Біздің туған жеріміз, кіндік қанымыз тамған киелі мекеніміз – Ақбасты ауылы орталықтан тым алыс жатыр. Елге бару үшін шамамен ауданның өзінен 200 шақырымнан астам жол жүруге тура келеді. Жол азабына да, су азабына да көндіккен мұндағы жұрт бұрынғысынша атакәсіп – мал шаруашылығымен айналысады. Қосымша нәпақасын теңізден айыратындар да бар. Міне, осы туған жерден қуанышты жаңалық жетті.
Биыл Қосаман елді мекенінен өзіміздің Ақбастыға ауызсу тарту жұмыстары басталғанын естіп, көңіл марқайып, үлкен тебіреністе жүрміз. 3 млрд теңгеден асатын қаржы республикалық қазынадан бөлінді. Құрылысты «Сапа Құрылыс 2007» мердігер мекемесі жүргізетін болды.
Шын мәнінде бұл – өте ауқымды жұмыс. Шалғайдағы ауылдың тіршілігін түлетуге жасалған қадам кезінде облыс әкімі болған, бүгінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың бастамасымен негізі қаланған болатын. Сол уақыттары «Қазсушар» РМК «Арал» СЖКБД филиалының директоры болып қызмет атқарған Имамадин Оңғарбаевтың ұсынысы оң шешім тапты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитеті бұл шаруаға жоспарлы кезеңмен қаржы бөлуге ықпал жасады. Экологиялық аймақты мекендеген елдің өтінішін аяқсыз қалдырмаған азаматтар еңбегін әдейі атап кеткенді де жөн көрдік.
Ал сүйіншілейтін екінші жаңалығымыз биылғы құрғақшылықтан кейін жарияланған төтенше жағдайдан соң іске асып жатыр. Облыстағы шұғыл шығындар есебінен төтенше жағдай аясында ауыл іргесіндегі «Бурабай» су ұңғымасын қайта қазуға 40 млн теңге бөлініпті. Аталған ұңғыма 650 метр тереңдікке дейін қазылмақ. Бұл іске асса, мұндағы халықтың қуанышы да көбейеді. Өйткені, атакәсіп – мал шаруашылығы үшін судың маңызы зор. Дәл қазір жерасты суын шығару үшін арнайы техника жұмысын бастап кетті. «Бақ Береке» ЖШС халыққа өте қажетті шаруаны сапалы бітіреді деген үмітіміз зор.
Рас, қуаңшылық қиындығын ауыл халқы көппен бірге сезініп отыр. Біз туған жерден сыртқары жүрсек те, бала күнгі аунап өскен топырақтың тозбағанын тілейтінбіз. Мойындау керек, елім деген ер-азаматтар мұндағы жұртқа қолғабысын аяп жатқан жоқ. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың ұйытқы болуымен қолға алынған бастаманың нәтижесі осындай. Аудан тізгінін ұстаған Серік Сермағанбетов те елге болсын деген қадамынан айнымаған азамат екенін көрсете білді.
Атақоныстан жеткен тағы бір жағымды жаңалық – осы кезге дейін ауызсудың жалғыз көзі болып келген ауылдың «Ащықұдығы» жөнделуде. Оған аудандық бюджеттен 5 млн теңге ақша бөлінген. Сауапты іс саналатын бұл әрекет те бітуге таяу. Аз уақыттан соң құдық қайта пайдалануға жарамақ.
Бір сөзбен айтқанда, Ақбастыдай алыс ауылға мемлекет тарапынан осындай қамқорлықтың жасалуы біздей туған жер перзенттерін бейжай қалдырмай алғыс айтуға ынталандырып отыр. Ізгілік пен елжандылықты серік еткен азаматтарға, облыс, аудан басшылығына, осы саланың ыстық-суығына төзіп келетін мамандарына алғыс білдіреміз. Абырой деген аттан түспей, халық жолындағы қызметте құрметті болыңыздар!
Арыстан ЕСЕНТҮГЕЛОВ, экономика ғылымдарының докторы,
Мүфтүлла ДАБЫЛОВ, Қазақстанның құрметті құрылысшысы,
Нұраш ІДІРІСОВ, еңбек ардагері,
Ханкелді ЖАҚЫПОВ, қолөнерші, еңбек ардагері,
Жайлаубай ЖҰБАТОВ, химия ғылымдарының докторы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<