Әр ауылдың өз «бәйтерегі» бар

427

0

«Бәйтерек» – Астананың символына айналған көрнекті ғимараттардың бірі. Қазір оған ұқсас көшірмелер еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Мысалы, Өскемен, Қарағанды, Екібастұз, Жаңатас қалаларында, Шығыс Қазақстандағы  Көкпекті ауылында да «Бәйтерек»  орнатылған.

Бұл қалаларда ғана емес, бізде де бірнеше «Бәйтерек» бар. Ұлы жолдың бойында орналасқан. Анығырақ айтсақ, «Қызылорда-Жезқазған» автокөлік дәлізінде тұр. Көзтартар дүниені қалаға кім тарту етті? Таратып айтсақ.

Әр ауылдың өз «бәйтерегі» бар

Бексұлтан Баймаханов отбасылық бизнестің тізгінін жас та болса өзі ұстапты. Әрине, мұнда ата-ананың  ақыл-кеңесі мен бауырлардың қолғабысы ұшан-теңіз. Былтыр  «Бәйтерек»  шағын ауданынан кәсіпкерлігін бастады.  Қалааралық маңызды жол бойына үлкен азық-түлік дүкені мен асхана салды. Осы  кешеннің атауын да жаңа қоныспен аттас етіп, «Бәйтерек» деп атады.

– 2017 жылы Алматы қаласына қонаққа бардым. Кешке «Париж» деп аталатын дәмханаға бас сұқтық.  Маған дәмханадан бұрын ұнағаны дәл алдында орналасқан Париждың ең басты мақтанышы Эйфель мұнарасының керемет көшірмесі еді. Астана дегенде ең бірінші көз алдымызға «Бәйтерек» келетіні рас. Әрі қаламыздан осы аттас аудан  ашылды. Дүкен мен асхана салу барысында еліміздің мақтанышы «Бәйтеректің» көшірмесін тұрғызу ойымда болды, – дейді Бексұлтан.

Алыстан көрінетін «Бәйтерек» Жезқазған бағытына қатынайтын  жолаушыларға ақ жол тілеп тұрғандай.

Екінші «Бәйтеректі» 2014-2015 жылдары «Қызылорда көркем» ЖШС Абай даңғылы бойына салған. 

Аудан, ауылдық жерлерден де «Бәйтерекке» ұқсас дүниені көптеп байқауға болады. Мысалы, Қармақшы ауданы Дүр Оңғар ауылындағы стелла. Жаңақорған ауданы Қожакент ауылында «Бәйтерек» монументі 2016 жылы салынған.  Биіктігі 12,5,  шарының диаметрі 2,5 метр. Сондай-ақ осы ауданға қарасты М.Нәлібаев ауылында 2012 жылы 1975 жылы туған түлектер 20 жылдық кездесу құрметіне «Бәйтерек» тұрғызған. Оның биіктігі 12 метр.

Айтпақшы, жақында ғана Қазалы ауданының ең шеткі ауылдарының бірі Кәукейде де «Бәйтерек» бой көтерді. №225 орта мектепті 1993 жылы бітірген ауылдағы қыз-жігіттер ұрпақтар сабақтастығы мен туған жерді түлетуге өз үлестерін қосып, осындай тарту жасаған. Биіктігі 8,7 болатын «Бәйтерек» ауылға сән қосып тұр. Сұрастырғанымызда, бұған 800 мың теңгеден астам қаржы жұмсалғанын білдік. 30 жылдық кездесуден естелік қалдыру идеясын ұсынып, жұмысты іске асырған азаматтар – Ержан Әлімжанов, Ғабит Баймаханов, Бауыржан Шүкіралиев, Мейрамбек Рашаев, Серік Әбдіханиев және дәнекерлеуші Болатбек Айғабылов.

Айта кетейік, Астана қаласында тұрғызылған «Бәйтерек» монументінің биікті 97 метр. 1997 – мемлекеттің жаңа астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілген жыл.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<