«Ақсуаттағы» айшықты істер

274

0

Қала іргесіндегі «Ақсуат» ауылына келуіміздің басты мақсаты – бұл жақтың тыныс-тіршілігімен танысу. Межелі мекен-жайға кіре бергеннен жайқалған жеміс ағаштары адам жанына қуат бергендей. Одан бөлек әр тұрғынның есік алдындағы қызанақ пен қияр, әңгелек, жүгері секілді дақылдар бау-бақша сәнін келтіріп тұр. Құрылыс дүкендерінің жұмысы да жанданған.

Тарихтан тін тарқатсақ…

«Ақсуат» ауылының негізі 1928 жылы қаланған. Алғашқы жылдары артельді, ұжымдық шаруашылықтарды ұйымдастыруға қатысқан Ешпан Жанбосыновтың атымен Ешпан ауылдық кеңесі аталған. 1928-1932 жылдар аралығында құрылған майда серіктестіктер 1934 жылы «Жасқайрат», «Жаңатұрмыс», «Киров», «Қызылорақ», «Қызылқұм», «Қара Қожа», «Батбаққара» ұжымдық шаруашылықтары болып ұйымдасқан. 1938 жылы мамыр айында бұл шаруашылықтар бірігіп, «Жасқайрат», «Жаңатұрмыс», «Киров» болып, одан кейін «Киров» колхозы болып қайта құрылды. 1972 жылы көкөніс және сүт өндіретін шаруашылыққа айналды. 1993 жылдың ақпан айында халық депутаттары облыстық кеңесінің қаулысымен Сырдария ауданы «Ақсуат» ауылдық кеңесі болып аталды. Ал бір жылдан соң елді мекенге Кеңес Одағының батыры Жақыпбек Махамбетовтің аты берілді. 1997 жылдың маусымында ауыл Сырдария ауданы құрамынан шығарылып, Қызылорда қаласына қарады.

Бүгінде «Ақсуаттың» бейнесі өзгеріп, жаңарған. Жан-жақты даму жолында.

«Меруерт» торты осында жасалады

Кез келген дүкен сөрелерінде «Меруерт» торты тұрады. Осы тәттілердің «Ақсуаттан» шығатынын білетін бе едіңіз? Дәмі тіл үйірер тәттілерді талай дастарқаннан көрдік. «Меруерт» тәттілері 2020 жылы нарыққа енді.  Міне, содан бері ауқымын кеңейткен кәсіпорын бүгінде күніге 600, ал мереке күндері тіпті мыңнан аса торт дайындап, тұтынушыға ұсынады. Кәсіп иелері қаладан бөлек аудан орталықтарын да қамтамасыз етіп отыр. 

– Бұл кәсіпті 2020 жылы қолға алдық. Қазір шүкір, сұраныс жақсы. Алдымен ауладағы кішкене сарайда торт пісіруді бастадық. Меруерт – үлкен қызымның есімі. Соның атын қойып, тәтті торт пісіріп, нарыққа шығаруды қолға алдық. Алғашында ауыл ішіне саудаладық. Кейін кәсіп тынысы кеңейді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра бермекпіз, – дейді жеке кәсіпкер Нұрғали Келдібайұлы.

Бүгінде кәсіпорында 30 шақты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың барлығы дерлік – ақсуаттықтар. Осыдан 2 жыл бұрын «Еңбек» бағдарламасы бойынша 585 мың теңге грант ұтып алып, оған қажетті құрал-жабдықтар алып, бүгінде ауқымды жұмыс істеп жатыр.

Шұлық та шығады

Шұлықтың сан түрі де осы ауылдан шығады. Сыртқы жапсырма қағазында «Ақсуат» деп жазылған шұлықты бүгінде халық кеңінен тұтына бастады. Ауыл тұрғыны Сәрсенкүл Аралбаева  шұлық шығаратын шағын цех ашып, отбасылық кәсіпті дамытып отыр. Үй ауласындағы аядай ғана бөлмеден күніге 300-ге жуық шұлық шығады.

Иә, қазір дүниенің кетігін тауып, кірпіш болып қалану әр адамның тәжірибесі мен біліміне байланысты. Шағын шұлық цехындағы жұмысты үлкен берекеге айналдыру адамды шыңға бастайды. Жұмыс барысында басты көмекшілері – баласы мен жұбайы. Мамандардан арнайы кеңес алып, техника тілін толық меңгерген. Жұмыс айтарлықтай ауыр емес.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасымен осы кәсіпті қолға алдық. Құдайға шүкір, жұмыс жүріп жатыр, өнім сатылуда. Алдымен жан-жақты зерделеп, сұрастырып көрдік. Бір байқағанымыз, еліміз бойынша шұлық шығаратын бірнеше кәсіпорын бар екен. Содан тәуекел деп бастап кеттік, – дейді Сәрсенкүл Аралбаева.

Бүгінде Ақсуаттан шыққан шұлық «Сұлтан» сауда орталығында сатылуда. Өткізу жағын жолға қойған кәсіпкер шикізатты да өзі барып әкелуде. Әрине, көзін тапқан адамға істің ілгерілеуі оңай. Дегенмен, өнім өндірудің қаншалықты қиын екені жұмыс барысында байқалады.

Кәсіпкер өнімнің санына емес, сапасына мән береді. Өйткені сапалы дүние қашанда сұранысқа ие.

Атакәсіпті түлеткен

Ауыл тұрғыны Асылхан Исмаиловтың атакәсіпті қолға алғанына көп бола қоймаған. Бірнеше жылдан бері жылқы бордақылау ісімен айналысады.

Оның түпкі мақсаты – ауыл тұрғындарын табиғи, таза жылқы етімен қамтамасыз ету. Даланың таза ауасымен тыныстап, шүйгін шөбімен, тұнық суын қорек еткен жануардың еті дәмді болып келеді. Мұны мал бағатындар біледі. 

Асылхан да мал шаруашылығының маңызын терең түсінеді. Сондықтан болар, мың кәсіптің ішінен осыны жанына жақын тұтқаны. Кәсіпкер алдағы уақытта да ісін одан әрі дамытуды көздейді.

Мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жасап жатқан қолдауы арқасында мұнда 567 кәсіпкер тіркелген. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 9,8 млн теңгенің 2 жобасы мен «Сыр бойы» және «Сырдария-1» несие серіктестіктері арқылы 31,5 млн теңгенің 2 жобасы қаржыландырылған. Сондай-ақ 11 млн теңгенің 1 жобасы және «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» бойынша 13 жоба қолдау тапты.

«Ауыл аманаты» жобасымен 7 жобаны қаржыландыру жоспарлануда. Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 44 жоба қаржыландырылды. Соның ішінде, «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» микроқаржылық ұйымы арқылы «Іскер» бағдарламасы аясында 7 жоба, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2 жоба, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 14 жоба қолға алынды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау.

 Өткен I жартыжылдықта 60 адам тұрақты жұмысқа орналасып, ақылы қоғамдық жұмысқа 43 адам қабылданды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына 10, әлеуметтік жұмысқа 2 адам, «Күміс жас» бағдарламасымен 10 адам қамтылды. «Бастау Бизнес» курсы бойынша 20 адам  арнайы сертификат иегері атанды.

Білім биігі

Ауылдық округте 2 мемлекеттік және 1 жеке мектеп бар. Мұнда 2300 оқушы оқиды.

Мектептер спорт зал, кітапхана, мультимедия, информатика кабинетімен, интерактивті тақтамен, интернет жүйесімен толыққанды қамтылған.

Сонымен қатар 2020 жылы жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен «Аңсар-Кәусар – 2020» жеке бастауыш мектебі  ашылып, мемлекеттік бағдарлама аясында 67 бала білім алып, қосымша әртүрлі үйірмелермен, 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ауылдық округте «Сыр самалы» және «Асыл-Ай» бөбекжай бақшасы мен «Нұрлы сәби»,  «Бодан ата»,  «Нұр-Салтанат», «Жәния бағы»  және «Наурыз бөбегі» балабақшаларында 595 бала тәрбиеленуде.

Мәдениет мәйегі

Ауыл мәдениеті клубтан басталады. Оған үлес қосқан ауылдық клуб 2013 жылы пайдалануға берілген. Одан кейін 2014 жылдың тамыз айынан Ақсуат ауылдық округі әкімі аппараты жанындағы «Ақсуат мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып құрылған.

Ауылдағы мәдениет үйі қаншама адамға ізгілік дәнін сеуіп, өнер өрісін дамытуда еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда мұнда «Ғибрат» домбыра үйірмесі, «Жас дарын» көркем сөз оқу,  «Бұлбұл» ән, «Қызғалдақ» би, «Самғау» хор үйірмесімен қатар, «Ақ бата» әжелер ансамблі жұмыс жасайды.

Инфрақұрылым игілігі

Ауылдық округтегі ең өзекті мәселенің бірі табиғи газ болатын. 2021-2023 жылдары 16,5 шақырым жоғары, 9,6 шақырым орта және 123 шақырым төменгі қысымды газ құбырын тарту жұмыстары толығымен аяқталып, ел игілігіне берілді.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 3 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылып пайдалануға берілсе,  «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 8 көше жолы жөнделді. Сонымен қатар Ә.Құдабаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынып, ақсуаттықтардың қуанышын еселеуде.

Ауылдық округтегі тағы бір түйткіл жаңадан қоныстанушы тұрғындарды электр жарығымен қамту болатын.  32 көшені электр желісімен қамту мақсатында қалалық бюджеттен бөлінген қаржыға жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, «Энергомера» ЖШС 2024 құрылыс жұмыстарын жүргізуде. 

Ауыл қаланың іргесінде демесеңіз, орталықтан еш кем емес. №2 және №12 қоғамдық көліктер қатынайды. Ауылда қоғамдастық кеңес, ардагерлер кеңесі, ерікті ауыл жастары мен «ӘліАрыстан» мешіт үйі бар.

– Аяқсу аптасына 2 күн беріледі. Ауыл орталығындағы «Тағзым алаңы» алдына кәсіпкерлері демеушілігімен арка салынды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы ауылдық округтің батыс беткейі бойына 500 көшет егіліп, қоршалды. Мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру және елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуда халықпен кеңесіп, келелі жұмыстар жасала бермек, – дейді ауыл әкімі Нұрболат Бақытов.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<