Ажары кірген ақын ауылы

859

0

Нартай ауылы Шиелінің тап іргесінде. Атақты ақын һәм сазгер атын иеленген елде 550-дей шаңырақ тұрады. Жергілікті халықтан бөлек, өзге де ұлт өкілдеріне құтты мекен бұл. Құжат бойынша Кердері ауылдық округі болып аталатын елді мекен халқының кәсібі – күріш егу. Әрине, атакәсіптен де қол үзбеген. Мұнда 27 ауыл шаруашылығымен айналысатын құрылым болса, соның жартысы мал өсірумен айналысады. Бұдан бөлек, балық шаруашылығын кәсіп еткен қожалық та бар.

Тарихы 1928 жылдан басталатын ақын атындағы ауылдың талай дүрмекті дамуды бастан өткергені белгілі. Бірде «Коммунизм», бірде «Үлгілі» атымен аталды. Сол уақыттары алдындағы төрт түліктен бөлек, бидай, жүгері, қауын-қарбыз еккен 20-30 түтіннің бүгінде іргелі елге айналғанын бірден байқайсың. Сондай-ақ ел басқару ісінде Сыздық Боқаев, Маман Қалдыбаев, Әбен Рысдәулетов, Бәкір Мәмбетов, Ишанқұл Досымбаев, Қалжан Қоңыратбаев, Әміртай Бижанов және тағы басқа азаматтардың ауыл іргесін бүтіндеудегі еңбегі қатар айтылады.

Егіннен бөлек, мал шаруашылығын өркендеткен жұрт арасынан қой мен ірі қара өсіріп, озат атанғандар бар. Бұл – енді кеңес дәуірінде болған оқиғалар. Қой шаруашылығында Баукен Бекжанов, Нартай Көкиев көш бастаса, 1940 жылдардың аяғында күріштің әр гектарынан 120 центнерден өнім алған Маман Қалдыбаев «Еңбек ері» атаныпты. Бұл атақты жалғастырып, гектарына 129 центнер күріш жиған Шырынкүл Қазанбаева, 126 центнермен Байдүйсен Оразов және 1972 жылы гектарына 109 центнер дән алған Ұлбала Алтайбаева да Шиелі мен мен облыс мәртебесін асырғаны тағы бар.

– Ауыл жағдайы жаман емес, жыл өткен сайын қажеттілігіміз түгелденіп келеді. Әлеуметтік нысандар, атап айтсақ, Н.Бекежанов атындағы мемориалдық өнер музейі, сондай-ақ ақын атындағы мәдениет үйі мен 2012 жылы салынған мектеп, жаңа амбулатория, «Қарлығаш» бөбекжайы мен «Бал-Шырын» жеке балабақшасы және почта бөлімшесі жұмыс істейді. 2009 жылы жеке кәсіпкер Болат Сүлейменовтің демеушілігімен салынған «Арғын ата» мешіті пайдалануға берілді. Екі жыл бұрын екі қабатты, 180 орындық спорт кешенін белгілі кәсіпкер Бағлан Әшірбеков мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салып берген еді. Оған 14 адам жұмысқа кірді. Ауыл жастары кіші футбол, бокс, таэквандо, күрес, волейболмен айналысып, облыс пен республика деңгейінде жүлделілер қатарынан көрініп жүр. Қосымша спорт кешенінде фитнес залымыз да бар.

Ал биылғы жаңалығымыз, төрт көшеге жаяу жүргіншілер жолын жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жарықтандыру мәселесінде алты көшені қолға алмақпыз. Оған қатысты трансформаторларды да біртіндеп ауыстырып жатырмыз, – дейді ауыл әкімі Ғалымжан Ыханов.

Нартай ауылы екі жылдан бері «көгілдір отынның» қызығын көріп отыр. Сондай-ақ елді мекен ішіндегі 17 көше түгел асфальтталған. Ауызсу әр үй ішіне кіргізіліпті.

– Ауылдағы қандай шара болмасын, тұрғындардың ауызбіршілігімен болып жатыр. Өзіміздігі ірі шаруашылықтың бірі – «Халық» ЖШС төрағасы Халықберді Мыхановтың демеушілігімен көп игі іс атқарылып келеді. Қызметкерлеріне баспана салып беріп, қуаныш пен қайғыда да қаржылай немесе сойысқа малын беріп жатады. Өнер не спорттық жарыстарға балаларымыз баратын болса, міндетті түрде демеушілік көрсетіп жүр. Ардагерлерге тегін шөп, ақталған күріш таратып, озат еңбеккерлеріне көлік мінгізеді. Бақша егемін дейтін ағайынға жерін жыртып, аяқсуын апарып береді. Жалпы ауыл азаматтарының көпшілігі шаруашылықта жұмыс істейді. Мың гектарға жуық күріш егіп, одан бөлек, жоңышқа, бидай, картоп пен бау-бақша өсіреді, – дейді ауыл басшысы.

Ақын ауылында аудан мен облысқа танымал «Нартай сазы» фольклорлық ансамблі құрылғалы біраз уақыт өтіпті. Оған қосымша эстрадалық бағытта өнер көрсетіп жүрген, алты адамнан құралған «Шаттық» вокалды-аспапты тобы да бар. Әкімнің айтуынша, қос өнер ұжымына аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, барлық керек-жарағымен, музыкалық аспаптары және әртүрлі сахналық киіммен қамтамасыз етілген. Ал мәдениет үйіндегі түрлі өнер үйірмесіне (домбыра, қобыз, баян) қатысатын нартайлық шәкірттер шетелдік байқауларда топ жарып жүр.

Елді мекен бойынша кәсіпкерлік те қарқынды дамуда. Бүгінде ауылда 109 кәсіпкер бар. Оның ішінде шағын кәсіпкерлікпен айналысып жүргендер жеткілікті. 9 сауда дүкені, екі монша қызмет көрсетеді. 15 адам мал бордақылаумен айналысып, ет өнімдерімен қамтып отыр.

– Ауылдағы кәсіпкерлікті көбейтіп, жұмыссыз азаматтардың санын азайту үшін біршама жұмыстар жүйелі атқарылып келеді. Мысалы, былтыр 7 адам арнайы бизнес курсын оқып, сертификаты мен жобаларын қорғады. Барлығы 8 млн 576 мың теңге болатын қаржымен олар өз кәсіптерін бастап кетті. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-ның «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 4 азамат 19 млн теңгеден астам қаражат алып, мал басын көбейтуде. Жалпы ауылда жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында кәсіпкерлер мен соған жаңадан ниет етіп отырған тұрғындарға барынша қолдау білдіріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз, – дейді ауылдық округ әкімдігінің әдіскері Жанар Оралбаева.

Мемлекеттік бағдарламаның жәрдемімен өз кәсібін ашқан ауыл тұрғынының бірі – көпбалалы ана Бақтыгүл Қабылова. Ол былтыр қараша айында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында конкурсқа қатысып, 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтыпты. Қазір ауылды нан және кондитерлік өнімдерімен қамтып, ауылдастарының сұранысын өтеп жүр.

– Негізгі мамандығым – технолог, яғни, тамақ өнімдерін ұйымдастыру бойынша білім алғанмын. Бұрыннан үй жағдайында тандыр нан пісіріп келдім. Ал осы мемлекеттік бағдарлама жайлы естіп, жобаға қатысқан соң оның тиімділігіне көзім жетіп отыр. Ұтқан қаржыға қажетті пеш, басқа да керектілерді түгендеп алдым. Қазір ауылдағы түрлі отбасылық мерекелерге не болмаса ас берушілерден тапсырыс алып отырмын. Мысалы, бір күнде 200 бөлке нан пісіріп, сондай-ақ түрлі тәтті, торт дайындаймын, – дейді кәсіпкер келіншек.

Иә, көргеніміздей, жылдан-жылға ауыл ажары кіріп келеді. Ел еңсесін көтеруде мемлекеттік бағдарламалардың септігі жоқ емес. Соның арқасында қыруар жұмыс атқарылып, Сырдағы көп елді мекеннің келбеті адам сүйсінерліктей кейіпке енген. Соның бірі – біз көрген Нартай ауылы. Расымен, қаланың қажетін өтеп беріп отырған ауылдағы ағайынның жай-күйі жақсарса, одан артық қуаныш бар ма?! Ауыл көркейген сайын ондағы адамдардың да кеудесін қуаныш билейтіні анық дүние ғой…

                Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<