Ауылға ажар берген алма бағы

584

0

Жалағаш ауданына қарасты Мақпалкөл ауылында болғанымыз бар. Мұндағы ел мал бағып, егін егеді. Ел ішіндегі «Ер-Әлі» шаруа қожалығы күріш егумен айналысып, жергілікті жұртқа жұмыс көзін ұсынып келеді.

Аталған шаруашылық 2017 жылы алма өсіруді қолға алған еді. «Құрманбай ата» деп ат берген бақтың өнімі бүгінде облыс орталығы мен өзге аудандардағы сауда сөрелерінде сатылымда.

– Әдепкіде әр жерден түйнек сала бастады. Көшеттердің бәрі алғашқы екі жылда толық жеміс бере қоймайды. Былтыр барлығы 5 гектарға егілген 12500 көшеттен 14 тонна алма жинадық. Ал биыл 15 тонна болып тұр. Демек, көшеттердің жылдан-жылға жеміс салуы көбейіп келеді деген сөз. Негізінде біз әр түптен 5-6 келіден жинап жүрміз. Ал әр алма талы 15 келіге дейін беруі тиіс. Жаз бойы менен басқа 3 бағбан осы алмабақтың бабын жасауда тер төгіп, еңбек етіп келеміз, – дейді аға бағбан Нұрбол Сейсенбаев.

Бақта алманың «Гала», «Голден», «Симиренко», «Фуджи» сорттары бар. Қазір қысқа сақтауға әбден жарамды «Симиренко» сорты қоймаға жиналыпты. Бағбанның айтуынша, осы соңғы жиналған түрі қыс бойы нарыққа сатылымға шықпақ.

Иә, ауыл-аймақта осындай кәсіптің көп болғаны өте тиімді. Жұмыс көзі ашылып, жергілікті халыққа жалақы да төленетіні анық.

Айтпақшы, бірнеше жыл бұрын осы шаруашылықты құрған Әліби Бекжанов ауыл шаруашылығының бір саласымен айналысу жергілікті жердің тұрғындарына тым аздық етеді дейді. Сол себепті алма бағын құру идеясы пайда болған. 6 гектар жерді қоршауға алып, алманың түрлі сорттарын отырғызу жұмысы әу баста осылай басталған екен.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<