Арал: Айдынды өлкенің алтын арқауы

990

0

Облыс тарихы жайлы толғау тым қиын. Арғысын айтпағанда,  құрылған уақыты – 1938 жылдан бері қозғасақ та том-том дүние шығары хақ. Мысалы, бас шаһар – Қызылорда қаласында дәл осы 85 жылдың белесі бедерленген дүние өте көп. Жазбалар да жетерлік. Сол дәуірден сыр тартар суреттер де мол. Ал дария бойын жағалай қоныстанған жеті жұрт – жеті ауданның құжат жүзінде құрылу мерзімі де ғасырға жуықтайды. Әрине, биылғы облыстың 85 жылдығында аймақ тарихында өлшеусіз орны бар аудандардың өткені мен бүгінін ұмытсақ, қиянат болар еді. Осындай оймен біз сапар басын алдымен Аралға бұрдық.

Құжатқа сүйендік. Көп дүниеге қанықтық

Облыс тарихымен байланыстырмас бұрын, Арал ауданының құрылуы тым әріде екенін айтсақ дейміз. 1938 жылға дейінгі архив парақтарында Арал жайлы мәлімет жоқ емес. Орта Азия Республикасы шекараларын межелеуге байланысты Қазақстан әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы анықтамада көрсетілгендей, 1921 жылы 1 қазанда Сырдария облысының құрамына 7 уезд кірген. Олар – Әулиеата, Қазалы, Мырзашөл, Ташкент, Түркістан, Шымкент және Перовск. Бұның ішінде Қазалы уезіне Арал болыстығының кіргендігі, орталығы  Арал поселкасы болғаны айтылады. Жалпы сол уақыттары Қазалы уезіне 15 болыстық қараған.

– 1927 жылы 17 қаңтарда Қазалы уезі таратылған, – дейді бізбен тілдескен «Арал ауданы архиві» филиалының қор сақтау қойма меңгерушісі Қасым Арынғазиев. – Оған қарасты болыстықтар біріктіріліп, осының негізінен Арал мен Қамыстыбас болыстығынан Арал ауданы құрылады. 1930 жылдың 17 желтоқсанындағы Қазақ Орталық атқару комитеті Президиумының «Жаңадан аудандастыру» туралы қаулысына сәйкес, Арал Қызылорда өңңірінің құрамына кірген 6 ауданның бірі болды. Ал 1932 жылы Арал ауданы Қазақ Орталық атқару комитетінің 8 шақырылған ІІ сессиясының қаулысымен құрылған Ақтөбе өңірінің құрамына берілген.

Аудандық архивте сан жылдар бойы еңбек еткен, архив саласының үздігі Болатбек Қуатовтың айтуынша, 1938 жылы 15 қаңтарда Қызылорда облысы құрылған соң аудандар бөлініске қайта түседі.

– КСРО Жоғарғы Кеңесі сессиясы шешімімен Қазақ ССР Президиумы Орталық Кеңесінің 1938 жылғы 15 қаңтардағы «Облыстардағы аудандық әкімшілік-аумақтық бөліну» туралы қаулысына сәйкес, Ақтөбе облысынан Арал, Оңтүстік Қазақстан облысынан Жаңақорған, Қазалы, Қызылорда аудандары бөлініп, Қызылорда облысы құрылды. Біздің Арал 1938 жылы 15 қаңтарда Қызылорда облысының құрылуына байланысты солтүстік батысында орналасқан аудан болды. Ал кейінірек, дұрысы, СОКП Орталық комитетінің 1962 жылғы қарашадағы пленумының шешімі негізінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі 1962 жылдан бастап өндірістік қажеттілікке орай кеңес органдарын тарату және республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісін өзгерту жөнінде бірнеше өкім қабылдады. Сол жылы құрылған Оңтүстік Қазақстан аймағына Жамбыл, Қызылорда, Шымкент облыстары қараған. Осыған байланысты 1962 жылы Арал ауданы қайта таратылып, Қазалы ауданына қосылды, – дейді Болатбек Қуатов.

Түрлі шешім арқасында басқару аймағы бірнеше рет өзгерген аудан екі жылдан соң Қазалыдан қайта ажырады. Біздегі мәлімет бойынша, ауыл шаруашылығын мамандандыру, аудандық звеноларды колхоз-совхоздарды жақындастыру, сонымен қатар елді мекендерде мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді жақсарту үшін 1964 жылдың соңында облыстағы аудандарды қайта бөлу басталған. Сол жылы 22 қазанда Еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық кеңесі және оның атқару комитетінің №322 шешімімен Арал ауданы қайта құрылды.

Балықшы ел: Бұрынғы мен бүгінгі

Ауданның әр жылдағы құрылу тарихын сөз еттік. Енді аймақ дамуына қосар үлесі аз емес Аралдың іргетасын қалаған бұрынғылар, оның ісін ілгері жетелеген буын мен сол ағалар дәстүрін жалғаған кейінгілердің игі ісін аз-кем түгендемекпіз.

Тарихты сөз ете келе, Арал жайлы бәзбіреуден сұрай қалсаңыз, алдымен балық пен тұзды айтар еді. Бұл – қалыптасқан дағды. Бір кезде көлемі жағынан төртінші орын алған теңіздің бүгінгі жағдайы айтпаса да түсінікті ғой. Дегенмен де «бар несібем адамзатқа» деген Аралдың әлі де берері жоқ емес. Тек соны бағалай білу керек!

50-60 жыл бұрын Арал жағасында балық аулау кәсібіне байланысты 2 комбинат, 10 зауыт, 70-ке жуық балық қабылдау бекеті болғанын кейінгілер білмеуі мүмкін. Қолда бар мәліметке сүйенсек, 1970 жылға дейін теңізден 30-дан аса балық түрі ауланыпты. Бүгінде қарасы көрінбейтін бекіре де осы теңізде ойнақ салды. «Қызыл кітапқа» енген қаяз, салмағы кішігірім тайыншадай ірі жайын да осында жүзді. Ақбалық, сазан, мөңке, шабақ, дөңмаңдай, шортан, торта мен тыран, алабұға сияқты түрлері тіпті мол болыпты. Бүгінде теңіз жағалай отырған көп ауылдың тілімен айтсақ, «алтын балық» саналатын, бағасы да құнды, Еуропаға бірден-бір экспортталып отырған тісті де – Аралдың бір байлығы. Енді біз өз уақытында арнасынан асып, ең терең жері 68 метр, ұзындығы 426, ені 284 шақырым болған теңіздің бұрынғы һәм бүгінгі тіршілігін баяндап көрелік.

Жалпы Арал теңізінде балық өсіру және аулау барлық уақытта үкімет назарында болғаны белгілі. 1925 жылы құрылған Арал мемлекеттік балық өнеркәсібі тресі теңіз байлығын игеру, аулау, өңдеу жұмыстарымен тікелей айналысты. Сол уақытта балық зауыттары мен цехтар түгелдей осы трестің құрамында болды.

Деректерде 30-жылдары Арал маңайында 38 балық колхозы болғаны айтылады. Ал теңіздің тасып тұрған дәуренінде, яғни, 1940-1950 жылдары 8 мың балықшы, 6,5 жұмысшы мен қызметкер еңбек еткен. Балық аулаумен айналысатын елді мекендерде 20 мыңнан астам тұрғын тіркеліпті. Ондағы балықшылар жыл сайын аулау межесін ұлғайтып отырған. Жалғыз теңіз ғана емес, дария мен Қамыстыбас, сондай-ақ аудан территориясындағы Ақшатау, Қаракөл, Райым, Жалаңаш, Шөмішкөл, Қотанкөл, Тұщыкөл, Қарашалаң, т.б. көлдерден балық ауланған. Тіпті соғыстың ауыр жылдарында біздің балықшылар 23430 тонна сапалы балықты Отан қорғаушылар мен туысқан республикаларға көмек ретінде жіберген. Ал 30-жылдары Мойнақ пен Арал қаласында салынған консерві зауыты жылына 6 миллионнан астам консерві шығарғанын баса айтуымыз керек.

Тағы бір айтатын нәрсе, 1925 жылы Арал кеме жөндеу шеберханасының орнына жаңадан механикаландырылған қуатты зауыт салынды. Жыл сайын өз мүмкіндіктерін жетілдірген зауыт 1932 жылы қуаттылығы 300 аттың күшіне тең «Ким» пароходын жасаған. Зауыт 1992 жылы атауын өзгертіп, «Арал вагон жөндеу зауыты» болып аталды.

Бір жақсысы, қазіргідей емес, сол уақыттағы отырықшы балықшылар наурыз айынан бастап тамызға дейін көл мен дариядан балық сүзбепті. Уылдырық шашып, көбеюіне мүмкіндік берген. Мұндай кезде олар көшіп жүріп, теңіздің Қаратүп, Жыңғылтөбе деген жерлеріне ау төккен.

Тағы бір біле жүретін нәрсе, балықшылар жылдың әр мезгілінде аулау құралдарын өзгертіп отырған. Олар жылым қайық, ау қайық, қабадан қайық, қыс жылым, жаз жылым, күз жылым, кермеше, сазан ау, тыран ау, торта ауды пайдаланды.

Теңіз тарихында балықтың қыста да, жазда да ауланғанын айттық. Мысалы, желтоқсан туысымен балық Қамбаш көлінен ауланған. Бұл көл сол кездегі барлық балықшы колхоздарға ортақ болғандықтан, өзара бөліс арқылы ау салынды. Сол әрбір колхоз 1945-1960 жылдары Қамбаштан 400-500 центнерден балық аулапты. Сондай-ақ ең өнімді балық беретін көлдердің бірі – Ақшатау. Терең әрі мұндағы ауланған сазан балығының сапасы да жоғары болған.

Арал балықшылары 50-жылдардың басына дейін ауланған балықты түйе және ат шанамен тасыпты. 60-жылдардың басынан бастап қыста машинамен, жазда қайықпен жағалауға жеткізген.  Мұзқалада қатырып, цех пен зауыттарға бұзылмаған күйде жеткізу қатаң қадағаланған.

Осы салада тер төгіп, ерен еңбегін аямаған балық шаруашылығының майталмандарын көптеп айтуға болады. Аралдан шыққан 16 Еңбек ерінің ішінде балық кәсібі бойынша үш адамның есімі аталады. Төлеген Әлімбетов, Ұштап Өтеулиева, Бақыт Рысқалов. Сондай-ақ 8 адам Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болды.

Балық өнеркәсібінің қалыптасуы мен дамуына аға буын – Уәйіс Қосымов, Мақсұтқали Демесінов, Сейілхан Айсауытов, Ералы Әкімов, Ұлбибі Балымбетова, Тілеген Қалиев, Тілеулес Жаппасбаев, Әбжан Жантекеев, Хамит Мұсағалиев, Құдайберген Саржанов, Жалғасбек Сәпиев, Бәйділдә Жиенбаев сияқты азаматтар бар күш-жігерін аямады. Кейінгі ұрпақ тағзым етіп, тәлім алатындардың қатарына Бегімбай Қосаев, Өтеп Өтеғұлов, Шымберген Сүйеубаев, Жетпісбай Байбосынов, Қали Құмаров, Маханбет Келімбетов, Әбжан Жантекеев, Қыстаубай Ембергенов, Әбдіғани Жүсіпов, Жақсат Есімов, Төлебай Орынбаев, Берекет Омаров, Өмірзақ Рахметов, Сахитжан Сермағамбетов, Қаналы Әлімбетов, Дәуқара Аймағамбетов, Нарғали Демеуов, Дүйсенбі Қалабаев және Күлпаш Бисенова сияқты еңбегімен елге жаққандарды айтсақ болады. Иә, бұл тізімге енбей қалғандары қаншама?!

Теңіз байлығын игеруде ерекше еңбегі үшін үш Социалистік Еңбек ерінен бөлек, үш балықшы «Ленин», 8 балықшы «Еңбек Қызыл ту» орденін алды. Сондай-ақ «Еңбек даңқы», «Құрмет» белгісі, «Балық шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер» атағымен, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, түрлі бағалы сыйлықпен марапатталғандар аз емес.

Бір өкініштісі, балық шаруашылығы 1990 жылдардан бастап тоқырауға ұшырады. Балықшылардың қарашаңырағы – «Аралбалық» комбинаты өмір сүруін тоқтатты. Жекешелендіру желеуімен аудан атын әлемге танытқан кәсіпорын жаңа заман көшіне ілесе алмады. Ата-кәсіптің берекесімен бой көтерген, талай азаматтың маңдай тері сіңген, дәстүрі мен тарихы жазылған комбинат солай тараған еді.

Экспорт әлеуеті

Балық шаруашылығы – дария жағалай қоныстанған елге ежелден сіңісті кәсіп. Тәуелсіздік жылдары теңіз төскейіндегі тіршілік нарыққа бейімделгендей болды.

Мәліметтерде Сыр өңірі 60-жылдары балық шаруашылығы бойынша республикада алдыңғы қатарда болғанын айтады. Кейін теңіз тартылды. Балық аулау божырай бастады. Тіпті жоғарыда айтқандай, балық аулап, оны өңдейтін кәсіпорындар мен шаруашылықтар жабылды. Балықшылар басқа өңірлерге көшіп кетті.

Мойындау керек, егемендіктің алғашқы жылдарында өңірде балық аулау тым қарқынды бола қоймады. Өйткені, бұрынғыдай шалқыған теңіз жоқ. Бірақ Арал өңірі үшін ең маңызды болған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы іске асқан соң, бұл саланың біртіндеп дамығаны рас. Шынымен де теңіз суының тұздылығы 30 мгр/л дейін өсіп, балық аулау мүлдем тоқтайтын деңгейге жеткенін мұнда ешкім де ұмытқан жоқ. Бір ғана мысал, 2000 жылы Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна балық ауланды. Онда да бір ғана түрі, камбала балығы еді. Егемендіктің басында осынша ғана ауланып келген балық көлемі қазір 20 есеге өсіп, бүгінде 8 мың тоннаға дейін жетті.

Тасыған теңізде балық зауыты мен комбинаты көп болды дедік. Қазір де жоқ емес. Аралда 9 балық өңдеу зауыты бар. Бұлардың жылдық қуаты 24 мың тоннаға жуықтайды. Осы 9 зауыттың ішіндегі бесеуі балықты терең өңдеумен айналысады. Олар – «Agrofish 2020», «Арал СДО» ЖШС, «Камбала балық» балықшылар өндірістік орталығы, «СДО Қарашалаң» және «Aral seafood» ЖШС. Ал қалған «Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш», «Zhalgasbay» сияқты шағын зауыттар балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жұмыстарды атқарады.

Мойындау керек, балық аулау және оны экспорттауда Арал ауданының үлесі басым. Жыл сайын 7-8 мың тоннадай балық ауланып, өңделеді. Ал оқырманға бұған дейін белгілі, Аралдың балығын Еуропаға артып жүрміз. Әрине, белгілі бір талапқа сай экспортталады. Соның бірі – Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісі. Бұл екі-ақ кәсіпорында бар. Атап айтсақ, «Agrofish 2020» және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС. Ал аудан бойынша 2020 жылы  2427, 2021 жылы 2722, ал былтыр 3266 тонна балық өнімдері өзге мемлекеттерге шығарылған. Аралдан шыққан балық Ресей, Польша, Әзербайжан, Германия, Грузия, Нидерланды, Венгрия мемлекеттеріне жөнелтілуде.

– Ең дәмді балық Аралдыкі. Уақытында әкелеріміз жылына орташа есеппен 20 мың тоннаға дейін балық аулаған. 70-жылдан бері қарай теңіз суы тұзданып, ашыған соң балық біртіндеп жоғала бастады. Бекіре, қаяз, майбалық сияқты түрлері құрыды. Ал мына «Көкарал» бөгеті түскен соң су қайта тұщыланып, көл мен дариядағы балық теңізге қайта түсті. Тұздылығы азайған соң балық саны да көбейеді емес пе?! Бұл – балықшы ағайынның нағыз қуанышы еді. Оның үстіне 1996 жылы «Аралдан Каттагетке дейін» атты халықаралық Дания-Қазақстан жобасымен ащы суда өсетін камбала балығын аулаудың қыр-сырын даниялық әріптестерден үйреніп, соған машықтандық. Иә, сонау 70-жылдары теңіз тартылып, тұздана бастағанда мұнда камбала балығы жіберілген болатын. Кейін даниялықтардың әдісімен камбала ауланып, кейбір балықшылар өз кәсібіне қайта оралғаны бар. Аудан төңірегінде балық зауыттары, цех, мұздатқыштар қайта ашылды. Қазір теңізден ауланатын 20-дан астам балық түрі бар. Экспортқа тістіден филе дайындап, қақталған, ысталған тыран мен торта және қылышбалықты дайындап жүрміз, – дейді балық шаруашылығының ардагері, Арал ауданының Құрметті азаматы Әділбек Әйімбетов.

Айтпақшы, теңіз байлығын сақтауда атқарылып жатқан шаруалар жоқ деп мүлде айта алмаймыз.  Аудан территориясына қарасты питомник пен кейбір тоғандар бұл үдеден шығып келеді. Балықты көбейту мен өсіруге ынталы жеке кәсіпкерлер де аз емес.

Ауданға қарасты Қосжар ауылында «Қамыстыбас балық өсіру питомнигі» мемлекеттік мекемесі бар. Бұл – облыстағы мемлекеттік тапсырыспен Арал өңірі, Сырдарияның төменгі құйылысындағы балық аулау кәсіпшілігіне ыңғайлы табиғи су қоймалары мен көлдерге шабақ жіберумен айналысатын жалғыз мекеме.

Айта кетейік, Қосжар ауылы 57 жыл бұрын құрылған. Анығында 1966 жылы 5 наурызда Қамбаш көлінің жағасынан теңіздің тартылуына байланысты балық өсіру питомнигінің құрылысы түсті. Мақсаты – теңізден азайып бара жатқан асылтұқымды сазан, дөңмаңдай, ақ амур секілді балық түрлерін сақтау, көбейту, өсіру. Питомник түскесін, жұмысшы қажет. Жақын маңайдағы ауылдан көшіп келушілердің көбейген кезі де осы тұс. Міне, бір питомниктің арқасында бір ауыл осылай пайда болған деседі. Ал Қосжар деген атауға келсек, көл жағалай арасы шақырымға жуық екі жар бар. Дәл ортада ауыл орналасқан. Қосжар атауы жер бедеріне байланысты берілгені осыдан-ақ белгілі.

– 1965 жылы осында көшіп келдік. Сол кезде балық өсіретін тоғандар салынып жатты. Мекеме әлі жұмыс бастамаған кез. Сонда 5-6 үй ғана болды ғой. Күлмаш, Бимаш, Сүлеймен дейтін ақсақалдардың шаңырағы отырды. Қамбаштың бер жағында көне колхоздың ізі бар. «Сталин жолы» деп аталды. Сол елден де адамдар көшіп келді. Бес-алты жылдан соң мектеп, медпункт салынды. Дәуқара Аймағамбетов басшылыққа келген жылы осы Қосжарда шиферлі там көбейген. Қазір бұл ауылда 100-ге жуық шаңырақ бар. Біраз азамат сол балық мекемесінде, одан бөлек, мектеп пен балабақша, әкімшілік пен клуб үйінде қызмет істеп келеді, – деді бізбен кездескен балық шаруашылығының ардагері Шарап Байбосынов ақсақал.

Қария өмірінің көп бөлігі питомникпен байланысты. Осы саладан зейнетке шыққан оның әлі де балық өсірушілерге үйретері көп. Бір қызығы, онда «жоғары білім», «диплом» деген нәрсе болмапты. Сірә, сол қатырма қағазды бұрынғы басшылар да керек етпеген сияқты. Шарап ата питомникте жай жұмысшы болып бастап, балықты қолдан көбейтудің жолын тәжірибе жүзінде үйренген. Сонысымен питомникте бас балық өсіруші деген лауазымға дейін өскен. Дала академиктері осылай пайда болған ғой.

Питомниктің тағы бір бөлімшесі Қаратерең ауылына қарасты «Тастақ» елді мекенінде де жұмыс істейді. Екеуінде де арнайы инкубациялық цехтар бар. Оның бірі гуманитарлық көмек арқылы Израильден әкелінген. Қазір мұнда балықтың үш түрі өсіріледі. Ақ амур, дөңмаңдай, тұқы. Бұлар өте бағалы балықтар қатарына жатады. Балықты өз уылдырығы арқылы ұрықтандырып, арнайы уылдырық шайқау цехы арқылы күтіп-бапталады. Питомник жанындағы тоғандарда бір жаздық шабақтың салмағы күзге дейін 20 граммға жеткізіледі. Құрама жем беріліп, өсіп-өнуіне еш кедергі жоқ. Осылай арнайы күтімге алынған шабақтар теңіз бен жақын маңайдағы көлдерге қыркүйек айында жіберіледі. Сондай-ақ су айдындарын жалға алып отырған табиғат пайдаланушылар да питомниктен шабақ алып, өз көлдеріне салуда.

Айтпақшы, былтыр облыста «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» бекітілген болатын. Бұл бойынша Арал ауданына қатысты тауарлы балық өндірісін ұлғайту үшін 7 көл тізімге енген. Атап айтатын болсақ, «Ақшатау-Сорғақ», «Домалақ», «Тұщы», «Қаракөл», «Алаша», «Ақбілек» және «Шөмішкөл» көлі.

Қуанарлығы, балықшыларға деген құрмет те жыл сайын артып келеді. Оның дәлелі ретінде, 50 жылдан соң алғаш рет 2015 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен Арал өңірі балықшыларының слеті өтті. Балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ресми түрде бекітілген. Олардың мәртебесі айқындалып, жыл сайын арнайы атап өтіп жүр.

Аралдың ақ алтыны

Арал жайлы ақтарыла келіп, ондағы тұз өндірісін айтпай кетуге болмайды. Бұрынғы кеңес дәуірінде Аралдың тұзын пайдаланбаған ел кемде-кем. Қазір де ТМД мемлекеттері тұтынатын осы байлық көзі аудан орталығынан 15 шақырым жердегі Жақсықылыш кентінде өндірілуде.

Әу баста жергілікті тұрғындар көл бетіндегі тұзды қолмен жинап, балық пен етті тұздауға пайдаланған. Сатумен мүлде айналыспапты. Халық арасындағы кейбір емшілердің киелі зат ретінде адам емдеуге пайдаланғаны туралы да айтылады. Ал жалпы Арал тұзын пайдалану «Орынбор-Ташкент» теміржол құрылысымен байланысты. Осы арқылы орыс көпестері сарқылмас байлық көзін игере бастаған.

1925 жылы «Тұз» деген шағын артель құрылып, қазіргі Жақсықылыш кентінің іргетасы қаланған. Мұнда бір орта мектеп, балабақша, кітапхана, монша және аурухана жұмыс істеген.  «Тұз» артелі 1927 жылы «Сольтрест» аталады. Сол жылдары кәсіпорындағы жұмыстың барлығы да қолмен атқарылып, жұмысшылар тұзды сүйменмен қазып, вагондарға тиеді. Кейбір мәліметтерде тұзды орталыққа (Арал қаласы) түйемен жеткізілгендігі айтылады. Ал алғашқы техника – тұз қазатын комбайн 1936 жылы келген.

1958 жылы «Сольтрест» және «Аралсульфат» бірігіп, «Аралсульфат» болып аталды. Комбинат бірнеше цех – тұз қазу, өңдеу, қаптау сияқты бөлімдерден тұрды. 1993 жылы «Аралтұз» акционерлік қоғамы болып құрылғанша жылына мыңдаған тонна тұз өндіріп, мемлекет жоспарын асыра орындап отырды. Түрлі қиындыққа қарамастан 1991 жылы жылына 620 мың тонна тұз майдалайтын цехты да іске қосқан.

Жалпы комбинат басшылығы соғыс жылдарынан бастап жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына жақсы қараған. Кәсіпорынның қосалқы шаруашылығында 30 түйе болған. Сырдария жиегінде, яғни, Аманөткел ауылы қасындағы «Хан» өткелі маңындағы 35 гектар жерге жыл сайын егін егіпті. Комбинаттың өзіне тиесілі көлінде сазан, карп, ақ амур, тыран өсірілген. Ал қырдағы мал фермасында қой, жылқы, түйе бағылды. Соның арқасында жұмысшыларға арзан бағамен бақша өнімдері, картоп, ет және сүт сатылған. Жалпы комбинатта сол кездері мыңнан астам адам жұмыс істеген. Кәсіпорынның қалыптасуы мен дамуында бірнеше буын өкілдері өлшеусіз еңбек етіп, қоғамға өз үлестерін қосты. Ал комбинатта елу жылдан астам тер төккен Әбжәми Сарымсақов тұз өндірісінде Социалистік Еңбек ері атанған бірден-бір азамат еді. Бұдан өзге, бірнеше жұмысшы-кеншілер мен машинистер «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды.

Тәуелсіздікке ере келген тоқыраумен бірге «Аралтұз» комбинаты да қиыншылыққа ұшырады. Кезінде одақтың елуден астам қаласына өз өнімін жіберген кәсіпорын күрделі жағдайды бастан кешті. Сол жылдары тұз қазу 45 пайызға кеміген.

Сол қиындықты артта қалдырған аралтұздықтар бүгінде аудан өнеркәсібінің көшбасшысына айналды. Білікті басшы, тәжірибелі мамандар арқасында кәсіпорынға жаңа технология енгізілді. Өнім рыногі қалыптасып, сапаны арттыру жолында көп жұмыс атқарылды. Аралдың ақ алтынын өндіретін алып кәсіпорын кейінгі жылдары үшінші заманауи испан цехын іске қосып үлгерді.

Жалпы бүгінгі «Аралтұз» АҚ ас тұзы және техникалық тұз өндіру бойынша төрт цех жұмыс істейді. Онда 1200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Өнімнің 80 пайызы экспортқа кетсе, 20 пайызы ішкі нарыққа бағытталған. Ал былтыр кәсіпорын 1076,3 мың тонна техникалық және 301,2 мың тонна иодталған тұз өндірген.

Төрт түлікті түлетіп…

Арал ауданының балық колхоздары мен зауыттары балық аулаумен қатар, төрт түлік өсіруде де алда жүрді. Олар біріншіден, балықшыларды жұмыс көлімен қамтамасыз етсе, екіншіден, ет, сүт, жүн сияқты керектілерді өндірді. Бір ғана мысал, Тастүбек, Қаратүп, Бөген, Қарашалаң және Аманөткел сияқты балықшы ауылдарда 1000-1500 бас жылқы, 300-400 басқа дейін түйе болған.

Көнекөз ақсақалдардың айтуынша, теңіз қайтпай тұрып, Аралдың Қарақұм беткейіндегі Дөңгелексор, Сазды деп аталатын жерлерден жарты метр құдық қазса, бүкіл ауыл немесе үйір-үйір жылқыға жететін су беріпті-мыс. Малшылар жайылған мал түспесін деп күзде қыстауға көшерінде көміп, жазғытұры қайта аршып алатын көрінеді.

Архивті ақтарсаңыз, Аралда мал шаруашылығы, әсіресе, қой басын көбейтуге ерекше көңіл бөлінгенін байқайсыз. 1957 жылы аудандағы майда колхоздар біріктіріліп, соның нәтижесінде ірі төрт совхоз пайда болды. «Арал», «Қарақұм», «Приарал» және «Құланды» жылқы зауыты болып, ал 1965 жылы «Қарақұм» мен «Құланды» жылқы зауытының қой фермалары есебінен «Жіңішкеқұм» совхозы құрылыпты.

1970 жылғы статистикалық мәліметке сәйкес, ауданда 161200 қой-ешкі, 20 мыңға жуық ірі қара, 5400 бас жылқы және 8500 түйе болған. Ал 1992 жылы 141 мыңнан астам уақ мал, 8 мыңға жуық сиыр, 9480 бас жылқы, 3226 бас түйе тіркелген.

Төрт түлікті өрістетіп, одаққа танылған жылқышылар – Көшербай Дәрібаев, Балекеш Ермағамбетов, Дүзбай Есболов, Сейтмағамбет Жаналиев, Өтеген Қазанғапов, Жүсіп Кенжебаев, Мұқыш Нұржаубаев, жылқы фермасының меңгерушісі Құдайберген Сманов, шопандар – Маханбетали Ешниязов, Түкеш Тәжіғұлов, Әлмұрат Лепесов және Мұрат Шалабаев  Социалистік Еңбек ері атанды.

Мал баққан ағайынның бейнеті өз алдына бөлек әңгіме. Қыстың қытымыр аязы, жаздың ыстық аптабы шопан пен жылқышыға, түйеші мен сиыршыға оңай болмағаны белгілі. Мақаламызды белгілі ардагер журналист, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шәкірат Дәрмағанбетовтың естелігімен толықтырсақ.

– 1979 жылдың мамырында, яғни көктемнің соңғы айында «Арал» кеңшарынан 4,5 мың саулық шығын болды деген дерек бар. Осы жайлы мал шаруашылығының ардагері Жаббарберді Бержановпен сөйлескенімде сол уақыттағы оқиғаға қанық болдым. Ол жайлы мақала жаздым да. Бержановтың айтуынша, мал төлдеп, қой қырқылып жатқан мезгіл екен. Кешкілік күн суытып, қатты борасын болады. Қойлардың дені қырқылған. Мұндайда тоңған қой қоршауды бұзып, ыққа жөңкілуі мүмкін. Ол үшін тыным бермей қозғау керек. Сол уақытта отарды әр үйдің қорасына бөліп қамап, аман қалдырған. Бержановтың өзі басқаратын фермадан 250 бас шығын болыпты. Көбісі кеңшарға қарасты екінші және үшінші фермалардан екен.  Әсіресе 2-ші фермадан өлім-жітім көп болған. Ұйтқи соққан дауылда қойлар қоршауды бұзып кеткен. Шамасы он төрттей саулық отар. Тек аға шопандар Салжекен Еңсепбаев пен Жарылқап Амановтан ғана шығын жоқ. Олар отарды қалай аман алып қалған? Айтайық. Іңірде борасын басталған соң қоршаудағы қойдың жел жағына шопан Салжекен  үйдегі бар көрпе-төсекті, алаша-кілемді тұтқан да қойларды тынымсыз қозғай берген дейді. Жарылқап та сөйтсе керек. Табиғаттың «тосын сыйына» төтеп берген осындай шопандарды қалай құрметтемейсің?! – деп әңгімелейді Шәкірат ақсақал.

Ақсақалдың айтуынша, 10 жыл ферма зоотехнигі, 21 жыл ферма басқарып, яғни, кеңшар тараған 1997 жылға дейін мемлекеттік қызмет атқарып, 1976, 1977, 1980 жылдары «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен марапатталған Жаббарберді Бержановтың КСРО халық шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі бағаланып, 1980-1984 жылдары, яғни екі рет қола медалін омырауына тағады. Озаттар сапында Финляндияға аттанып, Хельсинкиден бастап он бір қаласын көру құрметіне ие болған. Кәсіподақтардың облыстық, аудандық партия конференцияларына және ауылдық кеңеске әлденеше рет делегат және депутат болып сайланады. Кеңшар тарағасын жеке серіктестігін құрып, 2005 жылы ғана зейнетке шығыпты.

– Ол уақыттары Аралдағы мал шаруашылығы көптеген жетістікке жетті. Колхоздардың бірігуінің арқасында жаңа совхоздар жаңа жерге қоныстанып, шаруашылыққа қажетті қора, жем-шөп қорын дайындауға баса мән берілетін. Білікті мамандардың арқасында барлық мал бағытындағы совхоздары ауыл шаруашылығы машиналарымен қамтылды. Асылтұқымды түліктер алынды, мал шаруашылығының өнімдері жоспарлы түрде сатылып, миллиондаған табыс әкелді. Сенсеңіз, әр совхозда мал емдейтін, ауруды алдын ала зерттейтін ветеринарлық пункттер ұйымдастырылды. Әр совхоз, оған қарасты ферма орталықтарында зоотехник, ветдәрігер, агроном, механик, экономист-есепші сияқты мамандар жеткілікті еді. Малшыларға автодүкен, ауызсу, керекті басқа дүниелер, кітап, журнал-газеттер уақытылы жетіп тұрды. Жалпы еңбек адамына деген құрмет жақсы еді. Ал мал басының көбеюі 1980-1990 жылдары болды. Бір ғана мысал, сол мен қызмет істеген «Арал» совхозы бойынша қысқа 56 мың бас аналық қой түсетін. Ал көктемде бұл көрсеткіш төлімен 80-90 басқа дейін жетеді, – дейді Арал ауданының Құрметті азаматы Жаббарберді Бержанов.

Жалпы 1960-1990 жылдары Арал ауданы бойынша орта есеппен әр жүз аналықтан 105-110 қозы, 50-60 бұзау, 70-80 құлын және 40-50 ботадан төл алыныпты. Бұл облыс көрсеткішінен де жоғары еді. Осындай табыстары үшін аудан бірнеше дүркін одақтың, республика мен облыстың сыйлықтары мен «Қызыл туларын» жеңіп алған. Расымен аға буын өкілдері сол уақыттағы жүздеген малшы мен сауыншылардың еңбегі елеусіз қалмағанын жиі айтады. Қ.Бердімағамбетов, Б.Баймағамбетов, С.Мерекбаев, Қ.Айтбаев, Ш.Демесінов, А.Оразалиева, Т.Өтепова, К.Қиянбаева, Б.Раханова, т.б. озаттар марапат биігінен көрінген. Ауыл шаруашылығын дамытуда ерен еңбегімен Талекен Сырымов, Байжан Бижанов, Рахматулла Исаев, Қоңырбай Рыстығұлов сынды білікті маман-басшылар да ел арасында құрметке ие болды.

Әрине, ол дәуірді бүгінгі уақытпен салыстыруға келмес. Дегенмен де, Аралдағы мал басы кейінгі жылдары едәуір өскен. Жеке тұрғындардан бөлек, ірі шаруашылықтар да ірі қара өсіруге ден қойған. Мысалы, былтыр аудандағы барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарында 53602 бас мүйізді ірі  қара, 83786 бас қой мен ешкі, 49309 бас жылқы, 33305 бас түйе болыпты.Ауданда мал басы 1990 жылдармен салыстырғанда сиыр, жылқы, түйе түлігі 3-4 есеге дейін өскен. Сондай-ақ кейінгі үш жылда Аралға асылтұқымды сиыр мен қой тұқымдары келген. Мұнымен арнайы 14 шаруашылық айналысып отыр.

Дамудың даңғыл жолы немесе сөз қайырым

Қош, ғасырға жуық тарих белесінде Аралдағы  балық кәсібі, тұз өндірісі және атакәсіп – мал шаруашылығы жайында сөз еттік. Өйткені, балықшы аталарымен бірге қырда мал бағып, төрт түлікті көбейткендерді ұмытуға болмайды. Ауданның 16 еңбеккері де осы салаларда Социалистік  Еңбек ері атанды. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ардақтымыз да көп.

Тарихты тым әріге шегіндірмей-ақ, бергі жағын қозғасақ та Аралда туған белгілі тұлғалар жетерлік. Республика және шетелдерде аты  танылған азаматтардың туған өлкесі бұл. Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, жазушы-ақындар Зейнолла Шүкіров, Жарасқан Әбдірашов, Шөмішбай Сариев, Мешітбай Құттықов, Қуаныш Жиенбай, Сайлаубай Жұбатыров, Молдахмет Қаназ, Бауыржан Омаров, Қазақстан Республикасының тұңғыш Премьер-министрі Ұзақбай Қараманов, білікті басшы Тәкей Есетов, өнер майталмандары Әбілхан Маханов, Құдайберген Сұлтанбаев, Елмұра Жаңабергенова сынды таланттар шыққан қасиетті жер. Жалғыз қазақ емес, бірнеше ұлт өкілі тізе қосып, тіршілік еткен, бауырмалдықтың ұясы болған аудан.

Жалпы Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл сайын көңіл қуанарлықтай. Негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика бар. Өңірде түйткілді мәселелер ретімен шешімін табуда. Мысалы, жыл басынан бері ауданға 7,7 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, өсім екі есеге артқан. Тартылған инвестицияның 75 пайызы, яғни, 5,8 млрд теңгесі  ауылдық  жерлерге, қалған 1,9  млрд теңгесі Арал қаласына салынған.

Ауданда кәсіпкерлік саласы бойынша көрсеткіш те жоғары. Құрылыс қарқыны да үдеген. «Көгілдір отын» тарту бойынша ауқымды жобалар бар. 12 мың халқы бар Сексеуіл кентін газбен қамтамасыз ету мақсатында биыл республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, электр желілерін жаңалау, көшелерді жарықтандыру ауызсу мен аяқсу мәселесі ұдайы басшылық назарында. Жолдар жаңаруда. Сондай-ақ, көптен айтылып келе жатқан, Арал қаласын екіге бөліп жатқан теміржол үстінен өтетін аспалы көпір мәселесі шешімін тауып, құрылысы басталып кетті.

Өндірісті дамытуда кейінгі жылдары жарқын жобалар жоқ емес. Ауданда «Қазақстан Аквакультура LTD» ЖШС-ның «Балықты тереңінен өңдеу және пластикалық қайық жасау» зауыты ашылып, онда 18 адам жұмыс істеуде. «Арал кварц» ЖШС-на қарасты «Кварц құмы кен байыту комбинаты» бойынша 45 адам жұмысқа тұрып, кәсіпорын байытылған кварц құмын дайындауда. Тағы бір мысал, «Жаңа Арал» ЖШС техникалық тұз өндіру цехы былтыр 46932 тонна техникалық тұз өндірген.

Білім беру ісінде аудан оқушылары талай додада топ жарып, облыс пен республикалық олимпиадаларда алғашқы орындарды алып жүр. Спортшы қыз-жігіттер аудан атын шетелге танытып, өнерлі жастар түрлі конкурстардың жүлдесін қанжығасына байлап келеді.

Білім саласы демекші, ауданға қарасты елді мекендердің көпшілігінде жаңа мектеп салынған. Еңселі ғимарат ішінде керектінің барлығы бар. Бастысы, бала біткенге сапалы білім, саналы тәрбие берілсе болғаны. Ең қуаныштысы, ел Президентінің 2025 жылға дейін 3 ауысымдық және  апаттық жағдайдағы  мектептерді жою жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Арал ауданында 2023-2025 жылдар аралығында 10 мектеп салу  жоспарланған. Ал оның төртеуі «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынбақ.

Биыл Арал ауданындағы «Тастүбек» және «Жалғызағым» елді мекендерінде медициналық бекеттер салынып, пайдалануға берілген еді.  Қазір Бөген мен Қызылжар ауылында әрқайсысының құны 400 млн теңгеге жуық қаржыны құрайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүруде. Бір мезгілде 20 адамға қызмет көрсететін медициналық орталық қараша айының соңына дейін ел игілігіне берілмек. Ал жалпы аудандағы 55 медициналық мекемеде 139 дәрігер мен 690 орта буынды маман қызмет көрсетіп келеді.

Теңіз қашқалы экологиялық ахуалдың күрделене түскені бәріне мәлім. Теңіз табанынан ұшқан құмды дауыл тонналаған уытты тұз бен шаң-тозаңды ауаға таратып, барлық тіршілікке кері әсерін тигізді. Бір ғана мысал, суы құрғаған аймақтан ұшқан құмды дауыл ұзыннан 400, көлденеңінен 40 шақырымға дейін жетеді екен. Шаңды дауылдардың радиусы 300 шақырымды қамтып тұр. Ал бүгінде табиғатты ұшқан тұз бен құм көшкіндерінен сақтайтын бірден-бір амал теңіз ұлтанына сексеуіл, сарысазан, қарабарақ сияқты галафитті өсімдіктерді егу екенін кейінгі 20-25 жылдың тәжірибесі дәлелдеп отыр.

Жалпы бұл жұмыстар өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында  басталған еді. Қазақ орман ғылыми-зерттеу институты ғалымдары ұсынған бұл жоба 1993 жылға дейін жалғасты. Сол уақытта 54 мың гектардан аса құрғаған теңіз ұлтанына біздегі барлық орман меке-мелері жұмылдырылды. Солардың күшімен сексеуіл, сарсазан, жыңғыл егілген. Еңбектің нәтижесі жоқ емес. 20,7 мың гектар сексеуіл, 11,7 мың гектар сарсазан, 1,5 мың гектар жыңғыл табиғи көбею деңгейіне жеткен.

Қазір Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 2021-2025 жылдар аралығында 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін ұлғайту жөнінде шаралар кешенін қабылдау туралы тапсырма бар. Соған сәйкес, 2022-2025 жылдар аралығында жыл сайын 250 мың гектар фитоорманмелиорациялық жұмыстар атқарылуда.

Екіншіден, мұндағы табиғат байлығын сақтауда «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының маңызы ерекше. Тұран шөлінің солтүстік және орташа экожүйелерін қорғайтын Еуразиядағы бірден-бір қорықта  түркімен құланы,  ақбөкен мен қарақұйрық мекендейді. Айтпақшы, қорық маңында орналасқан мазарлар мен көне қала үйінділері бар. Бір замандарда гүлденген қалалар мен сәулетті ескерткіштер табиғаттың тылсым күшімен су астында қалып, кейін Арал тартылған соң  теңіз табанынан табылған жәдігерлер – «Арал-асар» қонысы мен «Кердері» кесенелері де Арал тарихының тым әріде жатқанын дәлелдеп тұр емес пе?!

Иә, Аралдың бүгінгі даму деңгейіне аз-кем сипаттама бергендейміз. Шын мәнінде, теңізді өлкеде түлеген шаруа жеткілікті. Айтар да, жазар да жетістігі мұнан да аз емес. Сан сындарлы кезеңнен өткен айдынды Арал бүгінде жаңа бағытта дамып, сәулеті мен сәні келіскен мекенге айналып келеді. Теңіз маржанын сүзіп, төрт түлікті баптаған аралдықтардың еңбегі қашан да құрметке лайық. Ал біз «басты байлығым – бірлігім» дейтін осындағы жұрттың болашағы жарқын, келешегі кемел деп нық сеніммен айта аламыз.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

Қызылорда-Арал-Қызылорда

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<