Арал: Кәсіпті кеңейткен берекеге кенеледі

873

0

Арал десе, біріншіден, адамның көз алдына балық пен тұздың келетіні анық. Негізгі қыр беттегі ауылдардың тіршілігінің басты көзі – мал шаруашылығы. Теңізге жақын тұрғындардың атакәсібі – балық аулау.

Айтпақшы, былтыр ғана Арал қаласының іргетасы қаланып, қала болып құрылғанына 95 жыл толған. Мерейтойда балаларға арналған екі ойын-сауық орталығы ашылып, демеушілер есебінген 6 ойын алаңының құрылысы жүрді. Сондай-ақ, Атанши, Тоқабай, Жақсықылыш, Бөген және аудан орталығынан 5 балабақша салынды. «Балықшылар аллеясы» ашылып, пандемия кесірінен екі жыл өтпеген балықшылар слеті және Волга бойындағы халыққа 14 вагон балық жөнелткен қайырымды іске 100 жыл толуына орай үлкен мәдени іс-шараны да бірге қамтығаны бар.

Біздің жұрттың өзгенің қиындығына қол созуға бел шеше кірісетіні баршаға белгілі. Аштықтың қиын кезеңінде Арал балықшылары Волга өзенінің жағалауындағы халыққа 14 вагон балық жөнелткенінің өзі үлкен тарих. Сол балықшы аталармен бірге қырда мал бағып, төрт түлікті көбейткендер де жетерлік. Ауданның 16 еңбеккері осылайша Социалистік Еңбек Ері атанды. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батырлардың есімі ұмытылмайды. Ал тарихты тым әріге шегіндірсек, белгілі тұлғалар жетерлік. Бұл – Жанқожа батыр, Нұртуған жырау, Сартай мен Жетес бидің туған топырағы. Екіншіден, республика және шетелдерге аты танылған азаматтардың туған өлкесі. Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, ақын Зейнолла Шүкіров, тұңғыш Премьер-министр Ұзақбай Қараманов, өнер майталманы Құдайберген Сұлтанбаев шыққан қасиетті жер. Жалғыз қазақ емес, 12 ұлт өкілі тізе қосып, тіршілік еткен, бауырмалдықтың ұясы болған аудан.

Балықтан басқаға да басымдық берген

Былтыр ауданға 16,7 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Оның жартысынан астамы – жеке сектордың  қаражаты. «2021-2025 жылдарға арналған индустриялық дамудың тұжырымдамасы» аясында құны 168,7 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 1303 адамды жұмыспен қамтитын 9 жоба енгізілген еді. Қазір бұның ішінде жалпы құны 3,6 млрд теңге болатын 2 жоба іске қосылған. Онда 268 адам жұмыс істейді.

Индустрияландыру картасына қосымша 6 жобаны енгізу жоспарланған. Олар –  «Қап шығару», «Құрғақ құрылыс ұнтақтарын өндіру», «Мал бордақылау алаңы және шұжық өндіру цехын ашу» «Профлист өндірісі», «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау»  және «Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу, төсеме тастар (брусчатка) өндірісі» жобасы. Сонымен қатар, биыл бюджет қаражатының өзінен 15,7 млрд теңгеге жуық қаржыға 23 әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жобасы іске асырылмақ. Осы игі істердің арқасында кейінгі 5 ай көлемінде ауданға 4,9 млрд теңге инвестиция тартылғаны белгілі болып отыр.

Айтып отырған жобалардың барлығы теңізді өлкеде бұрын болмаған. Мал бағу мен балық аулауды кәсіп еткен жұртқа осы бастамалар үлкен қолдау болғалы тұр. Жұмыс көзі көптеп ашылып, аудан халқының ахуалына оң әсерін тигізері сөзсіз.

Кәсіпкерлік саласында Арал ауданы бойынша 6654 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Ал жалпы тіркелген кәсіпкерліктің ішінен жұмыс  жасап тұрғандарының үлесі 94,9 пайыз.

Құрылыс һәм инфрақұрылым

Ауданда жаңадан салынып жатқан ірі құрылыс нысандары жеткілікті. Су жүйесін жаңарту, электр желілерін ауыстыру, кварталішілік газ құбырларын тарту және ауызсу жүйесімен қамту сынды жұмыстардан бөлек ауқымды істер бар.  Мысалы, жақында ғана «Бөген» мен «Қызылжар» елді мекенінде дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды. «Сексеуіл» кентінде 40 орындық ауылдық аурухана жұмысы қайтадан жанданды. Сондай-ақ биыл ауданда 600 және 300 орындық мектеп салынуы жоспарланған.

Автомобиль жолдарын жақсарту мақсатында биыл 4,4 млрд теңге бөлінген. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандық маңызы бар 10 бағыттағы  жол орташа жөндеуден өтуде. Олар – аудандық  маңызы  бар «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Жаңақұрылыс», «Қызылжар-Шөмішкөл», «Сазды елді мекеніне кіреберіс»,  «Бөген-Ақлақ»,  «Қаратерең-Жаңақұрылыс», «Қызылжар елді  мекеніне кіреберіс»,  «Самара-Шымкент-Бекбауыл»,  «Аққұлақ елді  мекеніне кіреберіс», «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» және «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» жолы. Бұлар жөндеуден толық өтсе, аудандағы жақсы жағдайдағы  автомобиль жолдарының үлесін 64-тен 80 пайызға дейін жеткізуге  мүмкіндік  тумақ.

Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сексеуіл кентіндегі №231 мектептен теміржол өткеліне дейінгі автожол орташа жөндеуден өтсе, оған қоса осындағы ұзындығы 5,5 шақырымды құрайтын 6 көшені жөндеу жалғасуда. Ал «Аманөткел» елді мекенінде ұзындығы 3,4 шақырым болатын 3 көше биыл жөндеуден өтті.

Егін – елдің ризығы

Мал қайырып, теңізден маржан сүзген мұндағы ағайын егін егуге де ерінбейді. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автобаны бойындағы Ақбай ауылының тұрғындары еккен қауын-қарбыздың дәмі көпшілікке белгілі. Ал кейінгі жылдары осындай үрдісті өзге ауыл диқандары да жалғастырып жүр.

Биыл аудандағы егін көлемі екі есеге ұлғайып, 1500 гектар жер дайындалған. Былтыр Аралда 704,2 гектар егін егілген. Қазір суды үнемдеу, тиімді пайдалану мақсатында ауданның шаруа қожалықтары тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін қолдануда.

Аралдық шаруалар 21 гектар картоп, 87 гектар көкөніс, 342 гектар бақша, 700 гектарға жуық ескі және жаңа жоңышқа, сондай-ақ 352 гектар басқа дақыл түрлерін еккен. Облыс әкімінің тапсырмасымен жеке тұрғындарға бақшалық жер беріліпті. Қазір 76 гектар жерде 120-дан астам аудан тұрғыны түрлі егіс дақылдарын күтіп-баптап жүр.

Ал диқандардың өнімін сату және сақтауда кәсіпкер С.Саяновтың  сыйымдылығы 400 тоннаны құрайтын қоймасы бар. Бұған қоса ауданда сыйымдылығы мың тоннаны құрайтын қойманың құрылысы жүргізілуде.

Арал балығы әлем елдерінде

Осыдан 50-60 жыл бұрын Арал жағасында балық аулау кәсібіне байланысты 2 комбинат, 10 зауыт, 70-ке жуық балық қабылдау бекеті болғанын кейінгілер білмеуі мүмкін. Қолда бар мәліметке сүйенсек, теңізден 30-дан аса балық түрі ауланыпты. Бүгінде қарасы көрінбейтін бекіре де осы теңізде ойнақ салды. «Қызыл кітапқа» енген қаяз, салмағы кішігірім тайыншадай ірі жайын да осында жүзді. Ақбалық, сазан, мөңке, шабақ, дөңмаңдай, шортан, торта мен тыран, алабұға сияқты түрлері тіпті мол болыпты. Бүгінде теңіз жағалай отырған көп ауылдың тілімен айтсақ, «алтын балық» саналатын, бағасы да құнды, Еуропаға бірден-бір экспортталып отырған тісті де –Аралдың бір байлығы.

Арал теңізі балықшыларына қатысты мынадай бір ереже бар. Мұнда балық аулау уақыты әр жылдың шілде айынан басталады. Келесі жылдың дәл осы айына дейін белгілі бір лимит бойынша балықшылар қайық есіп, ау салып жүр. Әрине, бір жыл ішінде балық қорының табиғи көбеюі үшін уылдырық шашу уақытында теңіз не дария бетіне бірде-бір балықшы жоламауы тиіс.

Қазір Аралда балық шаруашылығын дамыту шаралары қарқынды  жүруде. Кезінде тасыған теңізде балық зауыты мен комбинаты көп болды дедік. Қазір де жоқ емес. Аралда 9 балық өңдеу зауыты бар. Бұлардың жылдық қуаты 24 мың тоннаға жуықтайды. Қосымша қуаттылығы 1,8 мың тонна болатын 12 цех бар, 31 балықшылар бригадасында барлығы 1426 адам жұмыс атқарады.

Биылғы маусымда 3,4 мың тонна балық ауланып, 1,1 мың тоннасы  өңделген. Оның 1 мың тоннаға жуығы экспортқа  шығарылыпты. Айта кетейік, Аралдан шыққан балық Ресей, Польша, Әзербайжан, Германия, Грузия, Нидерланды, Венгрия мемлекеттеріне жөнелтілуде.

Сонымен  қатар, балық өсіру  қолға  алынып, ауданда 7 тоған  ашу  жоспарланған. Былтыр оның 3-і іске қосылып, 13 адам жұмыспен қамтылды. Мысалы, кәсіпкер Аманкелді Есімовтің «Жаңақұрылыс» ауылдық округіндегі тоғанда балық өсіру жобасы. «Ақбөгет» балық тоғанының жер көлемі 100 гектар, ал тоғанның өз көлемі 56 гектар. Көл тоғанынан бөлек, қолдан өсіретін  екі балық тоғаны да бар. «Қарақұм» ауылдық округі бойынша Шалғынбай Алматбаев, «Бекбауыл» елді мекенінен Фарида Қарақұлова және «Қарашалаң» ауылынан Қанат Қарагенеев балық өсіру тоғанын құрып, өңірдегі осы салаға дем беріп жүр. Алдағы уақытта «Қаратерең» елді мекенінің тұрғыны Ә.Жанайбековке «Жарықкөл» маңынан қолдан балық өсіру тоғанын құру бағытында жер учаскесі табысталып, тиісті жұмыстар жүргізу жоспарланған.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<