Бапталса бақша береке

1609

0

Бала күнімізде бақшаның берекетін көріп өстік. Көктем туа күн жылт етісімен ауыл біткен кетпенін қайрап, тырмасын дайындайтын. Сондағысы ала жаздай еңбек етіп, қыстағы нәпақамды ертерек қамдайын деген ойы ғой. Кішкентай болсақ та осындай дала еңбегіне біз де араласатынбыз. Қауын-қарбыз, асқабақ тұқымын дайын ұяға тастап, көктемде себілген тарыны жаз бойы торғай дейтіннен қорушы да – біз секілді балалар.

Жаз туысымен қарықталған жердің бойын пәлек басатын. Пәлек дегеніміз – сол қауын-қарбыздың жапырақ жайған түрі. Сол пәлектің арасында не жоқ дейсіз? Ерте пісетін жәмбілше, әңгелек, сарт қауын, шытырлақ, қазақы қауын, қара күләбі, ала қарбыз, қызыл асқабақ пен сәлде асқабақ.  Тіпті қара күзде жейтін, 90 күн дегенде әзер қызаратын қара қарбыз да жаз бойы бауырын сызға төсеп жатады.

Бұлардың өз жауы бар. Қарға. Кәдімгі сүйкімсіздеу көрінетін қара қарға. Ала қарғасы да жүр. Ара-тұра бұларға ала қанат сауысқан да қосылады. Ал тарының жауы торғай екенін әлгінде ғана айтып кеттік. Міне, осындай көзге көріне бермейтін, бірақ жауапкершілігі аса үлкен «қорықшылық» дейтін жұмысты мойынға жегетін тек бала-шаға еді.

Қазір ауылда бақша егетіндер аз. Тіпті  жоқ десек те болады. Бәлкім, оның бір себебі судың аздығы шығар. Бірақ су аз деген сылтауды кейінге ысырып, белуардан бейнет кешіп жүргендер жоқ емес. «Барымен базар» етіп, бақшасын гүлдендіріп жүргендер біздің Сыр бойында жетерлік.

Жақында ғана жағымды жаңалық естідік. Былтыр ғана аймақтағы ауыл шаруашылығы бойына «Ең үздік аудан» атанған Қармақшы өңірі биыл бақша егуді көбейткен. Рас, аудан экономикасына оң әсерін тигізетін күріш дақылын егу тоқтамайды. Бірақ қазіргі дария деңгейі төмен кезде суды аз қажет ететін егіс егу мәселесі өте өзекті.

Иә, қармақшылықтар бақша егуге басымдық  бере  бастады. Аудан әкімдігі мен жергілікті шаруашылық басшыларының қолдауымен агроаймақ құрылып, ең қажетті деген бақша дақылдары егілген.

Мысалы, бүгінгі күнге дейін су тапшылығын көріп келген Алдашбай ахун ауылында жергілікті шаруашылық «Майлыөзек-Қуаңдария» №1 учаскесіне механикалық насос орнату арқылы 310 гектар жерге жаңа жоңышқа сеуіпті. Ал әлгінде айтқан агроаймақтан 76 отбасыға 35 гектар егістік жер беріліп, бақша егілген. Сондай-ақ осы ауылда жабынды астына өсіру (подпленка) арқылы су үнемдеу технологиясын пайдаланып, қауын-қарбыз өсіруді қолға алған. Бұның өзі 5 гектар алқапты алып отыр. Алды құлақтанып қалған қауын мен қарбыз шілде айының басында өнім бере бастайды.

Алдашбайлықтар мұнан өзге 7 гектар картоп, 2 гектар жуа, 4 гектар сәбіз, 2 гектар қырыққабат еккен.

Дәл осындай үрдіс 2 жарым мың халқы бар ІІІ Интернационал ауылында да жалғасын тапқан. Елдегі ең ірі бір шаруашылық еккен 2000 гектардан астам күріштен бөлек, бақша егу дәстүрі мұнда да кеңейіпті.

Атап айтсақ, ауыл маңынан дайындалған агроаймақтан 107 отбасы түрлі-түрлі дақыл егуді бастап кеткен. Барлығы 53 гектар жерге қауын-қарбыз, асқабақ, картоп пен жуа, сәбіз бен қырыққабат сияқты бақша өнімдерін мол төгіпті. Әсіресе, ауыл тұрғындары «екінші нан» саналатын картопты көбірек егуді қолға алған. Барлығы 16 гектар жер осы дақылға тиесілі.

Қазір бұл бағыттағы жұмыстар аудан бойынша барлық елді мекендерде жүргізілуде. Бұған дейін де Ақжар, Жаңажол ауылдарындағы шаруашылықтар бақша дақылдарын өндірістік негізде өсіріп келеді. Биыл да аталған шаруашылықтар бұл жұмысты тоқтатпайды. Жергілікті биліктің бастамасымен қолға алынған бақша егістігін арттыру өңірдегі азық-түлік бағасына да оң әсерін тигізері сөзсіз. Көкөніс пен картоп-жуасының өзінен шыққаны, ішкі нарықтың жергілікті өніммен қамтылуы бағаны тұрақтандыруға бірден-бір себеп болары анық емес пе?

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<