Ауыл шаруашылығында ауыртпалық көп. Төрт түліктің жайын күйттеген әрбір шаруа малдың күйін кетірмей ұстауға тырысады. Бұл орайда уақытылы залалсыздандыру, түрлі ауруға қарсы екпе жүргізудің маңызы зор. Өңірде де аталған бағытта жүйелі бақылау күшейіп, ауруды ауыздықтау шарасы тұрақты жүргізілуде. Мәселен, биылдың өзінде облыста аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруға қарсы 6 млн 345,2 мың доза ветеринариялық препарат алынған екен.
Апта басында аталған саладағы соңғы жаңалықты бағамдауға арналған баспасөз туры ұйымдастырылып, жағдайдың жай-жапсарын көзбен көруге мүмкіндік туды. Жарты күнге созылған сапар барысында Қызылорда қаласының маңындағы ауылдарды аралап, Сібір жарасы, қарасан, пастереллез сынды ауруларға қарсы екпе жұмысымен танысып қайттық. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев жол бастап, Белкөл, Қосшыңырау ауылдары мен қала маңындағы «Эдельвейс» саяжайына бардық.
Негізгі мақсат – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алуға қарсы егу жұмысын бақылау, ақпараттандыру. Оған қоса облыс көлемінде ауру ошақтарын болдырмау, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау бағытындағы тіршілікке қанығу ойда бар. Қуанарлығы, күткен нәтиже мен аймақтағы ветеринариялық ахуал туралы болжам бағамы көңілден шыққандай.
Баспасөз турында табан тіреген алғашқы нысан Белкөл кентінде орналасқан «Абай» шаруа қожалығы болды. Мұрат Тоқпанұлы иелік ететін шаруа қожалығының жері ауқымды, малы қоңды екені байқалады. Қорасындағы төрт түліктің керегін қамдап, жоғын түгендеп отырған азамат іске епті, есепке жүйрік. Ұзын саны 500-ге тарта малды шашау шығармай жиып, кезекті екпесін кешіктірмей салдыруда. Жыл басынан бері төрт түлікке аусыл, пироплазмоз ауруларына қарсы екпе егу және диагностикалық тексеру жұмысы да жүргізілген. Баспасөз туры барысында қорадағы азын-аулақ бұзауға сырға салынып, сиырларға қарасан ауруына қарсы екпе жасалды.
– Біз үшін ең бастысы – қауіпсіздік. Алғашқы белгілері байқалған кез келген ауруды дер кезінде емдеп, таралуын тежеуді назарға аламыз. Мал басы көбейген сайын жауапкершілік еселеніп, бақылау арта түседі. Толыққанды нәтижеге қол жеткізу үшін қауіпті ауруларға қарсы егу-диагностика жұмысы жоспарлы жүру қажет, – деді кәсіп иесі.
Сапардың кезекті бөлігі «Эдельвейс» саяжайы аумағындағы «Жирен» шаруа қожалығында жалғасты. Біз межелі жерге жеткенше, төрт түліктің басым бөлігі өріске бет түзеген екен. Шаруа қожалығының иесі Әділжан Ізтілеуов кенеден тазарту үшін тек 30-ға тарта жылқыны бөгеп ұстапты. Ветеринария мамандары жылқыларға дезинфекция жүргізіп, гастрофилез, Cібір жарасы, қарасан, тейлриоз ауруларына қарсы екпе екті. Әсіресе, қалалық ветеринариялық пункт меңгерушісі Ербол Жүгінісовтің көмейқұрт ауруының алдын алу шарасын жүргізудегі ептілігі таңғалдырды. Тәжірибелі маман малдың жайын жетік білетінін аңғартып, үйір жылқыға жүргізілетін процедураны жарты сағатта еңсерді. Айтуынша, мұндай сақтық шарасы жылқыға 1 мәрте жүргізілуі шарт. Егер бұл шара жасалмаса, ішкі құрттар көмейге жиналып, көбеюі мүмкін.
Сондай-ақ, зиянды жәндіктерге қарсы залалсыздандыру жұмысы да ерекше назарға ілікті. Мамандар маса, сона, кенеге қарсы дезинфекция жұмысын жүргізіп, аумақты мұқият тексеруге алған. Айта кетерлігі, аталған шараға бюджеттен қаржы бөлінбеген, яғни, бұл – ақылы жұмыс. Шаруашылықтар қажетті залалсыздандырғышты өз қаржысына сатып алады. Ал мамандар қажетті залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге ғана келеді.
– Қазір кененің түрі көп. Адам шағу, малға жабысу оқиғасы жиі тіркеледі. Соған байланысты арнайы көктемгі залалсыздандыру жұмысы жүргізілгені мәлім. Енді күз мезгіліне дайындық жасалуда. Қазіргі таңда тиісті міндеттемені орындау үшін ветеринариялық дәріханаларда залалсыздандырғыш қоры жеткілікті, – деді қалалық ветеринарлық стансаның директоры Нұрлан Төлеген.
Кезекті нысан – Қосшыңырау елді мекеніндегі «Аруана» шаруа қожалығы. Бүгінде Бақыт Жакешбаев басқаратын қожалықта 285 ірі қара мен 113 түйе бар. Алайда біз барған уақытта құмшауыт жерде орын тепкен қожалықта 20-ға тарта боталы түйе ғана көрінді. Қалғаны өрісте. Шаруаның сөзінше, жағдай тұрақты. Жыл басынан бері төрт түлікке аусыл, Сібір жарасы, трипанососмоз ауруларына қарсы екпе егілсе, сапар барысында түйеге Сібір жарасына қарсы вакцина салынды.
Қосшыңырау ауылдық округінің медициналық пункт меңгерушісі Алтынбек Мейрамбекұлы да төрт түліктің ахуалымен таныстырып, қызықты ақпаратпен бөлісті:
– Қосшыңырау ауылдық округінде 4500 бас ірі қара, 4900 бас уақ мал, 601 бас түйе, 3500 бас жылқы бар. Қазір I жартыжылдыққа жоспарланған іс-шара кешені жүргізілуде. Солардың қатарына Сібір жарасына қарсы екпе жұмысы да кіреді. Бұл – төрт түлік арасындағы өте қауіпті дерт. Тіпті, адамға да тез жұғады. Ауылда бір ошақ анықталды. Сондықтан дезинфекцияны осы жерден бастағанды жөн көрдік. Сібір жарасынан бөлек аусыл, құтыру, қатпа, сақау ауруларына қарсы да екпе егілетін болады, – деді жауапты маман.
Баспасөз туры қалалық ветеринарлық стансада түйінделді. Мекеменің жай-күйімен танысып, жыл бойы атқарылған жұмыстарды саралауға мүмкіндік туды. Тозығы жеткен материалдық-техникалық базаның бүгінгі ахуалы мен сала мамандарының еңбекақы мәселесі де назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, облыстағы 139 ветеринариялық пункт ғимаратының 34-і апаттық жағдайда екені де айтылды.
– 2013 жылдан бері ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жаңармаған. Осыған орай облыс әкімі арнайы тапсырма берген болатын. Нәтижесінде өткен жылы облыстық бюджеттен 111 млн теңге қаржы бөлініп, 15 дана УАЗ автокөлігі алынды. Биыл 30 автокөлікке қаржы бөлген. Алайда әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты бұл шаруа әзірге тоқтап тұр. Қазір барлық ветеринар мамандардың жалақысын 40 процентке өсіріп отырмыз.
Сондай-ақ биыл облыстық бюджеттен 73 млн теңге бөлініп, қан үлгілерін жеткізуге арналған 140 термочемодан және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмысын ақпараттық жүйеге енгізу, мемлекеттік қызмет көрсетуді уақытылы әрі сапалы жүргізу мақсатында 140 компьютер сатып алынды, – дейді қалалық ветеринарлық стансасының директоры Нұрлан Төлеген.
Расында, аталған салада мәселемен қатар ілгерілеушілік те бар. Солардың қатарында еңбекақы өзгерісін ерекше атауға болатындай. Мысалы, биыл облыс бойынша эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізуге 1 млн 140 мың теңге бөлінгенін білеміз. Алайда бұл қаржы ветеринар мамандардың айлық жалақысын 40 процентке көтеруге жеткіліксіз болып, қосымша 723 млн теңгеге өтінім берілді. Қазіргі таңда қажетті қаржыны кезең-кезеңімен бөлу мақсатында 225 млн теңге қолдау тапты. Нәтижесінде сәуір айынан бастап ветсанитарлардың айлық жалақысы 60 мыңнан 90 мың теңгеге артса, ветпункт меңгерушілердің еңбекақысы 110 мыңнан 180 мың теңгеге көтерілді. Қосымша тағы 498 млн теңге қаржы бөлу өтінімі қаралуда. Демек, алдағы уақытта сала мамандарының әлеуметтік ахуалы артады деген сөз. Айта кетейік, облыс көлемінде ветеринария саласында 733 адам жұмыс жасайды. Оның 670-і – ветеринар мамандар.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев аймақтағы эпизоотиялық ахуал туралы айтып, алдағы жоспарын бөлісті. Басқарма басшысының сөзінше, жартыжылдыққа жүктелген жұмыс толық орындалып, келесі кезеңге дайындық пысықталуда.
– Аймақта эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау үшін ветеринар мамандар үздіксіз жұмыс жасауда. Жоспарға сәйкес, жартыжылдықта жануарларға 3 млн 80 мың доза дәрі егілу керек болатын. Бұл меже толықтай орындалды. Одан бөлек, 6 түрлі жұқпалы емес (энзоотиялық) ауруға облыстық бюджеттен 248,3 млн теңге бөлініп, 657 мың доза препарат алынды. Энзоотиялық аурулар бойынша да тиісті жұмыстар жасалды. Жалпы энзоотиялық ауруларға ірі қараның тейлериоз, пироплазмоз, уақ малдың фасциолез, жылқының сақау, гастрофилез, түйенің трипаносомоз аурулары жатады. Қазір 454,9 мың басқа алдын ала егу жұмысы жүргізіліп, 6 айлық жоспар атқарылды, – деді басқарма басшысы.
Есте болса, өткен жылы есепке алынбаған мал саны бойынша қиындық туындаған болатын. Тіпті Ауыл шаруашылығы министрінің Сыр еліне сапары барысында мал санын реттеуге қажетті сырғаның уақытылы жеткізілмеу мәселі де көтерілді. Биыл келеңсіздік қайталанбас үшін алдын ала 387 мың сырға алынып, аймақ бойынша төрт түлік малды сырғалау жұмысы кестеге сай жүруде. Сырға тапшылығы болмас үшін қосымша тағы 353 мыңына өтінім де беріліп, соның 258 мыңы жеткізілді.
Жыл басында бірдейлендіру ақпараттық жүйесіне енгізілмеген ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеу үшін «Жасыл дәліз-3» бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарламаға сәйкес, тіркелмеген төрт түлік туралы ақпаратты жүйеге енгізу процесі сәтті жүрді. Бастапқыда облыста 36531 бас мал жүйеге тіркелмеген деп болжанса, бағдарлама нәтижесінде 70465 бас төрт түлік тіркеліп, ақпараттық жүйеге енгізу 2 есе артық орындалған еді. Алайда, бұл санды көбейту үшін көрінген малды тіркеу дегенді білдірмейді. Мәселен, төрт түлікті түгелдеу кезінде жасы үлкен мал тіркеуге жатпайтын төл ретінде саналып, мал иесінің пайдалануына жаратылады. Сондықтан көрсетілген цифрға сенім мол.
Бұдан бөлек, ветеринария саласының ең ауқымды бағыты – диагностика жұмыстары. Биыл 400 мыңнан астам малдан қан сынамасын алу жоспарланған. Жануарлар мен адамға ортақ жұқпалы бруцеллез ауруының алдын алу үшін 186,7 мың бас ірі қара, 242,2 мың бас уақ малдан алынған қан құрамы тексерілді. Нәтижесінде 36 бас ірі қара мен 26 бас уақ малдан бруцеллез ауруы анықталған. Аурудың басым бөлігі Сырдария мен Жалғаш аудандарында кездесіп отыр. Ауруға шалдыққан мал ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес уақытылы сойылып, мал иелеріне 1234,5 мың теңге өтемақы төленген.
– Өткен жылғы көрсеткіш бұдан жоғары болды, яғни, 48 бас ірі қара, 252 уақ мал бруцеллезге шалдыққан еді. Биылғы көрсеткіш жақсарып, дерт жұқтырған түліктің саны кеміді. Қазір өзге өңірлерінде аусыл, қарасан аурулары жиі тіркелуде. Біздің аймақта аталған ауру белгілері жоқ. Жыл басынан бері тек бруцеллез ауруы ғана тіркелген. Бүгінде ауру анықталған мал егелеріне түсіндірме жұмысы жүргізілуде, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы.
Экономикалық ахуалды оңтайландырып, ауыл шаруашылығын жүйеге түсіру үшін ветеринария саласының маңызы зор. Мал – халықтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі. Оның үстіне мал бағу арқылы жан бағып, қаншама отбасы төрт түлікті тіршілік көзіне айналдыруда. Сондықтан, болар, қазақ саулық сұрасқанда ең алдымен «Мал-жан аман ба?» деген жөн-жоралғыны ұмыт қалдырмаған. Сол үшін қауіпті ауру түрлерінің тарамауы мен мал өнімдерінің талапқа сай болуы ауадай қажет. Ал оны негізгі қорғаушысы – әрине, ветеринар мамандар.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<