Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен әр ауыл маңынан жер дайындалып, ең қажетті деген дақылдарды егу жұмысы өңірдегі аудан басшыларына жүктелген еді. Осылайша аймақта 1500 гектарға жуық жер дайындалып, 6802 отбасы бақша дақылдарын егуде. Нәтижесінде әртараптандыру ісі алға басып келеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, мұндағы әр отбасы дайындалған жерге түрлі дақылдар еккен. Осылайша биыл аймақта 461 гектарға картоп, 385 гектарға көкөніс, 587 гектар бақша дақылдары егілген. Мұның өзі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізбек.
Жаз да жарымынан ауды. Көктемде басталған еңбектің қарқыны жақсы. Бақша өнімдерінің алды пісіп те жатыр. Оңтүстік аудандар – Жаңақорған мен Шиелі диқандарының қауын-қарбызы базар сөрелеріне жайғасып үлгерді. Өзге аудандардағы дақылдар да жүзін жуып қалды.
Қазіргі уақытта суды аз қажет ететін бақша дақылдарын егу артық етпейтінін жергілікті тұрғындар әбден түсінген. Бұл бір жағынан, облыстағы азық-түлік қорына көп көмек. Екіншіден, көрші Түркістан немесе сонау өзбек ағайыннан қомақты қаржыға мұндай өнімді артпас едік. Осы мақсатпен сырдариялық бір топ жас қолына кетпен алып, жер несібесін жинауға кіріскен еді. Дұрысы, қалаға жақын маңдағы «Айдарлы» ауылының жігіттері 10 гектар жерге қауын-қарбыз, асқабақ және картоп өсіруде.
– Ауылдағы он жігіт бірігіп, тіршілік қылудамыз. Он жігіттің артында он отбасы бар. «Шанжархан ата» шаруа қожалығы жер бөліп берді, оған да үлкен алғыс айтамыз. Көктемде облыстық бюджет арқылы жаңадан алынған су айдар насосты пайдалана отырып, 5 гектар картоп, 5 гектар қауын-қарбыз, асқабақ, т.б. тұқым тастадық. Жергілікті өнімге сұраныс жоғары, жылда жәрмеңкеде ешқандай химиялық қоспасыз таза өнімдерді жеткізіп береміз. Қызылорда өңірі бойынша «Айдарлының қауыны» деген кіші брендіміз бар, – дейді «Айдарлы» жастар бригадасының бригадирі Зейнолла Жүсіпов.
Осылайша ауыл жігіттері қарап жатпай, қарманып жүр. Маңдайдан аққан терді сүртіп, тынбай еңбек қылады. Ал ауылдың өзінен 117 отбасы 83 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша өнімдерін еккен.
Айта кету керек, бір ғана Сырдария ауданында 210 гектар жер дайындалды. Қазір 1400 отбасыға бөлінген жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілген.
– «Айдарлы» ауылында барлығы 305 отбасы тұрады. Биыл тұрғындар 62 гектарға қауын-қарбыз, асқабақ, 17 гектарға картоп, 4 гектарға көкөніс екті. Аудан басшысының тапсырмасына сәйкес қосымша жер дайындалған болатын. Бұған ауылдағы он жұмыссыз жас өзара бірігіп, 10 гектар жерге бақша дақылдарын өсіріп жатыр. Қазір суғару, күтіп-баптау жұмыстары қалыпты жүруде. Аз күнде өз өнімімізді пайдаланамыз деген үміттеміз. Алдағы уақытта піскен бақша дақылдарын нарыққа шығарамыз, – дейді ауылдық округ әкімдігі аппаратының бас маманы Ережеп Есенкелді.
Жалпы биыл облыс бойынша барлығы 188,6 мың гектарға егiн егілді. Су тапшылығына байланысты күріштің көлемі 78,6 мың гектар болып, былтырғымен салыстырғанда 5 мың гектарға қысқарып отыр. Оның орнына суды аз қажет ететін картоп, көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдарды орналастыру туралы шешім қабылданып, өткен жылға қарағанда мұның көлемі 6,2 мың гектарға артты. Сонымен қатар, облыста егінді әртараптандыру бағытында қосымша (189 га), қант құмайы (358 га ) егілген.
Ал су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 607 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып отыр.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
Сырдария ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<