ақпанның басында іске қосылды» деп ресми ақпарат таратты. Көпке дейін жүйе қалыпты жұмыс істеп тұрғанына, барлық мәселе шешілгеніне сендірумен келді. Бірақ жағдай басқа сарында еді. Сәуірдің соңында gosagro.kz порталы арқылы алғашқы үш айда өңірімізден субсидияға қатысты бар болғаны 20 өтінім ғана қабылданғаны мәлім болды. Осылайша облыс фермерлері тиісті төлемдерді ала алмағаны айтылды. Портал жұмысына қатысты шаруалар мен қаржы институттарынан көптеген шағым түскен еді. Біз осы тұста облыстық кәсіпкерлер палатасына хабарласқанымызда ондағы мамандар қазір шаруалар тарапынан шағымның жоқ екенін жеткізді. Бұған қарағанда, шағым айтып шаршаған шаруалар қолын бір сілтегенге ұқсайды.
Мәселеге одан әрі зер салу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен байланыстық. Ондағылар бізге биыл мал шаруашылығы саласы бойынша бөлінетін субсидияда дау болмағанын жеткізді. Оның үстіне мал шаруашылығы саласы бойынша биыл 4,7 млрд теңге бөлінгенін, 1,7 млрд теңгесі игеріліп, 978 шаруашылыққа субсидия төленгенін баяндады. Қош, расында да шаруалардың қолы субсидияға жете бастаған болар.
Алайда сәуірде өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев субсидия беру жүйесі сын көтермейтінін айтқан болатын. «Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны» деді Президент.
Сондай-ақ субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес екенін айтып, субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұрғанын сынға алды. Елімізде шаруалар шамамен 256 млрд теңге көлеміндегі тиісті төлемін ала алмай, жүйенің дұрыс істемеуі салдарынан 40 мың фермер субсидиясыз қалуы мүмкін екені жария болған.
Жаңа портал жарытпады
Ауыл шаруашылығы министрлігінің сәуірдегі дерегінше, жаңадан қосылған gosagro.kz жүйесі 60 млрд теңге сомасындағы 1,8 мың өтінімді немесе қаржыландыру көлемінің 37 пайызын кері қайтарып үлгерген. Қалыптасқан тәжірибеге сай мұндай өтінімдер 1 пайыздан аспауы тиіс болса, бұл да портал жұмысының толыққанды жетілмегенін көрсетеді. Несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау – ең өзекті мәселелердің бірі. Бұған қатысты министрлік өкілдері бұған дейін қолданыста болған Qoldau.kz платформасындағы деректерді осы жылдың наурызының соңына дейін ала алмағанын айтқан. Соның салдарынан министрлік былтырғы өтінімдерді төлей алмапты.
Министрлік қалай ақталса да, зардабын фермерлер көрді. Облыста 22 пайыздық несие алған шаруашылықтар оның 6 пайызын төлеп, қалған 16 пайызын мемлекет субсидиялауы керек еді. Жүйенің жөнді жұмыс істемеуінің кесірінен шаруалар пайыздық мөлшерлемені толығымен өздері төлеуге мәжбүр болды. Біразы шығынның үстіне шығын жамап, кәсібін кері кетірді. Облысымыздағы «Сырдария-1» несие серіктестігі» ЖШС-на қарасты 200 шаруашылық алғашқы төрт айдың ішінде жалпы сомасы 100 млн теңгеден астам субсидия ала алмаған. Бұл қаржы мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, техника секілді шаруалар қажетін өтеуі керек. «Сырдария-1» несие серіктестігі» ЖШС мониторинг маманы Мағжан Мырзағұлов та осы жайтты ашына айтқан еді.
– Көптеген шаруа мемлекет тарапынан берілетін пайыздық мөлшерлеменің субсидиясын жыл басынан бері ала алмады. Нәтижесінде несиелерін жоғары пайызбен жабуға мәжбүр болды. Кей кәсіпкерлер несие тарихын бұзып алған. Бастапқы екі айын төлеп, одан кейінгі айларда төлем жасай алмаған шаруалар көп болды. Бұл алдағы уақытта олардың несие алуын қиындатпақ, – дейді ол.
Жүйеге қатысты бұдан да өзге мәселелер жетерлік. Көктемде Ауыл шаруашылығы министрлігі Алматы, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары фермерлерінен арзандатылған тыңайтқыштарды алу мүмкіндігінің жоқтығы туралы көптеген өтініштер түсіп жатқанын хабарлады. Мұның себебін фермерлерге gosagro.kz порталында өтініш беруге мүмкіндік жоқтығымен түсіндірген. Бұрын Qoldau жүйесінде фермерлер егістіктерді өздері енгізген деректер негізінде цифрландырған. Әрі деректердің дұрыстығы тексерілмей, бір форматты-логистикалық бақылау болмапты. Қазір gosagro.kz порталында субсидияларды алу үшін жердің ғарыштық мониторингінің деректері негізге алынады. Бұл ретте фермер ауыспалы егісті және оның егістіктерінің шекараларын анықтаған кезде параметрлерді қолмен енгізу, яғни, көзбен белгілеу мүмкіндігі жоқ.
Gosagro.kz порталындағы деректерге сәйкес, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облысының фермерлері үш айдан астам уақытта 23,5 млрд теңгеге тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауға 837 өтінім берген. 350 өтінімді тиісті өңірлердің ауыл шаруашылығы басқармалары қабылдамай, осы аралықта бар болғаны 47 өтінімді мақұлдапты. Ал әкімдіктердің ақпараты бойынша, мемлекеттік қолдаудан бас тартудың негізгі себебі – агрохимиялық картограммалардың болмауы. Бұл талап 2023 жылы 1 қаңтарда күшіне енген, оған дейін мұндай талап болған жоқ. Мәселені шешу үшін министрлік ережелерге түзетулер енгізіп, агрохимиялық картограммаларды қолдану талабы алынып тасталған болатын.
Бұндай мәселелер шешілмесе, азық-түлік өнімдерін өндіру тежеліп, бірқатар тапшылық туып, бағаның да өсуіне алып келері даусыз. Өйткені қиналған шаруа өндірісін тоқтатады, ал бұндай жағдайда мемлекет жетпеген өнімді шетелден алдыруға мәжбүр болып, шығынданады. Онсыз да ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін 300-ге жуық кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін пайыздық мөлшерлеменің қаңтар-ақпан айларына арналған субсидиясын ала алмаған еді. Жоғарыда айтқанымыздай, қазір шағымның жоқтығы, мәселеге байланысты даудың тыншығаны – барлық проблема шешілгеніне айғақ емес.
Мадияр Төлеу,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<