Кейінгі үш жыл ішінде Жаңақорған ауданында халыққа қажетті әлеуметтік нысандар тұрғызу үшін құны 45 млрд теңге болатын ғимараттар құрылысы жүруде. Бұлардың ішінде орталықтағы 300 орындық екі, 600 орындық бір мектеп және «Бірлік» елді мекеніндегі балабақша мен «Өзгент» ауылындағы клуб үйі бар. Аталған құрылыстар жыл соңына дейін бітеді.
Айта кетейік, жоғарыда айтылған ғимараттардың барлығы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен қолға алынған. Бүгінде аудан орталығындағы 600 орындық мектептің құрылысы толық аяқталған. Қазір пайдалануға беру үшін дайындық жұмыстары жүруде. Ал 300 орындық екі мектептің бірі былтыр бітуі тиіс еді. Бірақ мердігер мекеме жұмыстарын өз деңгейінде ұйымдастыра алмаған. Бұдан бөлек, құрылыс материалының қымбаттауына байланысты жоба-сметалық құжаттары қайта қаралуда. Ал дәл осындай бала санына шақталған тағы бір мектеп құрылысы жыл басында кенттегі С.Сұлтамұратов көшесінде басталған еді. Әзірге құрылыс қарқыны жаман емес. Мұны жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. «Бірлік» ауылындағы 90 орындық балабақшаны бітіру мерзімі де осындай.
Ал «Өзгент» ауылындағы клуб құрылысының жобалық құны 284 млн теңгеден асады. «SCS Инженеринг» ЖШС жүргізіп жатқан әлеуметтік нысанға облыстық бюджеттен қаржы бөлінген.
– Құрылыстың 80%-ы аяқталды. Жыл соңына дейін бітіру керек. Жоспар бойынша солай. Қазір электр желілерін тартып, төбесін шатырлау жұмыстары жүруде. Алда есік-терезелерін салу, одан соң абаттандыру жұмыстары басталады. Жылумен қамту ғимараты бөлек салынды, сондай-ақ клубтағы орын саны 150 адамға есептелген, одан бөлек, кітапхана, басқа да қажетті бөлмелер қарастырылған, – дейді құрылыс прорабы Құрмаш Үрматов.
«Өзгенттегідей» мәдени ошақ «Жайылма» ауылында да салынуда. 150 орындық клубтың құны 269 млн теңгеден асады. Тапсырыс беруші – аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылыс бөлімі. Бүгінде ғимарат жұмысының жартысынан астамы біткен.
– Ауылда мектеп те, медпункт те жаңарған. Өзекті мәселенің бірі осы клуб үйі болатын. Республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қазір жұмыс кестесіне сай құрылыс жүріп жатыр. Ел ішіндегі бос азаматтар да маусымдық жұмысқа тартылды. Біз күнделікті бақылап отырмыз. Қазір сылақ жұмыстары аяқталып қалды. Енді төбесін шатырлау керек, оған да жұмыссыз ауыл азаматтарын ұсындық. Мердігер мекеме клубты желтоқсан айында пайдалануға бермек, – дейді «Жайылма» ауылдық округінің әкімі Әліби Бөкеев.
Аудандағы құрылысқа жауапты бөлімнің мәліметінше, биылғы алты ай ішінде құрылыс нысандарына 885 млн теңгеге жуық қаржы қаралған. Аталған қаржы шеңберінде «Жайылмадағы» клубтан бөлек, «Қыраш» ауылдық округіне қарасты су ұңғымасын қазу, «Сунақата» ауылдық огругіне қатысты «Еңбек» ауылын ауызсумен жабдықтау сынды жұмыстар жүргізілуде.
Былтыр «Екпінді», «Төменарық», Сунақ ата ауылдарындағы ауызсу жүйесін қайта жаңғырту басталған еді. Осы жылы аяқталуы тиіс жұмысқа былтырғы бөлінген ақшадан бөлек биыл облыстық және аудандық бюджеттен 163 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда мердігер мекеме «Дәнекер» ЖШС өз міндетін дұрыс атқармауына байланысты тапсырыс беруші тарап келісім-шартты үзіп, қалған жұмыстарға қосымша жоба-сметалық құжаттар дайындалыпты. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы қайта жарияланған.
Бұдан өзге ауданда салынып жатқан құс фабрикасын электрмен жабдықтауға облыстан, «Ақжол» елді мекенінде спорт кешенін салуға ұлттық қордан қаржы қаралыпты. Айта кетейік, аталған спорт кешенінің жалпы құны 409 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын бастау тамыз айына жоспарланған.
Бүгінде ауданның құрылыс саласында қаржыландыруды күтіп, дайын тұрған жобалар да жетерлік. Мысалы, «Бесарық» ауылындағы жаңадан ашылатын учаскелерге инженерлік инфрақұрылым тарту, құны 662 млн теңге болатын аудан орталығындағы үш қабаттан тұратын 18 пәтерлі екі тұрғын үй және жобалық құны 345 млн теңгеден асатын үш бөлмеден тұратын қос пәтерлі 10 үйдің құрылысына қаржы қажет. Бұл жобалар іске асқан жағдайда кезекте тұрған азаматтардың бір бөлігі баспанаға қол жеткізетін болады.
Биыл да Жаңақорған ауданында құрылыс нысандарын жүргізу үшін бірқатар жоба-сметалық құжаттар дайындалған. Оның ішінде аудан орталығындағы «Саяжай-1» учаскесіндегі 300 гектар аумаққа инженерлік-инфрақұрылымдық желілер орнату, Сунақ ата ауылындағы әкімдік ғимараты, «Кеңес», «Екпінді», «Көктөбе» ауылдарына клуб салу сияқты жоспарлы жұмыстар бар.
Жаңақорғандағы жағымды жаңалықтың бірі – газдандыру. Бүгінгі күнге дейін тек аудан орталығы ғана «көгілдір отынға» қол жеткізсе, биыл екі ауыл – «Қыраш» пен «Бірлікке» де газ құбырын тарту жұмыстары басталған. Құрылыс қазан айында бітпек.
Айта кетейік, былтыр жеті елді мекен – «Жайылма», «Шалқия», «Құттықожа», «Төменарық», «Қыраш» және «Бірлік» ауылдарына газ тарту үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге бюджеттен қаржы бөлінген еді. Қазір жоғарыда айтқандай, газ баратын қос ауылдан бөлек, қалған бес елді мекенге «көгілдір отын» тарту бойынша облыстық және республикалық бюджетке өтінім берілген.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
Жаңақорған ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<