«Ақжарма»: Жақсы бастамалардың жарасымы

623

0

Ауыл – қазақтың күретамыры, руханияттың ошағы, салт-дәстүр мен мәдениеттің қайнар көзі, береке мен бірліктің бастауы. Бұл тақырыпта сөз қозғағанда бала кезіміздегі жарықтың уақытпен берілгені, пешке от жаққанымыз, шамның әйнегін сүртіп, білтесін дайындағанымыз, тезек тергеніміз еске түседі. Бұл – біздің ұрпақтың көргені. Оған дейінгіні үлкендерден естігенде мүлде қызық. Олардың айтуынша, тоқырау тұтас ауылды шайқалтқан.

Ауылдан қалаға үдере көшу, жарықтың болмауы, күнделікті қолданатын заттардың қаттығы, бағаның шарықтауы халыққа үлкен соққы болған. Тіпті еңбекақы малмен өтеліп, адамдар өз үлесін техника, жылжымайтын мүлік арқылы алып отырған. Мал-мүлік талан-таражға түсіп, ауылдықтар егесіз қалғандай күй кешті. Мұның барлығы біз үшін ертегі секілді. Ауылдардың бірнеше шаруашылыққа бөлінуі тұрғындарды қажытты. Өндірісі бар, халықты жұмыспен қамтып отырған үлкен елді мекендердің өзі тұралады. Десе де, алдағы күннен үміт үзбей, жарқын болашаққа сеніммен қарағандар малын бағып, егінін егіп елде тұрақтап, ауылдың бірлігі мен берекесін сақтап қалды. Сондай ауылдың бірі − Қызылорда қаласына қарасты  «Ақжарма» ауылдық округі. Кеңестік кезеңде бұл ауыл «МИС» деген атаумен дүрілдеп тұрды.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1950-1960 жылдары Қызылорда облысы Ресей, Украина, Өзбекстан республикаларымен бірге Кеңес Одағындағы күріш егілетін негізгі аймақтардың біріне айнала бастады. Осыған байланысты күріш өндірісіне арналған жаңа техника мен технологияларды енгізу және оны насихаттау қажеттілігі туындады. Осы мақсатта Қазақ ССР Үкіметі мен ККП Қызылорда облыстық комитетінің ұсыныстары негізінде 1958 жылы Қызылорда мемлекеттік аймақтық машина сынау станциясы мен оның тәжірибе шаруашылығын құру туралы КСРО Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы шықты.

Әуелде Қызылорда қаласындағы жөндеу шеберханасының (РТС) базасында болған. МИС пен оның тәжірибе шаруашылығына қажетті жер телімдері бөлінген соң Сырдария ауданының аумағына көшірілді. Машина сынау станциясының негізгі қызметі − ауыл шаруашылығы техникасын сынақтан өткізу, тәжірибе шаруашылығында сол техниканы пайдалана отырып өндіріске жаңа технологиялар мен машиналарды енгізу, еңбек өнімділігін арттыру. Сондай-ақ оларды өз аймағында насихаттау, семинарлар мен курстарды, жаңа техника көшірмелерін өткізу. Мұндай ауқымды жұмыстың барлығы осы ауылда жүзеге асты. Станция құрылған кезден бастап аймақтағы күріш өндірісіне, суармалы егістікке, мал шаруашылығына арналған жаңа техника мен кешендерді, технологияларды сынайтын, оны насихаттап өндіріске енгізетін республика бойынша бірден-бір кәсіпорын болды. Онда жүзден астам инженер-техник, өндіріс мамандары жұмыс істеді.

МИС-те сынақ қана емес, әртүрлі курстар болды. Аймағымызға қажетті комбайнерлер осында оқытылып дайындалды. Жаңа техника мен технологияларды пайдаланып, инженер-техник кадрларды, механизаторларды қайта дайындайтын тұрақты курстар жоспарлы түрде өткізілген. Сондай-ақ мұнда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысқан. Осы базаны пайдалана отырып көптеген  ғылыми диссертациялар қорғалған. Станцияны ұзақ жылдар бойы басқарған Жетібай Өндірбаев  алғашқылардың бірі болып техника ғылымдарының кандидаты атанды. Жалпы МИС аймақтағы өз өндірістік жоспары бар, дамыған, іргелі, алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі болды.

1979 жылы машина сынау станциясы,  «Талдыарал», «Лесхоз», «Қалғандария»  елді мекендері  қосылып  «Октябрь»  ауылдық  советі құрылды. Орталығы  машина  сынау  станциясы  болды. 1997 жылға  дейін ауыл Сырдария  ауданының  құрамына кірді.  1997  жылы  Қызылорда қаласы «Ақжарма»  ауылдық  округі  болып қайта  өзгертілді. Округтің құрамына Баймұрат батыр және «Талдыарал» елді мекені кірді.

Ең алғаш әкім болып Мұқашбек Айходжаев  тағайындалған. Мұнан кейін Бақберген Қонысов, Бақыт Өндірбаев, Ибрахим  Исмайлов, Сәбит Серікбаев, Ақылбек Арыстанов,  Еркін Ақшалов, Асқар  Әділбеков, Жұмабек Алиев басқарса, қазір ел тізгіні Саттар Әбдіреевтің қолында.

Тоқырау жылдары тұралап, дамуы тежелген ауылдың қазір тамырына қан жүгірген.

Ынтымағы жарасқан

Бүгінде Баймұрат батыр ауылы − бірлігі мен ынтымағы жарасқан құтты мекен. Ауылға кіргеннен ауқымды жұмыстардың жасалып жатқанын байқадық. Бізді ауылдық округ әкімі Саттар Әбдіреев қарсы алып, елдің тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Округ халқының саны − 2386 адам. Жұмыссыздар саны  37 болса,  520 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.  Ауыл әкімінің айтуынша, мұнда оң шешімін тапқан мәселелер жетерлік.

− Елдің әлеуметтік ахуалы бірінші орында. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай ар сақта, оны біл» деген сөзі бар. Халықпен етене араласып, ауылды түлету жолында қызмет жасап жатырмыз. Сол бірліктің арқасында түйткілдер кезең-кезеңімен шешімін табуда, − дейді ауыл әкімі.

Бізді ауыл халқының еңбекқорлығы қуантты. Ауылды аралау барысында қатарымызға қосылған қоғамдық кеңес төрағасы Есентай Ізтілеуов ағамыз да елдің жайы туралы ойымызды құптай кетті.

− Мұнда келгеніме 30 жылдай уақыт болды. Ауыл әкімдігінде маман, одан кейін инженер қызметінде жұмыс жасап, зейнетке шықтым. Жағдайымыз жаман емес, жылдан жылға жақсарып келеді. Елдің іші тыныш, ұрлық-қарлық жоқ. Жастарымыз бос жүрмейді. Бірі ауылда, енді бірі қалаға қатынап жұмыс жасайды. Бәрінің өз тірлігі бар. Халықтың татулығы, жағдайының жақсы болуы − атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі, − дейді ардагер.

Жол, жарық және тазалық

Мұндағы толымды істердің бірі – көшелердің жөнделіп, жарықтандыру жұмыстарының қолға алынуы. Мәселен, биыл 19 көшеге қиыршық тас төселуде. Оған 367,9 млн теңге қаржы бөлінген. Ал «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде «Талдыарал» елді мекенінің 1 көшесі жарықтандырылды. Сондай-ақ «Шіркейлі» каналының Баймұрат батыр ауылына аяқсу келетін үлкен сағасына  жаңадан құбыр салынды. Одан бөлек, газдандыру бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде 1 млрд 366 млн теңгені құрайтын жоба басталып кеткен, 2025 жылы көктемде аяқталуы тиіс. Бірақ  «СМП Кызылорда» ЖШС  жұмысты жыл аяғына дейін аяқтауға уәде етуде. Демек жаңа жыл қарсаңында баймұраттықтар «көгілдір отынның»  игілігін көрмек. 

− Қазіргі уақытта 2 көшеге жаңадан асфальт төсеу және 1 көшенің жолын қайта жаңғырту үшін  «ТМ Проект Строй» ЖШС-мен бірлесіп жобаның сметалық құжаты  дайындалуда. Сонымен қатар ұзындығы 3,15 шақырым болатын 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолы мен 1 көшеге жарық бағаналарын орнату, аяқсу жүйесіне науа  тарту үшін құжат дайындалып, республикалық бюджетке ұсынылды. «Талдыарал» да назардан тыс қалмайды. Ол жақтағы халық жаңадан қоныстанған аумаққа су тарату насос станциясы құрылысын бастау жоспарда бар. Құжаттары да сараптамадан оң қорытынды алып, бюджетке ұсынылды. Мұнан басқа, қос ауылдағы балалар ойын алаңдары жөнделді,  − дейді Саттар  Әбдіреев.

Айта кету керек, өткен жылы «Ауыл − ел бесігі» жобасы аясында 2,85 шақырым болатын Тоғай, Тоғай-2, Қырман  көшелері,  «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде М.Мәметова, А.Құнанбаев көшелері жарықтандырылды. Баймұрат батыр ауылына 3 аялдама, «Талдыарал» елді мекеніне 2 аялдама, жол белгілері орнатылды. Балалардың қауіпсіздігі үшін спорттық ойын алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, жаңадан көгал (газон) төселді. Бұл ауылдың кішкентай балғындарына үлкен қуаныш сыйлады.

Баймұраттықтар тазалыққа да ерекше мән берген. Ауылдың жасыл желекке орануы − тұрақты жұмыстың атқарылып жатқанының көрінісі. Абаттандыру жұмысына тұрғындар да белсене араласады. Бұл халықтың көгалдандыруға бейжай қарамайтынын білдіреді, бір жағынан кейінгі ұрпаққа көрсеткен тәрбиесі болса керек. Ауыл ішінде жайқалған бақ бар. Бір кездері қараусыз қалған. Кейінгі бір жылдың көлемінде айналасы қоршалып, 500-дей Сыр талы мен терек егіліп, қайта түлеген. Бүгінде дендропаркке айналған.

− Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Расымен де саялы ағаш егіп, атадан балаға мирас ететін бұл дәстүр өз өміршеңдігін жойған емес. Жыл сайын жаңадан ағаш отырғызу көктем мезгілінде басталып, қара күзге дейін жалғасады. Келер жылы да жоспарда бар. Бағбандыққа жақын болған соң парктің қалпына келгеніне қуандым. Тал егу ауылдың сәнін келтіріп, тұрғындарға таза ауа мен жақсы көңіл-күй сыйлап қана  қоймайды, бұл – сауапты іс,− дейді ауыл әкімі.

Қолдау барда  нәтиже айқын

«Ақжарма» ауылдық округіндегі ілкімді істердің қатары мұнымен толастамайды. Биылғы жылдың басты жаңалығы – жаңа дәрігерлік амбулаторияның халық игілігіне берілуі. Бұған дейін жеке кәсіпкер Қайрат Орынбасарұлының қолдауымен  150 орындық Мәдениет үйі  салынып, пайдалануға берілген еді. Сондай-ақ  «Талдыаралда» тренажерлық жаттығу спорт алаңының жұмысы толық аяқталды. Алдағы уақытта демеушілердің дем беруімен тағы бір жоба жүзеге асатын болады. Ол – жабық спорт кешенін салу. Қазіргі уақытта жоба-сметалық құжаты дайындалуда. Айта кететін жайт, ауылдағы мешіт те кәсіпкер Марат Бақбергеновтің демеушілігімен салынған.

Баймұраттықтар мемлекеттік бағдарламалардың да игілігін көруде. Мәселен, өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен бір кәсіпкердің жобасы қолдау тапса, «Аграрлық несие корпорациясының» жастарды қолдау бағдарламасы аясында да жас кәсіпкер ісін бастауға мүмкіндік алды. Оған қоса «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы  мал шаруашылығын дамытуды көздеген кәсіпкер Самат Дүйсенбай 3,5 млн теңге көлемінде қаржыға ие болды. Ал «Еңбек» бағдарламасы бойынша грантқа 8 адам өтініш беріп, оның 2-уі қолдау тапқан.

− Биыл да бұл жұмыстар жалғасуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 4, қайтарымсыз грантқа 2 жобаның құжаттары ұсынылуда. Егер оң шешімін тапса, мал шаруашылығы, өндірістік бағыттағы жобалар жүзеге асатын болады, − дейді Саттар Бейбітұлы.

Ауылды аралағанда наубайхана ісін жандандырып, кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіпкердің үйіне жол түсті. Онда берекелі істен несібесін айырған жанның жұмысымен кеңінен таныстық.

− Нанның бірнеше түрін, тәтті тоқаштар жасап сатамын. Мемлекет тарапынан берілетін 1 млн 225 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болдым. Осы ретте ерекше тоқталып айтқым келеді, кәсіп бастаймын деген жандарға көптеген көмек қарастырылған. Бұл жастарды жұмыспен қамтуға, бизнес қаржылық сауатын жетілдіруге, ел экономикасын дамытуға жол ашуда,– дейді Инабат Құсейінова.

Расымен кәсіп бастаймын деген азаматтарға қолдау көп. Тек іс бастауға ілкімді  жоба ұсынсаң болғаны.

Білім мен мәдениет

Еліміздің бәсекеге қабілеттілігі халықтың білім мен мәдениет деңгейіне тікелей байланысты. Білім бар жерде  жарқын болашақ бар. Осы ұстанымдағы ауыл халқы жастардың тәрбиесімен қатар біліміне, мәдениетіне ерекше ден қойған.

«Ақжарма» ауылдық округінде екі мектеп бар.  Екеуінде 466 оқушы  білім алуда. Биыл 18 бала бітіріп, оның 16-сы грант жеңіп алса, 3 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған. Білім грантын иеленуде №218 білім ордасы қала мектептері арасында екінші орынға шығып отыр. Бұл − ұядай ғана ауыл үшін үлкен жетістік. Мұны ауыл халқы білікті ұстаздар мен мектеп ұжымының  ынтымағының арқасы деп түсінеді.

Округте мәдениет үйі, 35941 дана кітап қоры бар №9 және №10 кітапханалар  жұмыс жасауда.  Бүгінде кітапхананың 1355 тұрақты оқырманы қалыптасқан. Ал «Ақжарма» мәдениет үйінде 5 үйірме, 15 қызметкер халыққа қызмет жасауда. Үйірмелер қатарында «Сыр орда» вокалды аспапты ансамблі, «Сәулем-ай» әжелер ансамблі, ән-әуен, көркем сөз оқу, «Мерей» би үйірмелері бар. Үйірме мүшелері түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, алдыңғы орындардан көрінуде.

− Мәдениет үйінде жыл басынан бері ауқымды іс-шаралар өткізіліп келеді. Мәселен, ауыл имамы мен жастардың дөңгелек үстел кездесуі, «Қыз сыны» байқауы, қалалық ардагерлер ұйымының семинары, концерттік бағдарламалар мен байқаулар өтті. Жасөспірімдер мен бүлдіршіндердің уақытын тиімді өткізу үшін үнемі қызықты фильмдер мен мультфильмдер көрсетілімі ұйымдастырылады. Бұқаралық спорт түрінен грек-рим күресі жақсы дамуда. Жастардың жетістігі көп. Халықаралық деңгейге шығып, жүлдемен оралуда.  Осындай жұмыстардың нәтижесі болар, ауыл балалары да бір-бірімен тату, − дейді ауыл әкімі.

Міне, біз көрген қос елді мекеннің тыныс-тіршілігі осындай. Ауыл халқының көңілі мен пейілі даладай кең. Қызу тірлік, жайқалған жасыл желек, балалардың алаңсыз ойыны, халықтың кішіпейілдігі ауызбірліктің бекем екендігін көрсетті.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<